«Жаныма батқаны – қандасымның ұрғаны»
АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖАППАЙ ТӘРТІПСІЗДІК КЕЗІНДЕ БҮЛІКШІЛЕР ҰРЫП-СОҒЫП, ОРТАЛЫҚ КӨПІРДЕН ЛАҚТЫРЫП ЖІБЕРГЕН САРБАЗ ТУРАЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ АҚПАРАТ ТАРАЛҒАН БОЛАТЫН.
Дегенмен көпшілік оған күмəнмен қарады. Өйткені, мақалада сарбаздың толық аты-жөні жазылмаған, əрі суреттегі жүзі де анық емес еді. Оқыс оқиғаның анық-қанығына көз жеткізу мақсатында тілшілер қақтығыс кезінде алаңда болған №5546 əскери бөлім командирі Манат Наукеев пен сарбаз Дəурен Ешимовпен тілдесіп қайтты.
Иə, Атыраудағы тəртіпсіздік кезінде көпірден құлап, аман қалған түркістандық сарбаз осы жігіт, аты – Дəурен, Тегі – Ешимов.
Алдымен бөлім командирі Манат Наукеевті əңгімеге тарттық. Ол 5 қаңтар күні облыс əкімдігі ғимараты маңындағы митингке қоғамдық тəртіпті сақтау мақсатында облыстық полиция департаментімен бірге əскери бөлімнің резервін бастап барған.
– Əкімдік ғимараты аумағында 3 мыңның шамасында халық болды. Ал, сарбаздың саны – 150. Бізді көре сала шерушілер тиісе бастады. Бəрінің айтатыны бір сөз: «Халыққа қарсы шықпаңдар, пагондарыңды жұлып, əскери киімдеріңді шешіп, біздің жағымызға өтіңдер». Анығында, біз халыққа қарсы қол көтеріп немесе қару жұмсау үшін келгеніміз жоқ. Тіпті қолымызда қару да болмаған еді. Мақсатымыз – алаңда тəртіпсіздікті болдырмау, яғни сол халыққа қызмет көрсету. Бірақ, ашулы шерушілердің ішінен оны ұққандар өте аз болатын. Біз өз жұмысымызды жасап, сап құрып тұрып алдық. Біраздан соң адамдар əр тұстан бізге қарай тас жаудыра бастады.
Қаруымыз болмаса да, қолымызда арнайы құралдар бар еді. Өзімізді қорғау үшін оларды қолдануға тура келді. Дегенмен, көптің аты – көп қой, сап бұзылып, сарбаздар ыдырай бастағанда əскерлеріміздің əрқайсысына оншақты адамнан жабылып, оларды соққыға жыға бастады. Арашалап, сарбаздарға тиіспеулерін сұрап, сабырға шақырып, басу айтқанымызбен, ызаға булыққан көпшілік көнер емес. Оның үстіне көбінен ішімдіктің иісі шығып тұрды, тіпті есірткі қолданғандары да бар секілді. Сол жерден 28 сарбазым жарақат алды, — дейді командир.
Сарбаз Дəурен Ешимовтың айтуынша, бүлікшілердің дені 20 мен 30 жас аралығындағы жігіттер.
«Бас-көз демей, тарпа бас салған олардың ойында не болғаны белгісіз. Мүлдем аяушылықтары жоқ. «Өлтір, көзін құрт!» деп атойлап жүргендерден бəрін күтуге болар еді» дейді ол.
«Сапымыз ыдырағаннан кейін бізді бөліп алып, жабылып сабай бастады. Мəмілеге келу, əңгімелесу дегенді білмейді. Шамамыз жетпейтінін біліп шегініп, қаша бастадық. Алайда, қуып жеткен топ соққының астына алып, көпірден төменге лақтырып жіберді. Жобамен 7, 8 метр биіктіктен құладым» дейді Дəурен Ешимов.
Сарбаз мұз үстіне құлапты. Дəрігерлер оның оқ өткізбейтін бронды жилеті мен басындағы каскасы қатерден аман қалуына септігін тигізді дейді. Кейін ол адамдардың көмегімен дəрігерлік пунктке жеткізілген. Қазір жағдайы жаман емес, қызметіне кіріскен. Сарбаздың жанына соққыдан гөрі осы қаскөйлікті сырттан келген жау емес, өз еліндегі қандастарының жасағаны қатты батып отыр.
«Ер азаматтың басына не келіп, не кетпейді. Қинайтыны – бейбіт күнде өз қаракөздеріміздің бірін-бірі жау санап, жағадан алып, зəбірлеп жатқандығы. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бəрі бос» демей ме, əр қазақ бірін бірі дос көріп, құрметтей білгенге жететіні жоқ қой» дейді сарбаз.
«Алаңдағы 3 мың адамның бəрі бірдей басбұзар деуден аулақпын, бірақ, оның ішінде арандатушы топ бар екенін аңғару қиын емес еді. Олар сарбаздардың жұмысына кедергі келтіріп қоймай, киімдерін шешіп, əскери бұйрықтан жалтаруларын талап етіп, қоқан-лоққы көрсетіп жатты. Көпшілігі жігіттердің əскери міндеттерінен бас тартқанын қалады. Бірақ, тəртіпті сақтау – бізге берілген бұйрық. Ал, сол жерде əскери киімді шешіп, екінші тарапқа өту – бұйрыққа бағынбау. Ондай жағдайда сарбаз жауапқа тартылады. Бірақ, біздің жігіттер – шыдамды, өз міндеттерін толық білетін азаматтар» дейді бөлім командирі Манат Наукеев.
Айта кетейік, қаңтардың 4-і күні билікке наразылық білдіріп орталық алаңға жиналған халық келесі күні облыс əкімдігі ғимаратының алдына барып, бейбіт шерудің соңы жаппай тəртіпсіздікке ұласқан болатын. Қақтығыс салдарынан 1 адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