Жарнама
Жаңалықтар

Жақсы жұмыс қайда бар?

Атырауда жастарды еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған маңызды қадам жасалды. «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты Атырау облыстық филиалы, Атырау облысы бойынша Еңбек мобильдігі орталығының бастамасымен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Job Fair» форматындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жастарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасау, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді тікелей байланыстыру.
Жәрмеңке барысында 50-ден астам компания өз ұсыныстарын ортаға салып, жалпы саны 500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды.

332af5cd 0b95 48ca 945b bd47852d0b66


Өңір ерекшелігіне сай мұнай-газ және химия саласындағы мамандарға сұраныс жоғары болды. Мәселен, «Силена» компаниясы 20-ға жуық вакансия жариялады. «Шлюмберже», «KazGlobalSolution» ЖШС сияқты ірі компаниялар да газ және кеме жасау саласында жаңа жобаларға кадрлар қабылдауда. Бұдан бөлек, Атыраудан тыс аймақтардағы жобаларға да жұмысшылар іздеген беделді компаниялар ұсыныстарын жеткізді.

7336df15 f314 456b 9d76 930222ff59fb


– Жәрмеңкенің ерекшелігі – тек жұмыс орындарын ұсынумен шектелмей, оның нәтижесіне де баса назар аударылуы. Яғни, қабылданған түйіндеме санына қарай соншама жас тұрақты жұмысқа орналасты. Мұның бәрі есепке алынады. Алдағы уақытта осындай шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр, — «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов.
Партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Абылай Құрметұлының айтуынша, бұл шара «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылғандықтан, басты назар жұмысшы мамандықтарына аударылды.

ac291fff 1d8a 4dd7 ae09 e4e71e4e91bd

– Жастарды әлеуметтендіріп, еңбекке тарту, олардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындауына жол ашу – біздің негізгі мақсатымыз. Жастарға кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік беру арқылы біз олар үшін «алтын көпір» болғымыз келеді, — деді А.Құрметұлы.
Компания өкілдері де жастармен бетпе-бет кездесіп, нақты талаптарымен бөлісті. Мәселен, «ҚазТрансОйл» АҚ кадр қызметінің жетекші маманы Ақбал Ғиниятова сүңгуір мамандығына қатысты бос орынды ұсынды. Ақбал Жайбергенқызының айтуынша, бұл – жауапкершілігі жоғары әрі күрделі жұмыс. Мұндай қызметке орналасу үшін арнайы техникалық немесе кәсіби білімнен бөлек, құтқару саласында тәжірибесі бар, тиісті сертификаттарға ие мамандарға басымдық беріледі.

6e17c856 b95b 446e 8db5 9e613ac93850

Жәрмеңкеге қатысқан жас түлектер де өз әсерлерімен бөлісті. Былтыр стандарттау және сертификаттау мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген Нұрберген Ойылбай қазір өзіне жұмыс іздеп жүр екен.
– Екі компания түйіндемемді қабылдап алды, алдағы уақытта хабарласады деп сенемін. Осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға ризашылығым ерекше, — деді ол.
Бұған дейінгі жәрмеңкелердің тәжірибесі көрсеткендей, көптеген жастар дәл осындай шаралар арқылы тұрақты жұмысқа орналасқан. Әрине, еңбек нарығының ерекшелігіне байланысты кейбірі жобалар аяқталған соң қайтадан біліктілігін арттыруға мәжбүр болады. Дегенмен, мұндай шаралардың жүйелі түрде өткізілуі жастардың еңбекке араласып, кәсіби қабілеттерін шыңдауына және өз орнын табуына зор ықпал етеді.
Атырауда өткен жәрмеңке – соның айқын дәлелі. Жастар үшін бұл шара жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, болашаққа деген сенімдерін арттыра түсті.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button