Жарамсыз лифтіге жауапты кім?
«Алмагүл ықшамауданындағы 16 қабатты тұрғын үйде істен шыққан лифтінің шахтасына екі бірдей жасөспірім құлап, қайтыс болды» деген ақпарат лезде таралып, әлеуметтік желіде қайғылы жағдайға байланысты алуан пікірлер айтылды.
Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл брифинг өтіп, қала әкімі аппаратының төтенше жағдай және әскери-жұмылдыру жұмысы бөлімінің басшысы Талғар Хабибуллин былай деп мәлімет берді:
– 21 мамыр күні түнгі сағат 23.30-да жүк тасымалдауға арналған лифтінің шахтасына 14 жастағы бала құлап, көз жұмған. Ал, құлаған 15 жастағы екінші бала облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде 22 мамырда сағат 01.08-де қайтыс болды. Жүк тасымалына арналған лифт істен шығып, жарамсыз күйде тұрғанына біраз уақыт болған. Қазіргі таңда оқиға бойынша комиссия құрылып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оқиға Алмагүл ықшамауданындағы №19 үйдің 15-ші қабатында орын алды. Бұл үйдің жүк тасымалдауға арналған лифтісі 2012 жылы жарамсыз болуына байланысты демонтаждалған. Бірақ, ажал құшқан балалардың кабинасы жоқ лифтіге қалай кіріп кеткені белгісіз. Жарамсыз лифт болса, оның есігіне неге арнайы белгі қойылмаған? Бұл жерде тұрғындарға қызмет көрсететін «Каспий лифт» мекемесінің жауапкершілігі қандай? Сұрақ көп. Жауап?
Осы қайғылы жағдайға байланысты құзырлы органдардың пікірін білмек болғанымызда, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандарынан «әзірге тергеу амалдары аяқталмай ресми жарияланған мәліметтен басқа ешқандай ақпарат бере алмаймыз» деген жауап алдық.
Жедел сөз
Жақсылық ӘДІЛЕТ, «Каспий лифт» ЖШС механигі:
– Қайғылы оқиға болған №19 үйде екі лифт орналасқан. Оның жұмыс жасап тұрған біріншісіне біз жауап береміз. Ал, істен шығып тұрған жарамсыз лифтіге кімнің жауапты екенін білмедім. Өзімнің қызметке тұрғаныма үш ай ғана уақыт болды. Бұдан артық ешқандай ақпарат бере алмаймын.
Айгүл ЕСЕНҒАЛИЕВА, оқиға болған Алмагүл ықшамауданындағы №19 үйдің тұрғыны:
– Бұл лифтінің істен шыққанына көп болды. Бұрын жоба бойынша екі лифт болса, біреуі – осы жүк лифтісі. Барлығы біздің қаражатымызға жасалды. Екінші лифтіні алып тастады. Есіктерінің барлығын дәнекерледі. Бірақ, шахтасы сол күйі қалып қойған. 15-ші қабаттағы лифтінің есігі неліктен ашық қалғанын түсіне алар емеспін. Балалар осы есіктен құлап кеткен секілді.
Лифтінің жыры бітер емес. Мәселен, №22-23 үйдің тұрғындары да бір айдан бері мердігер мекеме «Каспий лифт» ЖШС—нің қызметіне шағымданып келеді. Ай сайын төлемақысын лифт жасамаса да уақытылы төлеп келген тұрғындар осы оқиғадан кейін ашулы.
Аталмыш тақырып аясында осы және өзге де сауалдарға таяу арада тағы да қайта оралатын боламыз.
Майра Сейітқалиқызы