Жаңаөзен қаласы Атырау облысына жұмысшылар мен техникаларды жөнелтті
Атырау облысында су тасқынына қарсы күреске көмек көрсету үшін Жаңаөзеннен арнайы құрылған бригада Құлсарыға аттанды. Бұл туралы Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы хабарлады.
-Құлсары қаласында болған су тасқынының салдарын жою мақсатында Жаңаөзен әкімдігінің қолдауымен Құлсарыға арнайы техникамен жабдықталған көмек көрсету бригадасы шықты,-деп хабарлайды Қоғамдық коммуникациялар орталығы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бригада құрамында 60 маман, Құлсарыға 30 техника жеткізілді.
Арнайы техниканы қамтамасыз еткен ұйымдар қатарында — «Өзенмұнайгаз», «KazPetroDrilling», «Бұрғылау», «МұнайФилдСервис», «ӨзенМұнайСервис», «ҚазГӨЗ», «Кен-Құрылыс Сервис», «Өзенжылу», «Өзенинвест», «Өзенэнергосервис» компаниялары бар.
Қалалық мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер мен еріктілер де өз үлестерін қосты.