Жарнама
Жаңалықтар

ЖАРТЫ ЖЫЛДА ЖАҚСЫ НӘТИЖЕМІЗ БАР

 Жаңа жобаларға – қолдау

Алғашқы кезекте талқыланған «Мәслихаттың 2013 жылғы 9 желтоқсандағы «2014-2016 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешіміне» өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне» қатысты баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева облыс бойынша бюджеттің кіріс бөлігін 2,5 миллиард  теңгеге өсіру жоспарланып отырғандығын атап өтті.

Жалпы, кең көлемде жүргізіліп жатқан жұмыстарға қосымша қаражат бөлу секілді жайттармен кеңінен таныстырып өткен баяндамашының ұсынысы бірауыздан қолдау тауып, шешім қабылданды. Айта кетелік, бұл бағытта мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы мен құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлер жұмысын жандандыру, дәрігерлік және фельдшерлік пункттер салу сынды әлеуметтік жұмыстармен қатар, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының көкөністерді қайта өңдеу және консервілеу жобасына да қолдау білдірілді.

Олар – облыстың Құрметті азаматтары

Елі үшін еткен еңбектің еленгені қашан да бақытқа кенелтеді. Сессия отырысында әр салада қызмет атқарып, экономикалық көрсеткіштердің жақсара түсуіне игі ықпал еткен төрт азаматқа облыстық мәслихат шешімімен «Облыстың Құрметті азаматы» атағы берілді.

Солардың бірі – облыстың медицина саласына зор үлес қосқан сала ардагері Құмарғали Түсіпқалиев. «Бүгінгі маған көрсетілген құрметке алғысым шексіз. Тұтастай алғанда, бұл медицина қызметкерлерін, соның ішінде фармацевтика саласындағы қызметкерлерді қолдау деп білемін» деген ақжарма алғысын жекізген марапат иесі зейнет жасына жетсе де, қоғамдық негізде өз саласының алға басуына септігін тигізер игі іске мұрындық болып отырғанымен де — өзгелерге үлгі.

Ал, темір жол саласында сан жылдар еңбек етіп, темір жол тораптарының салынуына өзіндік үлесін қосып, экономикалық ахуалдың алға басуына ықпал еткен Юрий Неклюдов толайым табыстың бастауы адал еңбекте екенін атап өтіп, өзіне көрсетілген құрмет үшін шынайы алғысын жеткізді. Сонымен қатар, коммуникация саласының дамуына үлес қосып, қырық жыл осы салада қызмет еткен Асау Ыбырашев пен Кеден саласының алғашқы полковнигі, еңбек ардагері Мұрат Өтешов те мәртебелі атақтың иегерлері атанды.

Өз кезегінде аталған азаматтарға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы төсбелгісін табыстап, құттықтау тілегін білдірді. 

«Өздеріңізге белгілі, таяуда ҚР Премьер министрі Кәрім Мәсімов бастаған арнайы топ облысымызда болып кетті, — деді облыс әкімі сессия барысында – Үкіметтік топтың іссапары барысында еңбек заңдылығы жөнінде мәселе қаралып, мұнай саласындағы жұмыстар сараланған үлкен жиын өтті. Үкімет басшысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы, әлеуметтік жағдайлар жөнінде мағлұмат алып, облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Осындай көрсеткіштерге жетуімізге депутаттардың қосқан үлесі зор» дей келе, халық қалаулыларының қызметтеріне толайым табыс тіледі.   

Бірлескен форумға дайындық қалай?

Аймақ басшысының айтуынша, Атырау облысы жарты жылды  жақсы көреткіштермен аяқтауда. Бюджет қаржысын игерудегі алты айлық мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша бірінші орындамыз, көрсеткішіміз 99,9 пайызды құрайды.

Сол секілді облыс әкімі күн тәртібіндегі мәселелермен қатар, Атырау төрінде өтетін Қазақстан-Ресей бірлескен форумына дайындық барысын да қадағалау қажеттігін баса айтты. «Бұл бағытта жасалуы тиіс жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асуда. Қажетті қаражат бөлініп, әуежайдан қалаға дейінгі жол, Сәтбаев көшесінің бойы түгелдей жөндеуден өтті. Жиналыс өтетін ғимарат құрылысы, көрме залы да қарқынды түрде бой көтеруде. Десек те, алда әлі атқарылуы тиіс жұмыстар сан алуан» ,- деді. Сонымен қатар, облыс басшысы ауылдарды дамыту мәселесін де күн тәртібінен түсірмей, депуттатар назарында ұстау жөнінде айтып өтті.

Үлкен іске үлес

Аймақ басшысы өз сөзінде бүгінгі сессия жұмысына арнайы қатынасқан 1992-94 жылдардағы облыс әкімі лауазымында қызмет атқарған Сағат Түгелбаевтың қазіргі таңда жырақта жүрсе де, Атырау өңірі үшін маңызды саналатын іс-шараларға ықпал жасап, әрдайым қолдау танытып келе жатқандығын да ерекше атап өтті. «Өңір үшін аса қажетті саналатын үлкен өлшемді аса ауыр металл құрылғыларын жасайтын зауыт, модульді үй жасайтын фабрика сынды маңызды жобалар да Сағат Қашқынұлының қолдауымен қолға алынуда. Бұдан басқа, менің өтінішім бойынша Атырауда құс етін шығаратын өндіріс орны да қолға алынуда, бұл бастамаға да С.Түгелбаев көмектесуде», — деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов.  

Облыстық мәслихат депутаты Саламат Дүйсенғалиевтің төрағалығымен өткен сессия барысында облыстық тексеру комиссиясының, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының және облыстық мәслихат депутатын сайлау жөніндегі №24 округтік сайлау комиссиясының мүшелерін тағайындау туралы мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Қорытындысында кезекті сессия төрағасы болып №27 сайлау округінің депутаты  Юрий Кустадинчев сайланды.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button