Президент Үндеуін жақсы нышан деп қабылдадым
Аtr.kz/31 мамыр, 2020 жыл. Кеше Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады.
Онда қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылған, айдауға түскен асыл азаматтарымызды, аштықтан қырылған миллиондаған боздақтарымызды еске алу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екендігін атап өтті. Тарихи әділдікті қалпына келтіру және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылатындығын жариялады. Осылайша, жылына бір рет еске алынатын атаулы күннің еліміздің тарихы үшін айрықша маңыздылығын айқындап берді.
Мен кәріс ұлтының өкілімін. Менің әкем тағдыр талайымен сол зұлмат жылдарда Қазақстанға жер аударылып келген. Осы жерден бақытын тапқан. Әрине, ол тарихи отанына қайтуды өмір бойы армандап өтті. Алайда, сол кезде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған олардың атажұртқа қайтуы мүмкін болмады. Ол ауыр жағдайға соқтырар еді. Сондықтан, олар осы жерге тұрақтап, Қазақстанды өз отанындай қабылдады. Әкем әрдайым «Біз бауырмал қазақ халқына қарыздармыз. Осыны ұмытпаңдар» дей келіп, үнемі татулық, көрші парызы, елдің қадірі жөнінде айтып отыратын. Қазақтың қасиетін бойларыңа сіңіріп, бауырмалдығы мен дархан мінезінен үлгі алыңдар дейтін.
Мен бүгінгі күні əкемнің осы өсиеттерін берік ұстанып, өзімнен өрбіген ұрпақтарымды осы бағытта тәрбиелеп келемін. Осы себепті Президентіміздің тарихи күнге осылайша мән беруін жақсы нышан деп қабылдадым. Қазақстан болашақта рухани дамыған елдердің қатарынан ойып тұрып орын алатынына сенімді бола бастадым.
Анатолий ЛИ,
Саяси қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы, Атырау қаласы