«Бұл – менің азаматтық парызым»

img 20220315 wa0043 Жаңалықтар

ЕЖЕЛДЕН ҚАЛЫПТАСҚАН ДӘСТҮР БОЙЫНША ХАЛҚЫМЫЗ САМАРҚАННЫҢ КӨК ТАСЫ ЖІБІП, КҮН МЕН ТҮН ТЕҢЕЛІП, ШАРУА ЖАЙЫН ЫҢҒАЙЛАУҒА ҚОЛАЙЛЫ ШАҚ ТУҒАН СӘТТЕ АЛЫС-ЖАҚЫНДАҒЫ АҒАЙЫННЫҢ АМАНДЫҒЫН БІЛІП, КӨРІСЕ БАРАДЫ. ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙ ШЫҚҚАНЫН КӨРІП, КӨҢІЛІ ЖАЙЛАНҒАН СОҢ, КӨМЕК КЕРЕК БОЛСА, ҚОЛҚАБЫС ҚЫЛУҒА ДА АСЫҚҚАН. АСАРЛАТҚАН АҒАЙЫН ОСЫЛАЙША БІРЛІГІН БЕКЕМ ЕТІП, ТІРЛІГІНІҢ ТҮЗУ БОЛУЫНА СЕПТЕСКЕН. ӘЗ-НАУРЫЗДЫҢ КЕЛУІ ҚАШАН ДА ЖАНДЫ ЖАДЫРАТАР ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫНА БАЛАНУЫ ТЕГІН ЕМЕС. АЛ, ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ – ҚАНҒА СІҢГЕН АСЫЛ ҚАСИЕТ.

Көнеден келе жатқан осынау ізгі істің тіні бұл күнде де үзілген жоқ. Ел арасында небір атымтай жомарттар жетерлік. Көңілін кірбің шалған жанды демеп, қолынан келсе жəрдемдесуге жақын жүретін жайсаңдар Атырауда да аз емес. Меценаттарға қоса, волонтерлік ұйымдардың да қатары күн санап көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Ресми дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта аймақта 57 арнайы ұйым болса, олардың құрамындағы волонтерлер саны 1000-ға жуық. Бұл ресми тіркелгендер ғана. Жақсылықты жариясыз жасап, «бұл менің азаматтық парызым» деген бір ауыз сөзбен ауқымды істерге ұйытқы болып жүрген жандар да жетіп артылады. Жалпы, жақсылық жасау, жəрдемдесу – халқымыздың бойында бар ізгі қасиет. Ұл-қызын үлкенге көмектесу, қиналғанға қол ұшын созу сынды адами қасиеттерге баулитын ата-аналар аз емес. Алайда, қатыгезденіп бара жатқан қазіргі қоғамда жақсылық пен жамандықтың қатар жүретін кездері көбейіп баратындай. Осындай тұста əлемнің мейірімді жандармен əдемі екенін еске түсіретін еріктілердің бары қандай жақсы дейсің еріксіз!

Соңғы жылдары əлемді əуреге салған коронавирус пандемиясының салдары волонтерлік ұйымдардың маңызын айшықтай түсті. Ерікті түрде, жүрек қалауымен, өз басын қатерге тіге жүріп, өзгелерге қол ұшын созуға асыққан атыраулықтар арасында жас та, кəрі де жүргенін көз көрді. Жасаған ісіне риза болып, алғысын жеткізді. Уақыт өте келе, бұл бағыт жаңаша дами түсті. Қатары күн санап көбейіп, бағыттары да түрленді. Қоғамдық ұйымдар əр алуан салаларға машықтанып, əлеуметтік, медициналық, экологиялық, тағы да басқа да түрлері белең алды. Атыраулық еріктілер туралы аз сөзбен айта салуға болмас. Десек те, ең мүшесі көп əрі белсенді ұйым ретінде өзін танытқан «Атырау-Рауан», бірнеше жылдық тарихы бар «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры, «Қызыл ай» қоғамдық бірлестігі, «Доброе сердце Атырау» тобының мүшелері де көптеген ізгі іске ұйытқы болып жүрген белсенділер қатарында. Бұл тізімді əлі де жалғай беруге болатыны айтпаса да түсінікті.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз