Жарнама
Жаңалықтар

ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖАЛҒАСАДЫ

— Киелі Атырау өңірінің дамуы – қашан да Елбасының назарында. Өйткені, Атырау – еліміздің батысы ғана емес, бүкіл экономикамыз үшін маңызы зор өңір. Бақтықожа Салахатдинұлы осы өңірде төрт жылға жуық қызмет етті. Тәжірибесі мол, білікті ұйымдастырушы тұрғысында өзін жан-жақты көрсетті. Әлемдік нарықта мұнайға деген бағаның күрт кеміп кеткеніне қарамастан, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны төмендеген жоқ. Шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша көп жұмыстар атқарылды. Сондықтан, Бақтықожа Салахатдинұлына зор еңбегі үшін алғыс айтып, жаңа қызметіне сәттілік тілеймін, — деді Кәрім Қажымханұлы актив жиналысында.

Бұдан соң мінбеге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов көтерілді.

— Тағдыр тартуымен тағы да Астанаға оралдым. Тағы да аса үлкен мәртебелі жұмысты сеніп тапсырып отырған Елбасына, «Нұр Отан» партиясына рахметімді айтамын. Үш жарым жылдан астам уақыт орталарыңызда, жандарыңызда, қастарыңызда жүріп қызмет жасадым. Сол уақыттың ішінде Елбасының тікелей басшылығымен, Үкіметтің қолдауымен біз біраз шаруаларды бітірдік.  Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Мен сіздердің алдарыңызда тағы да Елбасының тапсырмасын қолымнан келгенше адал атқаруға уәде беремін. Қай уақытта да  Атырау облысының серпінді дамуы тоқтамайтындығына сенемін, — деді ол. 

Үкімет басшысы тиісті заңға сәйкес, актив жиналысы алдында Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өткендігін және онда Мемлекет басшысының ұсынысымен облыс әкімі лауазымына Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың  кандидатурасын ұсыну мәселесінің талқыланғандығын айтты. Ол облыстық мәслихат депутаттарының кандидатураны бірауыздан мақұлдап, қолдағандығын және бұл шешімнің Елбасына хабарланғандығын, өз кезегінде Президенттің жаңа тағайындауға қол қойғандығын мәлімдеді.

 Кәрім Қажымханұлы жиынға қатысушыларды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Нұрлан Асқарұлы Ноғаевты Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындау жөніндегі Жарлығымен таныстырды. 

—  Нұрлан Асқарұлы Сіздерге жақсы таныс. Алыстан келген жоқ. Осы өңірдің мәселелерін біледі. Облыс басқарудағы, мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі мол. Сондықтан, аймақтағы жұмыстарды әрі қарай ойдағыдай жалғастырады деп ойлаймын, — деп жаңа әкімнің қызметіне табыстар тіледі.

Бұдан кейін жаңадан тағайындалған облыс әкімі Нұрлан    Ноғаев сөз алып, көрсетілген зор сенім үшін Мемлекет басшысына өз ризашылығын айтты. Ол  өзінің жинақтаған тәжірибесін, білімі мен біліктілігін Атырау облысындағы әріптестерімен, депутаттық корпуспен бірлесе отырып, Елбасының алға қойған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру жөніндегі міндеттерді жоғары деңгейде шешуге жұмсайтындығына сендірді.

Активке қатысушылар алдында еңбек ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев сөз алды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қанатты сөзді мысалға алған ақсақал облысты басқарған төрт жылға жуық уақытта Бақтықожа Салахатдинұлының үнемі халыққа жақын болып, олардың мұң-мұқтажын шешуге жұмыстанғандығын, әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асырудағы еңбегінің ерекше екендігіне тоқталып, ризашылығын айтты, жаңа әкімнің  қызметіне табыс тіледі.

Есен Тасқынбайұлы Үкімет басшысының қаперіне екі мәселені ұсынды. Оның бірі – республикалық маңызға ие Ақтөбе — Атырау –Астрахан автожолының күрделі жөндеу жұмысын тездетіп шешуге ықпал ету, екіншісі – Атырау қаласындағы жер асты суын төмендету мәселесі.

– Соңғы жылдары облыс орталығының жартысы еріген қар суы мен нөсер жауынның астында қалып, тұрғын үйлер құлап, тұрғындарды біраз әбігерге салды. Сондықтан, қалаға дренаж жүйесін орнатпай, бұл күрмеуі қиын мәселені шешу мүмкін емес. Осыған Үкімет тарапынан қолдау мен көмек қажет болып тұр, -деді ардагер Е.Тасқынбаев.

Премьер-министр К.Мәсімов бұл  мәселелерді өзінің назарында ұстайтындығын айтты.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суретті түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button