Жаны нәзік, рухы биік жан
Бүгінде әскерде ел тынышытығы жолында қызмет атқарып, Отанның да, отбасының бесігін тербеткен нағыз қазақ қыздары көп-ақ. Солардың бірі – Ұлттық ұлан 5546 әскери бөлімінің прапорщигі, штабтың аудармашысы Саясат Даралиева.
«Менің өмірдегі бар қуанышым – ұлым! Ата-анам, бауырларым – асыл қазынам, қызметім – өмірдегі жемісім, ұжымым – беделім» дейді кейіпкеріміз.
Бала дүниеге келгесін, оның өсіп-өнуіне ата-ана ықпал етеді. Әкесі Марат – кеңестік кезеңде мекеме жүргізушісі болса, анасы — Ботакөз Атырау қалалық атқару комитетінің қойма меңгерушісі қызметін атқарған. Әкесі де, анасы көзі ашық, көкірегі ояу адам ретінде отбасында оқуға, білімге құштарлық, еңбекке деген тәрбие бірінші орында болды.
– Атам Самат Манапұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Ерлігі үшін» медалін алған майдангер. Майданнан оралғаннан соң да кеңестік кезеңде депутаттық мандаты бар, саясаттың бел ортасында қызметте жүрген тұлға болған. Атымды Саясат деп ерекшелеп атам қойған екен. Алғашқы немерем ұл болады, атын «Саясат» деп өзім қоямын деп шешіп қойған атаның бұйрығынан ешкім аттап өте алмаған. Содан қыз болсам да есімім Саясат болды, — деп күліп есіне алды.
Ел қатарлы білім алған Саясат Маратқызы алғашқы еңбек жолын №1 мектеп-интернатында мұғалім болып бастайды. Араға жылдар салып 2002 жылы 5546 әскери бөліміне құпия бөлімшенің аудармашысы қызметіне орналасады. Міне, содан бері 20 жыл осы лауазымда қызмет атқарып келеді.
20 жылдық аудармашылық қыметте әскери бөлімнің басым құжаттары осы кісінің қолынан өткен. Қарапайым штабтық мәдениеттен бастап, құжаттардағы әрбір мемлекеттік тілде жазылатын сөздердің сауаттылығын қатаң тексеретін, нағыз тілдің жанашыры.
Әскери бөлімнің қоғамдық шараларынан шет қалған емес, әйелдер кеңесінің құрамында кез-келген әскери қызметшілердің отбасына, әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді алдыңғы орынға қойып шешуге белсене кірісіп кетеді. Ал, мерзімдік қызметтегі жауынгерлерге деген жанашырлығы ерекше.
–Осы жылдар ішінде қаншама бөлім командирлері ауысты. Барлығы да әскери бөлімнің игілігі мен өркендеуі үшін қызмет атқарған беделді офицерлер болды. Әсіресе, 8 наурыз мерекесі қарсаңында олардыңң біз білмейтін қырлары ашылады. Бірі әнші, бірі биші, бірі күйші, бірі көркем сөздің майын тамызып оқитын жыршы болып шығады. Сегіз қырлы, бір сырлы қазақ жігітінің нағыз үлгісін көргендей боламыз,- дейді.
Қазақтың қай сөзі де даналықпен дәл айтылған ғой, соның бірі «Балаңды 5 басқа дейін патшаңдай күт, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген. Саясат Маратқызы ұлы Азаматтың ер жетіп қалғанын, жоғары оқу орнының 3-курс студенті екенін қуанышпен жеткізді. Бүгінде тек жан досы ретінде сырласатын анасы туралы Азамат «Анам мені еркелетіп, бетімнен қақпай еркін өсірді. Мен анамның жолын қуып әскери қызметші болмасам да, жақсы қызметке орналасып қуантқым келеді. Осы күнге дейін маған артқан анамның сенімдерін ақтаймын», — дейді.
Әскери қызметке жастығының жарқын кезеңдерін арнап, Отан қорғау жолындағы жауынгерге жүктелген салмақты жауапкершілікті мойымай көтере білген прапорщик Саясат Даралиева аз ғана уақыттан соң құрметті еңбек демалысына шыққалы отыр. Көктемнің шырайлы мерекесі 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Саясат Маратқызына баянды бақыт, отбасына береке, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз!
Бекзат ЕЛТАЙ,
Ұлттық ұлан академиясының курсанты