Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Жанармайдың жыры жұртшылықтың жанайқайын туғызды

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жер қойнауы мен оны пайдалануға қатысты заңдылықтарға енгізілетін толықтырулар елімізде көмірсутегі нарығын реттеуде жаңа серпін бермек. Басты мақсат – саланың тартымдылығын арттыру. Осы орайда жаңа кеніштерді сырттан инвестиция әкелу арқылы бірлесіп игеруге ден қойылмақ.

gasoline_771x517

Жалпы, бүгінде отын-энергетикалық кешенді жан-жақты жаңғырту үшін 19 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар өнім өндіру технологиясын барынша жақсартпақ. Мәселен, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында қабат қайтарымын қазіргіден де арттыруға арналған шаралар қолға алынуда. Сонымен қатар, геологиялық бұрғылау жалғасады. Ол Каспий теңізіндегі алаңдарды да қамтиды. Міне, осындай ауқымды шаруалар нәтижесінде республикада 2025 жылға қарай 107,3 млн. тонна мұнай мен 77,3 млрд. текше метр ілеспе газ алу мүмкін болмақ. Ал, осы қыруар байлық қалай кәдеге асырылады? Шикізат ретінде бәрі экспортқа жөнелтіле ме? Әлде мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысты қамтамасыз етуге нақты қадам жасала ма?

Бүгінде республикада жанармайға қатысты қажеттіліктің үштен бірі сырттан жеткізілетін өнім арқылы өтеліп отырғандығын ескерсек, онда соңғы сауалдың салмағы зор. Әйтсе де, биылғы жылдың соңында Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия кәсіпорнында жаңғырту жұмыстары мәреге жетеді. Ал, Шымкенттегі осындай өндіріс ошағы алдымыздағы жылы толық қайта жаңғыртылып, қатарға қосылмақ. Сонда республикада шикі мұнайды өңдеу көлемі қазіргі 14,5 млн. тоннадан 17,5 миллионға жетпек. Содан соң импортқа тәуелділіктен құтыламыз ба?

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл сауалға оң жауап береді. Яғни, оның айтуынша, келесі жылдан бастап бензинге, дизель және авиация отындарына қатысты ішкі қажеттілік отандық өнімдер есебінен толық өтелмек. Бұл, сайып келгенде, баға тұрақтылығына бастайды. Міне, осындай үкілі үміт бар.

Бірақ, министр жанармайдың арзандауы жөнінде болжам айтпайды. Қазіргі баға, сөз жоқ, тұтынушыны қанағаттандырмайды. Оның да қалыпты сақталуына сенім аз. Жергілікті зауыт күрделі жөндеуге тоқтағанда, бензин бағасының бірнеше теңгеге өскенін атыраулықтар көріп отыр. Соның алдында ғана кәсіпорын басшылары дайын өнімнің жеткілікті қоры жиналғандығын мәлімдеген-ді. Ендеше, бензин мен дизель отыны неге қымбаттады? Сауда нарығындағы ойыншылар өзара сөз байласып, бағаны әдейі көтерді ме? Әлде, расында да, жетіспеушілік сезілді ме? Демек, мұндай жайдың тағы да қайталануы ықтимал ма?

Жалпы, жанармай құнының еркін саудаға жіберілуі – енді оның мемлекет тарапынан реттелмейтіндігі. Рас, құзырлы орындар адал бәсекелестіктің болуын бақылайтын болар. Бірақ, мұнай өнімдерін сатушылардың ішкі ісіне араласпайды. Бағаны нарық белгілейді. Бәрі тауардың өтімділігіне байланысты қалыптаспақ.

