«Жарқыра»
Атырау қаласы мен Жылыой ауданында Орталық Азияның Еуразия Қоры «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асатын «Жарқыра» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша үздік жобалар иелеріне грант сертификаттарын тапсыру салтанаты өтті.
Ұйымдастыру комиссиясына өзекті мәселелерді шешуге арналған 72 бизнес жобасы түскен. Байқаудың бірінші айналымында сарапшылар 25 үздік жұмысты іріктеді. Содан соң, қаржылық қолдау көрсету үшін алты жобаны таңдап алды. Грант қоры 18,6 млн. теңгені құрайды. Сарапшылар үздіктерді іріктеуде әлеуметтік маңыздылыққа, оны шешу жолының тиімділігіне аса мән берді. Жоба авторлары кәсіби бизнес кеңесшілердің көмегімен бәсекеге қабілетті бизнес-жоспарлар деңгейіне дейін жеткен.
— Мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы қыздарды, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі қыз балаларды қысқа мерзімде оқыту арқылы жұ-мысқа орналастыруды ұсынып отырмын. Мақсатымыз – жұмыссыздықты азайту, шағын кәсіптің дамуына үлес қосу. Аз қамтылған отбасылар әлеуметтік шаштараз бен тігін цехтарындағы жеңілдіктерді пайдалана алады, — дейді жеңімпаз Айгүл Мақтаубаева.
Бағдарлама басшысы Айгүл Тағатованың айтуынша, жоба тұрғылықты мекен еткен жерін жақсы көретін, оны жақсартуға ұмтылатын тұрғындарды қолдауға бағытталған. Ондай іскер, мейірімді адамдар көпшілікке үлгі болып, әлеуметтік кәсіпкерлік өмір нормасына айналуы тиіс. Шағын бизнес – елдің гүлденуінің негізі, ал, әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл бизнес және көмек.
«Жарқыра» жобасының өз қаласының дамуына үлес қосқысы келетін, оны көркейтуге тырысатын азаматтарға да ықпалы зор. Ол әлеуметтік мәселелерді шешетін кәсіпкер-лік ойлау қабілетін дамытады, сонымен бірге адал бәсекелестікке тірек дайындайды. Ұлыбритания отыз жыл, Ресей Федерациясы он жыл жүзеге асырып келе жатқан бұл бастама біздің елімізде алғаш рет қолға алынғалы отыр.
Өз тілшіміз.