15743742

ШҰҒЫЛ: Пәтер жалдау ақысының 80 процентін мемлекет төлейді

Жаңалықтар Экономика
11 / 100

«Бәйтерек» холдингі пәтер жалдау ақысының 80 процентін мемлекет есебінен өтеу тетігі қашан енгізілетінін мәлімдеді. Оны іске асыруды президент өткен жылғы жолдауында тапсырған болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаевтың айтуынша, бүгінде баспана кезегінде тұрған 548 мың адамның ішінде 195 мың адамның ай сайынғы табысы күнкөріс деңгейінен де төмен болып тұр. Басым бөлігі – көпбалалы, жетімдер мен мүгедек баласы бар отбасылар. Олар ипотеканы төлей алмайды. Сондықтан осы санаттағы адамдар үшін үйді жалға алу төлемінің бір бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі.

«Бірыңғай оператор – Қазақстанның тұрғын үй компаниясы жекеменшік құрылыс компанияларымен келісім жасап, жалға берілетін үйлердің тізімін жасайды. Сосын жаңағы санатқа кіретін адамдардың арасында үлестіреді. Ал Отбасы банк ай сайынғы төлемнің 80 процентіне дейін өтейді», – деді Омарқожаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру үшін 10 кодекс пен 18 заңға өзгеріс енгізу керек. Оған біраз уақыт кетеді.

«Біздіңше, осы жылдың аяғына дейін өзгерістер енгізіледі», – деп түйіндеді Омарқожаев.

Тоқаевтың тапсырмасы

Өткен жылы мемлекет басшысы жолдауында арендалық төлемді субсидиялау тетігін енгізуді тапсырған болатын. Онымен әкімдіктің баспана кезегінде тұрған мыңдаған адам қамтылады деген жоспар бар. Президенттің айтуынша, қаржыны тек құрылысқа ғана емес, арендалық төлемді субсидиялауға да бағыттайтын кез келді. Оны іске асырса, бірден 100 мыңнан астам отбасы нақты көмек алады.

Тоқаев баспананы арзандатудың жолын ұсынды 

Артынан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жаңа бастаманың негізгі талаптарын жариялады. Бірақ бұның барлығы әзірше жоба ғана. Оны әлі де талқылайды. Ал жыл соңына дейін нақты шешім шығарылады деген жоспар бар.  

Қазіргі жоба бойынша арендалық төлемнің 70-80 проценті бюджет есебінен өтеледі. Жалға алынған баспанаға қатысты талап та болады. Атап айтқанда, арендалық үйдің ауданы 40-80 шаршы метр болуы шарт. Ал отбасының табысы әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 32 668 теңгеден аспауы тиіс.

Демек, бір үйде төрт адам болса, барлығына есептегенде жалпы табыстың көлемі 130 668 теңгеден артық болмауы қажет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған