Жарнама
ЖаңалықтарМедицинаҚоғам

Жақсының жақсылығын айт…

Atr.kz/20 маусым, 2019 жыл. Қоғамның талабы дейміз бе, уақыттың өзгерістері дейміз бе, әйтеуір, қазір кісілік пен кішіпейілділіктен ажырап бара жатқандаймыз. Сынықтан сылтау іздеп, адамдардың жақсылығын емес, кем-кетігі мен олқылығын көруге ғана құмармыз. Неге?

Біреулерге жақсы сөз айту үшін міндетті түрде оның мерейтойы немесе тағы басқа қуанышты салтанаты болуы керек. Оны да дастархан басындағы әңгімеден әріге апармаймыз. Ал, баяғы «Жаныңда жүр жақсы адам» деген айдармен басылым беттерінде еңбек адамдары мен кәсіп иелері, осы елдің азаматтары туралы жарияланатын мақалалар неге сиреп кетті?! Бар мәселе бұндай мақалаларды оқитын оқырманның аздығынан емес шығар.

Елдің азаматтарына, іс басындағы тұлғаларға шынайы алғысыңды жеткізіп, аймақтың гүлденуі мен береке-бірлігі мен әл-ауқатының жақсаруына атсалысып жүрген тұлғаларға сәттілік тілесек, қай шаруамыз олқы түсер еді?! Әрине, бұл жердегі әңгіме баспасөз құралдарында емес, қоғамның талап-тілеуінде ғой. Яғни, мәселенің мәнісі сол қоғамға мүше болып табылатын өзімізде.

Әрқайсымыз «біреуді қамауға алды, әлдекімді лауазымынан босатыпты» деген хабар шықса елең ете түсіп, соны оқып шыққанша асық болатынымыз да жасырын емес. Немесе лауазымды тұлғалар туралы жағымды сөз естілсе, жағымпаздыққа балап, көне заманның сарқыншағына балауға құмар болатынымыз тағы бар. Неге?

Міндетті түрде адамдар лауазымынан босап, әбден егделікке келіп, зейнеткерлікке шыққанда ғана алғыс естуі керек пе? Қарапайым халықтың, соның өкілдері болып табылатын өздеріміз біреуге ниетімізді білдіріп, алғыс айтсақ, мемлекеттік қызметке нұқсан келтіріп, алға басуға кедергі болмайтын шығармыз?! Қайта алғыспен ел көгерер дегендей, қазақылығымызды ұстанғандығымыз, кісілік келбетімізді көрсеткеніміз емес пе?!

Лауазымды тұлғаға алғыс айту арқылы оның да кішіпейілділігін сынға түсіру бар шығар сөз астарында. Ақылы бар тұлға алғысқа марқаяды, массаттанбайды, соған жігерленіп, елге деген еңбегі еселене түспей ме? Денсаулығы сыр беріп жүрген адам, әрине, алдымен, дәрігерге тәуелді болады. Қолданар ем-домынан бұрын, ақ халатты абзал жанның ниетіне, сөзіне арқа сүйейді ғой.

Мен ұзақ жылдар бойына медицина саласында еңбек еттім, қыр-сырын түбегейлі білем демеспін, бірақ, көптеген жағдайынан хабардармын. Кейде медицина саласының қызметкерлері тарапына айтылып жататын сындардың да неліктен орын алып отырғанын іштей пайымдап отырамын. Бірақ, осы саланың қазіргі заманғы қиындықтарына қарамастан, елге деген еңбегін аямай төгіп келе жатқан тұлғалар да жоқ емес.

Сондай-ақ, негізгі қызметімен қатар, қоғамның да өміріне белсене араласып келе жатқан сала мамандары қаншама?! Басшылық қызметте жүріп те, қарапайымдылықтан ажырамаған тұлғалар жетерлік. Мысалы, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева ханымды айтуға болады.

Қазір әлеуметтік желілер арқылы да, тікелей байланыс арқылы да қоғамның небір өткір сауалдарына жауап беруден жалтарып көрген емес. Алдына барған жанның меселін қайтарып, шаруасын шешпестен жіберген жоқ. Өзім бұған талай куә болдым. Көптеген адамның Мәншүк Құдайбергенқызына алғыс айтып жатқанын естідім. Немесе облыстық аурухананың басшысы, мәслихат депутаты Сайын Шомиров мырзаның да өз кәсібі мен қызметтік міндетін және депутат ретіндегі қоғами парызын мүлтіксіз атқарып келе жатқан жандардың бірі екендігін неге атамасқа?!

Елге қызмет ету міндеті шығар, алайда, сол қызметті қалай атқару деген де мәселе бар емес пе?! Ерен еңбегін адал атқарған азаматтарға алғыс айту әбестік пе?! Осы тұлғалардың тарапынан айтылып жатқан жылы сөздерді баспасөз арқылы жеткізсек, артық кетіп қаламыз ба?! «Өз қызметін атқарғаны үшін неге алғыс айтуымыз керек?!» деп жоқ жерде қысастық танытатындар бар шығар. Дегенмен, Алла берген мүмкіндікпен жылы сөз айтсаң, қай қазынаң ортайып қалар еді?

Қорыта келгенде айтайын дегенім, өзгенің өзегін өртер өкініштерден бұрын, өзіміздің өркенімізді өсірер жақсылыққа асық болайық. Бір-біріміздің қадірімізді түсірмейік, бағалауды ұмытпайық. Жат жанымыздан түңілсін десек, жақынымызды жабырқатпайық.

Шағия ЕСМАҒАМБЕТОВА,

денсаулық сақтау ісінің ардагері,

Махамбет ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button