Жар болып жатқа кеттің бе, қалқам…
Қазіргі қоғамда қазақы түсінікке жат, қарапайым пенденің миына сыймайтын небір «ғажайыптардың» куәсі болып жатқанымыз өтірік емес. Азаттығымызға тәубе айтып, бейбіт аспанға бас шұлғып шүкіршілік етіп отырғанда бойымызға білінбей дендеп келе жатқан бірқатар дертті аңғармай қалған жоқпыз ба? Діни экстремизм сойқандары, педофилизмнің асқынуы, сәби өлтіру синдромы секілді алапат қасіреттердің қасында біз қозғағалы отырған тақырып ойыншық болып қалуы әбден мүмкін.
Жуырда ғаламторды ақтарып отырып, қаптаған статистикалық мәліметтердің арасынан жолыққан мына бір факт жанымды түршіктірді. Орталық неке сарайының мәліметтеріне сүйенсек, елімізде жыл сайын 100 мыңға тарта неке тіркелетін болса, соның 20 пайызы – аралас неке. Оның басым бөлігі – қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуы. Жаһандану дәуірінде, оның үстіне 130 ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекетімізде мұны жаға ұстатар жағдай деп санамайтын шығарсыздар. Ал, тереңіне үңіліп көріңізші. Жат ұлтқа тұрмысқа шыққан қазақ қызының жатырынан қазақ туады деп кім айтты сізге? Басынан сан сүргінді өткізіп, тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне ширек ғасыр жаңа толып жатқан, әупірімдеп саны 10 миллионнан жаңа асқан қазаққа аралас некенің не керегі бар?
Тақырыптың тарихи шегінісі
1940 жылы Кеңес одағы өзінің құрамында өмір сүріп жатқан 130 ұлтқа зерттеу жүргізіпті. «Орыстармен үйленген басқа ұлт өкілдері қанша екен?» деп, санап кеп жібергенде, бірінші орынға Латвия секіріп шыққан да, екінші орында – Қазақстан. Ел басқарған азаматтардың қуаныштан бөркі қазандай болып, бірер жылда Латвияны басып озуға ұмтылыс жасағаны жасырын емес. Кейін 1950 жылдары тың игеру кезінде елімізде аралас неке күрт өскен. 1940 жылдары 15 пайыздың шамасында болса, 1950 жылдардың соңында 23 пайызға жеткен. 1979 жылы әрбір бесінші неке аралас неке болыпты. Бір таңданарлық жағдай, 1980 жылдардың аяғында аралас неке күрт төмендеген. Тіпті, 9,7 пайызға дейін құлдырап кеткен. Бұлай болуына әсер еткен дүние – елдегі демократиялық өрлеу мен ұлттық сананың оянуы. «Кеңес үкіметі» деген алып машинаның жаншуындағы сананың сілкінуі оңай болмаса керек.
Аралас неке ақиқаты
Аралас некенің көбеюі – қоғам экономикасының және мәдениетінің жан-жақты дамуының көрсеткіші. Адамдардың материалдық және рухани қажеттіліктерінде, талғамдары мен өзара қатынастарында, әртүрлі халық өкілдерінің мінез-құлқы мен психологиясында оларды жақындастыратын ортақ белгілер қалыптасуда. Яғни, ұлтқа, текке қарап емес, материалдық ортақтастыққа, жанның еркіндігіне қарай таңдау жасау. Былайша айтқанда, патриоттық сезімге түк те қатысы жоқ жалпы адамзаттық құбылыс.
Кейбір қоғамдық ұйымдардың зерттеуіне қарасақ, 18-20 жастағы қазақстандық қыздардың үштен бірі шетелдік жігітке күйеуге шыққысы келеді. Бұл бойжеткендердің 50 пайызы қазақ қыздары. Шетелдік азаматтармен аралас неке құрушылардың 50 пайызы – ресейліктердің үлесінде. Келесі орында – Қырғызстан мен Өзбекстан. Бұл ағайындар соқа басы жұмыс іздеп келіп-ақ, қалыңсыз қазақ қыздарын құшып жатыр. Тек Астананың өзінде құрылыста жүрген түріктерден туып қалған жиендер жүздеп емес, мыңдап саналады. Түріктерге тоқалдыққа тиіп кетіп, басы сыймай қайтып келген қарындастар қаншама?! Қуанатын жағдай емес, екенін көріп отырмыз. Соңғы бір мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда тұрмыс құрмаған 350 мың қыз бар. Олардың біразы карьера қуып уақытын өткізіп алса, біразы «көк етікті кездеспей, көн етіктіні менсінбей» жүргендер. Айналып келгенде, отбасында қазақы тәрбиенің жетіспеушілігіне әкеп соғатын проблемалардың бір ұшы осында жатыр. Жеті атаға дейін қыз алып, қыз беріспейтін қазақтың бойжеткендерінің жат құшақты сағалап кетуіне отбасындағы ұлттық моральдың әлсіздігі үлкен себеп.
Тектілік феномені
Бірде Жәнібек хан ғұлама ғалым Өтебойдақ Тілеуқабылұлынан «Қандай ауруды емдеу қиын?», — деп сұрағанда емші: «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын»,-деп жауап беріпті. «Оның алдын алуға бола ма?»-деген ханның екінші сұрағына Өтебойдақ: «Болады. Жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыспауы керек. Жеті – қазақ үшін қасиетті сан»,- деген екен. Сол кезде Жәнібек хан жеті атаға дейін үйленуге тыйым салып: «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» деген жарлық шығарыпты. ДНК-ның не екенін білмеген данышпан бабалардың әлемдегі ең қаны таза ұлт санатына жатуының бір себебі осы болса керек.
Генофондтағы тағы бір түйткілге мамандар алаңдауда. Еуропа елдерінде тұқымның тексізденіп бара жатқанын байқаған генетик ғалымдар үш атадан үзілмей аралас некеден туған ұрпақтың белсіздікке ұшырайтынын анықтауда. Мұның сырын зерттеушілер – белсіз еркектер өздерінің қай ұлтқа жататындығын білмегендігімен байланыстырады. Бұл биология ғылымындағы жылқы мен есектің буданынан қашырдың дүниеге келетінін, қашырдан кейін еш ұрпақ болмайтынын еске түсіреді. Түйіп айтқанда, қандас жақын адамдардың қойындасуы мен аралас неке еуропалықтарды тұйыққа тіреуде. Соңғысы қазіргі қазақ қоғамы үшін де өте өзекті мәселеге айнала бастады. Өйткені, жат жұрттықтардың етегінен ұстаған кәсіби білікті, көптілді, көрікті қаракөздеріміздің саны жылдан-жылға өсуде. Сайып келгенде, әлемдік жаһандану бізге де ауыз салып, аралас неке қоғамға сыналай енуде. Мұндайда «жақсыны жатқа жібермеген» бабалар ұстанымы еске түседі. Сөзімізді тұжырымдасақ, қазақтың бекерден-бекерге жеті атаны сұрамайтындығы, мұның шын мәнінде генетикалық қорғаныс екендігі тиянақталады.
Шетелдіктер нені көздейді?
Сонымен, белең алып отырған жат жұрттықпен некелесудің астарында қандай себептер болуы мүмкін. Бұл жерде жүрек мәселесін алға алып жүгіретіндер баршылық. Мүмкін, махаббат дегеніңіз ұлт, жас таңдамай бара жатқан қоғамда ғашықтыққа кінә арту қисынсыз болар? Бірақ…
Қазақ қыздарына үйлену – Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай жүрген шетелдіктер үшін таптырмас тәсіл. Көздегеніне қол жеткізген соң, артына нәсілі бөлек жиендерді тастап қыр асып кеткен «күйеу балалар» туралы аңыз әр облыста өріп жүр. Алысқа бармай-ақ, шетел инвесторларының шоғырланған жері Атыраудың өзінде біз білмейтін, сыбырлап қана айтатын сорақылықтар жетіп артылады.
