Жаназа және жерлеу рәсімдері туралы жаңа кітап таныстырылды
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Тұсаукесер шарасын жүргізген аталған діни басқарманың Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров «Марқұмның жаназасын шығарып, жерлеу рәсімдерін өткізу – шариғат үкімі» тақырыбында баяндама жасады. Аталған еңбектің құндылығын халыққа түсіндірді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов кітаптың қазақ қоғамының қазіргі таңдағы әлеуметтік-рухани сұранысына сай жарық көрген еңбек екенін айта келе, оның халық тарапынан кең қолдауға ие болатынына сенім білдірді. Еңбек ардагері Абат Кенжеғалиев марқұмның жаназасын шығарып, жерлеу рәсімінде түрлі салт-жоралғылардың кездесіп жататынын жеткізді. Осы мәселені шариғи тұрғыдан реттеп, бірізділікке салуда аталған кітаптың маңызы зор екенін айтты.
Сонымен қатар, Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешев, ҚР Қажылар қауымдастығы Атырау облысы бойынша филиалының төрайымы Жұмагүл қажы Нәсиқызы, облыстық дін істері басқармасының маманы Қаһарман Мусаевтар жаназа, жерлеу рәсіміне қатысты көптеген сауалдарға жауап табылатынын алға тартты.