Жарнама
Жаңалықтар

Жаны жайсаң жан еді…

Зырлаған уақыт… Көзді ашып жұмғанша өтіп жатыр. Күні кеше  ортамызда жүрген Ләззат құрбымыздың о дүниелік болғанына да 40 күн толып қалыпты. Уақытты кім тоқтатқан, онымен қоштасу бәрімізге оңай тимеді.

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%b9%d1%81%d0%b0%d2%a3-%d0%b6%d0%b0%d0%bd-%d0%b5%d0%b4%d1%96

…Күлімдеген жылы жүзімен, бауырына баурап тұратын Ләззат құрбымыз қабырғамызды қайыстырып өмірден ерте кетті. Өмірден өтсе де, оның жарқын бейнесі, үлгі-өнегесі, адамға деген жанашырлығы қимастықпен, сағынышпен еріксіз еске оралады.

Әріптес құрбымыздың жақсылықты жар салып жүретін ақпейіл мінезі, қамқорлығы көпке үлгі еді. Өнегелі  мінезі  мен жақсы лебізін аямай, ойындағысын ірікпей айтатын. Ләззаттың жансарайы кең еді. Әркімнің жетістігін іштей бағалайтын, байсалды мінезімен ықыласын білдіріп, көпшілікке қамқоршы болатын. Сыр бөлісіп, адам жүрегіне жол тауып, бәрімізді ерекше сыйлайтын, құрметтейтін, дастархан жайып үйге шақыратын.  Құрбылары Ләззатпен, оның отбасымен жақын араласып, жақсы көретін. Есімдерімізді көріктендіріп айтатын, «Сарго», «Хадчо» деген бағалаулары жұмыстастарына қатты ұнайтын. Екеуміз қатар едік, менімен қатты қалжыңдасып, ойнайтын. Әзіліміз жарасқан құрбым еді.

Ләззат құрбымыз Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінде жастық шағынан бастап, өмірінің ақырына дейін абыройлы еңбек етті. Ұлағатты ұстаз ретінде танылып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген педагогы болды. Болашақ мамандарды тәрбиелеуде әдіскер, тәлімгер, тәрбиеші ретінде танылды. Ол шығармашылықпен еңбек етті. Еңбекте жеткен жетістіктері, мақалалары республикалық, облыстық газет-журнал беттерінде жиі жарық көрді. Ләззат әрбір ісіне  жауапкершілікті қатты сезінетін, колледжде ұйымдастырылатын шараларға еңбекқорлығымен қарайтын. Бірақ, орны толмас қайғы, сұм ажал абзал әріптесімізді ортамыздан ерте әкетті.

Жаны жайсаң жан шәкірттерінің сүйікті апайы еді. Оны колледждегі барша оқушылар жақсы көретін. Ол әрбір оқушының тағдырына бейжай қарамай, қолынан келсе көмектескісі келіп тұратын. Бұл оның ұстаздықты жан-тәнімен сүйгенінің белгісі еді. Әрбір ұстаз Ләззаттан үлгі алса, шіркін!

Ортасына өте беделді де сыйлы болды. Тек шәкірттері ғана емес, барша ұстаздар қауымы оны өте жақсы көрді. Отбасында аяулы жарының тірегі, сүйікті қызының қамқор анасы бола білді. Оған дархандық пен кеңдік жарасатын. Жүрегі де, ары да таза, болмысы адал болатын. Үлкендерді сыйлай біліп, өзін де сыйлата білген жан.

Ләззат өмірден өтсе де, оның жарқын бейнесі, адамға деген жанашырлығы есте сақталады. Рухы әріптестер арасында, жарқын бейнесі ұжым жүрегінде мәңгі бірге жасай бермек.

Сара ЕСҚАЗИЕВА,

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық

колледжінің мұғалімі,

«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің  иегері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button