Ғарыштағы қоқыс жерге түссе, қайтеміз?

1073bacc78affdc8fbfec746b2887f6a resize w 520 h Жаңалықтар

Жиырма бірінші ғасырдың ғалымдар алдына тартып отырған тағы бір проблемасы – ғарыштағы қаптаған қоқыс. Олардың саны жыл санап артып келеді. Мұндай ахуал Жер орбитасында жұмыс жасайтын жабдықтарға қатты қатер төндіріп тұр. Адамдар да аспанға абайлап қарайтын болды.

1073bacc78affdc8fbfec746b2887f6a_resize_w_520_h_

Көктегі қақтығыс таң қалатын тосын жай емес, күнделікті көрініске айналуы ықтимал. Өйткені, мұнда екі мыңнан аса түрлі құрылғылар ұшып жүр. Олардың кейбірінің қызметі әлі қажет. Ал, бірқатары әлдеқашан қатардан шығарылған. Бірақ, ғарыштағы қоқыстар санын көбейтіп, Жер орбитасы төңірегінде қалып қойған.

Міне, солардың соқтығысы жиі орын алады. Мәселен, 1996 жылы француздың Cerise спутнигі өздерінің жұмысын тоқтатқан Arian зымыранымен қақтығысты. Сөйтіп, өзі де қажетсіз болып қалды. Ресейдің «Экспресс-АМ 11» спутнигі де 2006 жылы аспандағы басқа құрылғымен түйіскен. Эквадор елі де бірінші рет спутник ұшырған екен, онысы 2013 жылы көк жүзінде істен шықты. Мұндай мәліметтерді көптеп келтіруге болады. Егер ғарышта қазақстандық KazSat 2 және KazSat 3 байланыс құралдары бар екендігін ескерсек, олар да қатерден ада емес.

Рас, көктегі қалдықтар Жер бетінің жоғарғы қабатынан 36 мың км қашықтықта секундына үш шақырым жылдамдықпен қозғалып жүр. Олардың бағытын мыңдаған маман бақылауда. Әйтсе де, о баста осы ескі спутниктер мерзімі біткен соң атмосферада өздігінен жанып кетуі керек еді. Мүмкін, бірқатары отқа оранған шығар. Бірақ, қазірдің өзінде басқарусыз қалған мыңдаған жабдықтың төбемізден төніп тұрғаны жақсы емес. Адамзат аспанды да әбден ластады. Бұрын жердегілер көктен жауар зауал ретінде метеориттер мен кометалардан қорықса, енді өздері ұшырған спутниктерден де сескенеді. Қазақ жеріне «Протон» қалдықтарының құлағаны да жеткілікті. Соның салдарынан жүздеген гектар жер уланып, бірнеше тонна зымыран жанармайы жайылды. Жайылымдар мен шабындықтар бүлінді. Ал, елді мекеннің үстінен топ ете түссе, қанша адам тіл тартпай кетер еді?

Американдық астронавт Эда Уайт ашық ғарыш кеңістігіне шыққанда қолындағы қолқабын түсіріп алыпты. Қазір ол сонда қалықтап жүрген көрінеді. Тіпті фотоаппарат, қысқаш, кілт, тіс тазалағыш, түрлі құралдар салынған шағын жәшік, тағы басқа күнделікті тұрмысқа қажетті нәрселерге де көктен орын табылыпты. Бұлар – он жылдан аса уақыт ішінде «Мир» стансасынан тасталған қоқыстар.

Ал, ғарышқа бірінші болып қалдық қалдырған кім? Американдықтар екен. Олардың 1958 жылы ұшырылған Vanguard-1 спутнигі алғашқы ғарыш қалдығы саналады. Оған да, тура 60 жыл толған екен. Мұхиттың ар жағындағылар атап өтер ме екен? Әй, қайдам. Өйткені, американдықтар содан кейін де көкті ластауын тоқтатпаған. Мәселен, НАСА мамандарының тұжырымдауынша, олардың осы спутнигі әлі 240 жыл аспан әлемін шарламақшы. Одан бұрын, яғни, 1957 жылы 4 қазанда көкке көтерілген кеңестік «Спутник-1» кейін атмосфераның қалың қабатына еніп, өздігінен жанып кеткен-ді.

Статистикалық деректер көрсетіп отырғанындай, ғарышты ластаушылардың көшін Қытай бастайды. Бұлардың үлесі 40 пайызға тең. Одан кейін АҚШ 27,5 және Ресей 25,5 пайыз көрсеткішке ие. Рас, соңғысына кеңестік кезден қалған қоқыс қосылады. Өзгелерінің де азды-көпті дүниесі көкте жүр. Біздің де 2006 жылғы қазанда ұшырған байланыс спутнигіміз сонда.

Жалпы, ең ірі ғарыш қоқысы ретінде «Мир» стансасы аталады. Ол 2001 жылы 23 наурызда Тынық мұхитына батырылды. Қазір айдың астында салмағы жүз тоннадан асатын алып аспап жатыр. Сонау көктен келіп құлағанда көтерілген толқын биіктігі қанша болды екен, сонда?!

Аспан денелерінің қауіптілігі – олар бір-бірімен соқтығысқанда ұсақ бөлшектерге бөлінуі. Сөйтіп, саны да өсе түседі. Бәзбіреулер осындай қақтығыс салдарынан көлемі кеміп, әсері азаятындығын айтады. Бұл – қате пікір. Көктегі кішкене ғана нәрсенің өзі-ақ айналасына үлкен қатер төндіреді. Мәселен, 1983 жылы американдық «Chellenger» кораблі көлемі бір миллиметрден де аз затпен түйіскенде терезесі шытынап кетіпті. Кейін оларға 70 мәрте әйнек ауыстыруға тура келген. Американдық әуе кемелерінің осал тұсы осы болғаны ғой. Немесе, көлемі небәрі екі-ақ миллиметр болатын бұйым скафандер киген астронавттың денесін тесіп өтеді екен. Қорқынышты емес пе?

Аспан әлемі осындай қауіп төндіріп отырғанда жердегілер одан қорғану шараларына бас қатыруда. Мамандар бүгінде ғарышта ұшып жүрген қалдықтардың қаншасы өздігінен жанып кететінін, нешеуі басымызға топ ете түсерін айта алмайды. Сондықтан, аспан әлеміне алаңдауға тура келеді.

Әйтсе де, ғалымдар да қол қусырып отырған жоқ. Мәселен, жапондар көк кеңістігін металлдан жасалған ауқымды аумен тазалауды ұсынады. Ол қалдықтарды жинап, атмосфераның қалың қабатында жанып кетуіне септігін тигізер еді. Ал, американдықтар жақын ғарыштағы бұлттарды кішкене бөлшектерге кескен жөн екенін айтады. Олар 10-15 жылдан соң Жердің жоғарғы қабатына айналар еді. Сөйтіп, ғарыш қалдықтарымен бірге біртіндеп төмендеп, атмосферада жанып кетуі тиіс. Тағы бір жоба ғарыш қалдықтарын ядролық сәуле күшімен жоюға арналған.

Алайда, осы бастамалардың ешқайсысы да әзірге басымдыққа ие болған жоқ. Өйткені, бәрі де сынақтан өтпеген. Бәрі де – қағаз жүзінде ғана айтылып жатқан ұсыныстар. Бел шешіп кірісуге ешкімнің тәуекелі тұрар емес. Бәзбіреулер зеңбіректің аузын аспанға қаратып, ғарыш қалдықтарын аңдып тұру керектігін де айтқан. Күлкілі тәрізді, әрине. Әйтсе де, ақыры өзге баламалы бастама болмаса, кейбір мемлекеттер мұны да қолға алатын шығар.

Аспан әлемі жауабы табылмаған жұмбаққа толы екендігі мәлім. Бізден өзге планетада өмір бар ма? Оларды тіршілік иелері мекендей ме? Қазір фантастикалық фильмдерде солардың жердегілерге шабуыл жасайтыны, арада қанды қақтығыс болатыны көрсетіліп жүр. Әрине, бұл қиялдан туған шығармалар ғой. Дегенмен, «ұшатын тарелканың» құпиясын кім ашар? Оны Жер шарының әр жерінде бір емес, бірнеше адамның көргені жалған ба? Солар да аспаннан сау ете түсер ме екен?

P.S. Қорыта айтқанда, адамзат өз қолымен жасаған  нәрсесінен енді өзі сескеніп отыр. Аспан әлеміне ұшырылған сансыз спутниктер басқарусыз қалып, жаппай жерге құлауы ықтимал. Кезінде КСРО мен АҚШ арасындағы жағдай ушыққанда екі алып мемлекет бір-біріне көктен соққы беруге ұмтылғанын аға ұрпақ ұмытпаған шығар. Қазір де ғарышта барлау қондырғылары ұшып жүр. Демек, көк жүзінен төнер қатер бар.

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз