Жарнама
БілімЖаңалықтар

Жанға жайлы «Студенттер үйі»

Atr.kz/28 маусым, 2019 жыл. Студенттер үйі – жастарды тәртіп пен реттілікке тәрбиелейтін өмір мектебі, достықтың алтын ұясы. Яғни, мұнда жан-жақтан арман қуып келген жастар бір-бірімен тіл табысып, сын сағаттарда өзара қолдау көрсетіп, сан қыры ашылады.

Әртүрлі сынақтар мен емтихандарға бірге дайындалып, тұрмыстық мәселелерді ортақ шешуде де бұл шаңырақтың маңызы зор. Еліміздің болашақ мамандары үшін мұндай орындарды көптеп салу Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасында» маңыз берілді. Бұл міндетті облыста жүзеге асыру барысында өткен жылы «ҚазТрансОйл» компаниясы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне зәулім ғимаратын сыйға тартқан болатын. Ғимарат аз уақыт ішінде жатақханаға ыңғайланып қайта жасақталды. Бүгінде бұл нысанның тыныс-тіршілігі қандай? Болашақ кадрларға  қандай қолдау көрсетілуде? Осы сауалдар аясында біз де «Студенттер үйіне» арнайы барған едік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұсауын кескен «Студенттер үйі» қаланың орталығында, Жайық жағалауында орналасқан. Жеті қабатты бұл нысан   кіреберісінен-ақ  көз тартады. Бірінші қабаттағы қабырғада «Сендердің білімдерің – ол сендердің еңбектеріңнің нәтижесі. Сендер өздігінен білім алуға неғұрлым көбірек еңбектенсеңдер соғұрлым көбірек білетін боласыңдар»,- деген  Елбасының ұлағатты сөзі жазылған. Мұның өзі бүгінгі жастардың  білім алуға деген шабытына шабыт қосары анық.

Сондай-ақ, төменгі қабаттан-ақ тазалық қатаң сақталғанын байқадық. Аяқ киімді ауыстырып кіру үшін заманауи үлгіге сай үлкен гардероб қойылған. Бұл қабатта ас бөлмесі «менмұндалап» тұрады. Студенттер үшін жатақханада ас бөлмесі үлкен рөл атқаратыны белгілі. Мұнда ас пісіретін бірнеше пеш және қажетті барлық ыдыс-аяқтар да бар. Оған қоса, тек тамақ пісіріп қана қоймай, тамақтануға барлық мүмкіндік жасалған. Бірінші қабатта кітапхана, күзет қызметі, комендант кабинеті мен жүзу бассейні орналасқан. Екінші қабатта конференция залы, душ, фитнес және  жаттығу залы, медициналық кабинет бар. Үшінші-жетінші қабаттар жатын бөлмелерге арналған. 

IMG 5539

Комендант Іңкәр Мақсотованың айтуынша, 250 орындық заманға сай жасақталған жатақхана негізінен қыздарға арналған. Сондықтан, мұнда студенттер үшін ұйымдастырылатын іс-шаралардың басым бөлігі ұлттық мәдениетті бойға сіңірген ибалы да инабатты қыздар тәрбиесін қамтиды.

«Қазақ халқының үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, Отанды сүюге негізделген салт-дәстүрлерін ұстану – басты мақсат. Елбасы ғимараттың ашылу салтанатында студенттермен әңгімелесу кезінде де бұл қағидаға баса мән берген болатын. Осы орайда біз жарқын болашақ үшін бүгінгі жастардың біліммен қатар, ұлттық тәрбиені де қалыс қалдырмауы қажеттігін алға қойдық. Студенттер үйінің тұрғындары үшін «Бүгінгі қыз – ертеңгі келін» атты сайыс өткіздік. Сайысқа қатысушылар өз-өзін таныстырып, салт-дәстүрге байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Ұлттық құндылықтарға қатысты көріністер қойды. Бұдан басқа, әртүрлі тақырыпта «дөңгелек үстелдер», семинар-тренингтер ұйымдастырылады» дейді Іңкәр Мақсотова.

Оқу жылында мұнда университеттің  инновация, физика-математика, көп тілді, экономика, жаратылыс-тану және гуманитарлық пәндер мамандықтары бойынша 190 студент қабылданды. Сондай-ақ, магистранттарға да орын берілген.

Барлығы үшін бұрын-соңды болмаған жағдайлар жасалған. Кітапхана қорында төрт мыңнан аса кітап бар. Аталған мамандықтарға қатысты материалдармен толық қамтамасыз етілген. Кітапхана компьютермен жабдықталған. Студенттер бұл қызметті кез келген уақытта пайдалана алады. Конференция залында түрлі тақырыпта шаралар ұйымдастырылады. Студенттер аптасына үш рет жүзу бассейніне түсе алады. Спорттық залда жаттығатын түрлі құрал-жабдықтар да жеткілікті. Әр бөлме тоңазытқышпен қамтылған. Кір жуатын бөлмеге автоматты кір жуу машиналары алынған. Мейірбике аптасына үш рет тазалықты ұдайы тексеріп отырады. Сондай-ақ, «Студенттер үйі» интернет желісімен қамтылуда. Қауіпсіздік үшін 25 бейнебақылау камерасы  орнатылуда.

Студенттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» аясындағы мұндай жобаның қолға алынғанына дән риза. «Елімізде студент жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Соның ішінде  осындай «Студенттер үйінің» пайдалануға берілуі – біз үшін үлкен қуаныш. Ең алғаш оқуға түскен жылы пәтер жалдап, кейін университет жанындағы жатақханада тұрақтаған болсақ, барлық заманауи талапқа сай мұндай ғимаратқа көшкеніміз үшін қуаныштымын. Барлық қауіпсіздік шаралары жасақталған. Еш алаңсыз білім алуға толық жағдай бар. «Студенттер үйінде» тұрақтағаннан бастап ауылдағы ата-аналарымыздың да көңілі көншіді. Ешқандай  уайымдауға негіз жоқ. Біз – биыл университет түлегіміз. Сондықтан, «Студенттер үйімен» қимай қоштасқалы отырмыз. Мұнда өткізген әрбір күніміз бізге ыстық», — дейді болашақ журналист Әнел Маратова.

Ал, аударма ісі мамандығының ІІ курс студенті Аружан Жұмабаева «Студенттер үйі» тек қана жатақхана  емес, студенттік өмірдің нағыз ордасы екенін айтады. «Мұнда жайлы өмір сүруге тамаша мүмкіндіктер жасалған. Екі және төрт адамдық бөлмелері жарық, әрі үлкен. Барлық жиһазбен қамтылған. Ас үй, кір жуатын, үтіктейтін, сантораптары бар душқа арналған бөлме де осында. Мұнда орналасқалы жаңа достар таптық. Студенттік күндеріміз қызықты өтуде. Бұл шақты осындай ортада өткізу – бізге бұйырған бақыт десек артық емес», — дейді ол.

Расымен де, заманауи стандарттарға сай салынған бұл нысан қаладағы зәулім қонақ үйлерден кем түспейді. Бір жылдық төлемақысы да студенттер үшін қолжетімді, жылына 30 мың теңгеден белгіленген. Мұндай ғимаратта студенттік күндерді өткізу – бүгінгі жастарға жасалған жан-жақты қолдаудың бірі.

Ләйла ҚОЙШЫҒҰЛОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы  Атырау мемлекеттік университетінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры:

– Елбасының былтыр жариялаған «Бес әлеуметтік бастама» Үндеуіне сәйкес, көптеген игі іс атқарылған болса, соның бірі – студенттер жатақханасын салу. Осы орайда «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының демеушілігімен мұндай нысанның біздің  студенттеріміз үшін пайдалануға берілгеніне компания ұжымына алғысымыз шексіз. Бұл – жай ғана жатақхана емес, барлық стандартқа сай келетін «Студенттер үйі».

  • Мұнда әр жыл сайын жатақхана тұрғындары арасында Студенттік кеңес құрылады. Кеңес студенттер мен әкімшілік арасын байланыстырушы ретінде жұмыс жасайды. Ғимаратта тұру мәдениеті, мүліктерге ұқыпты болу, өзара құрметке баулып, тәртіпті қатаң сақтау, сенбіліктер, кезекшіліктер өткізу, бос уақытты тиімді пайдалану бойынша қызметтер атқарады. Алдағы оқу жылында да университет әкімшілігімен бірқатар жұмыс қолға алынбақ. Мәселен, нысанда радиоторап орнату жоспарланды. Сондай-ақ, басқа жатақханалар арасында түрлі конкурстар  ұйымдастырылады.

Бұған дейін «Студенттер үйінде» «Ең таза бөлме» конкурсы өтті. Енді бөлме өсімдіктерін өсіруден байқаулар өткізу қолға алынады. Гүл өсіру  ауаны тазартып қана қоймай, айналаға әсемдік сыйлайды. Сондықтан, қыздар арасында осы жұмыс кеңінен жүргізілмек.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген: автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button