Ал, көңілі жарасып, қосағымен қоса ағарып кеткендердің де баршылық екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ, оларға тиген қазақ қызы да, олардан туған жиендер де ешқашан қазақтың намысын жыртпайтынына кәміл сене беріңіз. Ақыры, бұл эпидемияға қарсылық тудыра алмайды екенбіз, тыю салмағанмен, заң жүзінде қандай да бір шараларды қолға алатын уақыт жеткен сияқты. Мысал үшін айтар болсақ, түрікмендер шетелдік күйеу баладан қомақты қалыңмал талап етсе, Францияда екі француздық үйленсе, олардың балаларына кәмелет жасқа дейін ай сайын 2000 евро есепшотына түсіп тұрады екен. Ал, егер некеге тұрғандардың бірі өзге ұлт өкілінен болса, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемнен құр алақан қалады. Америкада көші-қонға жауапты орган аралас некелерді зерттеп, егер оның жалған неке екенін анықтаса, ажыратып жібереді екен.
Алты миллионға жуық халқы бар ішкі моңғолдардың этникалық құрамы қатты өзгерген. Қытаймен қаны араласпай таза сақталғаны бір миллионға жетер-жетпес. Қараңыз: өзінің ана тілі бар, көнеден келе жатқан ұйғыр текті моңғол жазуы бар, ұлан-ғайыр тарихы бар бір этнос аралас некенің нәтижесінде құрдымға бет алды. Ал, Перу мемлекетіндегі жаужүрек тайпа кечуалардың қалай мәңгүрттенгенін тарих өзі дәлелдеп отыр. Метистер құрған мемлекеттің келешегі ешқашан жарқын болмақ емес.
Әңгімені Сыпыра жыраудың толғауымен аяқтадық:
Сұңқардан сұңқар туар
саңқылдаған,
Қарғадан қарға туар
қарқылдаған…
Алты қанат үйге ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Биік-биік шыңға ұқсар.
Құл баласы құлға ұқсар,
Мал таптаған гүлге ұқсар.
P.S. Біздің мемлекетімізде неке кодексі өзге ұлттармен шаңырақ көтеруге тыйым салмайды. Исламда да ұлтқа бөлінбейді. Бірақ, осының барлығынан жоғары елдің болашағына, ұлттың тазалығына алаңдатып тұратын патриоттық сезім деген болады. Патриоттық құндылығы жоқ елдің ертеңі күмәнді. Тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін таза сақтаудың қаншалықты маңызды екендігін ұрпақ санасына қалай сіңіруге болады?
Тұтқында жатқанда еркектерін қапқа салып арқалап қашып шыққан қаһарман әйелдердің сарқыты кімдер? Біздіңше, қыз тәрбиесімен үйреншікті үгіт, жалаң насихаттан гөрі, жаңаша бір көзқараспен айналысатын уақыт жеткен сияқты. Әйтпесе, аралас некенің көбеюінен ұлт ретінде жойылып кеткен халықтар жер бетінде көптеп кездеседі. Сонша ғасыр жүгін жықпаған қазақ қалайша оңай жоқ болмақ деп бізді ақырзаманшыға санайтындар табылар. «Іштен шыққан жау жаман» дегенді де ойлап тапқан қазақ екендігін естен шығармау керек.
Аралас некелердің тұрмысында ішкі қайшылықтар мен шиеленістер де болып тұрады. Бұл ерлі-зайыптылардың және олардың ата-аналарының отбасындағы, психикалық құрылымындағы дәстүрлердегі, әдет-ғұрыптары мен халықтардың өмір үлгілеріндегі ерекшеліктермен байланысты.
Қызды ұяты, ары, ұлттың болашағы деп санайтын қазақтың намысын шыңғыртатын кез келді. Қаптаған қара қытай мен түмендей түріктің, африкалықтар мен арабтардың, т.б. толып жатқан кірмелердің қолтығында жүрген қаракөздеріміздің көпшілігі қолжаулық қана боп жүргенін мойындағымыз келмейді.
Әлия Дәулетбаева