Осы орайда республикадағы үш зауытта жүргізілген жаңғырту жұмыстары қыруар қаражатты қажет еткендігін жоққа шығаруға болмайды. Олар компания есебіне жатқызылғанымен, мұнда мемлекеттің де мүддесі бар. Шындығы сол, миллиондаған қаржы қайтарылуы тиіс. Оның біраз бөлігі сырттан тартылды. Ендеше, соны кейін беретін күн туады. Сонда керек ақша қайдан алынады? Мемлекет қоржынына қол сұғыла ма? Әрине, жоқ. Демек, әр кәсіпорын тек пайдамен жұмыс жасап, борышын өзі өтеуі қажет. Яғни, түсер табыстың бір бөлігі қарызды қайтаруға кетеді. Бұл ретте, сөздің шыны керек, тұтынушы қалтасына салмақ түседі.

Сонымен қатар, республикадағы мұнай өңдеу зауыттары толық қайта жарақтанған соң халықаралық К-4 және К-5 экологиялық стандарттарына сәйкес өнім шығармақ. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, сапасы анағұрлым артпақ. Ал, тәуір тауардың құны қашанда қымбат. Егер бүгінде Қазақстанда шетелдік көліктер көп екенін ескерсек, онда бензиннің сапалы түріне сұраныс кемімейді. Турасын айтқанда, тұтынушының таңдау мүмкіндігі шектеледі. Өйткені, енді зауыттар арзан жанармай дайындамайды.

Рас, жаңғырту шаралары энергетикалық қуаттарды үнемдеуге жол ашады. Қазіргі қондырылып жатқан жабдықтар соған сәйкестендірілген. Әйтсе де, осы құралдардың өздері қымбат емес пе? Солардың дені шет елден жеткізілген. Әрі жоғары технология ешқашан арзанға түспейді.

Осы орайда жөндеуаралық мерзімді үш жылға ұзартуға бағыт ұстау үміттендіреді. Яғни, енді өндірісті әр жылы тоқтату қажеттілігі жойылатын секілді. Бұл – құптарлық қадам. Әйтпесе, республикадағы зауыттардың әр жылы күзде жөндеуден өтетіні жасырын емес. Соның салдарынан жанармай тапшылығы туындап, оның соңы қымбатшылыққа соқтырады. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін жинауға да кесірін тигізеді.

…Міне, елімізде жанармай молшылығын қалыптастыруға бағытталған осындай шаралар алынып жатыр. Қайталап айтқанда, бәріне де қыруар қаражат жұмсалуда. Ал, біз отандық кәсіпорынды қолдау үшін осы өнімді пайдалануға тиіспіз. Әйтсе де, қымбатшылық құрсаулағанда оған шамамыз жетпей қалмай ма? Оның үстіне, өнім бағасының өсуі инфляцияға соқтырады.

Келесі жылдан бастап елімізде К-4 және К-5 халықаралық экологиялық стандартына сәйкес жанармай шығарылмақ.

2025 жылға қарай республикада 107,3 млн. тонна мұнай мен 77,3 млрд. текше метр ілеспе газ өндірілмек. 

Республикадағы үш зауыт толық қайта жарақтанған соң шикі мұнайды өңдеу көлемі жылына қазіргі 14,5 млн. тоннадан 17,5 миллионға жетпек. 

P.S. Бет қатталып жатқанда «ҚазМұнайГаз — Өнімдері» АҚ бас директорының операциялық бағыттар жөніндегі орынбасары Нұркен Мырзағалиев таяу уақытта АИ-92 бензинінің бағасы әр литріне 155-157 теңге болуы ықтималдығын айтты. Қазір республикада оның 20 мың тонналық қоры жинақталған. Осы қазан айында «ҚазМұнайГаз – Барлау Өндіру» АҚ Атырау мұнай өңдеу зауытына 15 мың тонна шикі мұнай жөнелтпекші. Қазір күрделі жөндеуден соң жұмысы жанданған кәсіпорын сегіз мың тонна бензинді республиканың барлық аймағына жөнелтіп жатыр. Әйтсе де, жанармайға деген сыртқы тәуелділік бүгінде 50 пайыздан асып отыр.

Меңдібай Сүмесінов

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button