
Жапсарлас тұрғын үйлерден өрт шықты
2025 жылғы 17 шілде күні Атырау қаласының Сарықамыс ықшам ауданында орналасқан тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты. Оқиға сағат 14:40 шамасында тіркеліп, бұл туралы төтенше жағдайлар қызметінің «112» пультіне хабарлама келіп түскен.
Түтіннің шыққаны туралы хабар түсе салысымен, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына дереу жетіп, жедел әрекетке кірісті. Мамандардың мәліметінше, өрт жапсарлас салынған екі тұрғын үйдің төбе жабындысынан тұтанған. Қызыл жалынмен күрес барысында өрт сағат 15:28-де оқшауланып, сағат 15:53-те толықтай сөндірілді.

Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда. Оқиға орнына барлығы 19 өрт сөндіруші мен 4 бірлік арнайы техника, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының 3 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылған.
Айта кету керек, құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында өрттің жақын маңда орналасқан уақытша тұрғын үйге таралуына жол берілген жоқ. Бұл – төтенше жағдайлар қызметінің кәсібилігін тағы бір мәрте дәлелдеген оқиға болды.
Атырау облысы ТЖД өкілдері тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Кез келген бейқамдықтың соңы үлкен шығын мен қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін.