
Жас аналарға “ақ орамал” тақты
Атырауда Алғыс айту күніне орай “Алтын шаңырақ” аналар кеңесі перзентханаға келіп, жас аналарға алғыстарын жеткізді. Әннен шашу шашып, сый-сияпаттарын табыс етті.
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы “Аналар шаңырақ” аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Атырау қалалық перзентханасында “Қайырымдылық керуені” акциясы өткізілді.

Әдемі ән шашумен жас аналарды перзентхана залында қарсы алған кеңес мүшелері ақжарма тілектерін жаудырып, еліміздің демографиясына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Әр ұлт өкілдері қазақ тілінде шынайы лебіздерін жеткізсе, әжелер бөпелердің ұйқысы тыныш болсын деген ниетпен сәбилерге “бесік жырын” орындап берді. Қазақ ертегілерімен сусындап өссін деген ниетпен ертегі кітап табыс етіп, жас аналарға “ақ орамал” тақты.
-Біз сіздерге ризамыз. Дүниеге сау ұрпақ әкелу дегеніміз — қазақ елінің дамуына қосқан үлестеріңіз. Сондықтан, сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сәбилеріңіздің ұйқысы тәтті болсын, ата-ананың денсаулығы мықты болсын, — деді Атырау облысы ҚХА “Алтын шаңырақ” Аналар кеңесінің төрайымы Жанар Әбіш.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген автор