Жарнама
Білім

Жаңаның бәрі –  ұмытылған ескі

Қоғамда  еңбек  адамының  мәртебесін  көтеру, еңбекке адалдықты  қалыптастыру мәселесі өзекті екені сөзсіз. Бұл  бағытта  мұнайлы  өлкеде    тағылымды  бастаулардың  бар  екені  тарих  парақтарында  жазулы. Жастарды еңбекке дайындауда, оларды материалдық өндіріске баулуда кәсіптік-техникалық оқу орындары ерекше орын алады. Тарихи кезеңде республикадағы кәсіби-техникалық маман кадрларды даярлау жүйесі жекелеген зауыт-фабрикалар жанынан ашылған мектептерден бастап, білікті инженерлік-техникалық мамандар даярлайтын институттардың қалыптасуына дейінгі жолдан өтті. 

Маман дайындау – маңызды мәселе

1920-1940 жылдар аралығында республикада мыңдаған кәсіптік-техникалық оқу орындары қалыптасты. Оның тарихы әлеуметтік-экономикалық өмір өзгерістерімен тікелей байланысты болды. Еліміздің өндірістік бейнесі зауыттар мен фабрикалардан, электростанциялар мен комбинаттардан, совхоздар мен колхоздардан тұрғаны белгілі. Олардың дамуына кәсіптік-техникалық мектептердің қосқан үлесі зор болды. Бұл оқу орындары ел игілігіне қызмет еткен сан мыңдаған маман-жұмысшыны дайындап, тәрбиеледі. 

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіби-техникалық оқу орындарының саны кемігенімен, нарық экономикасының талаптарына сай мамандар дайындаудың жүгі ауырламаса, жеңілдеген жоқ. Нарық талабына сәйкес оқу орындары өз жұмыстарын сапалық деңгейде қайта құрды, оларды бітірген мамандарға қажеттілік арта түсуде. Мамандарды дайындайтын инженерлер мен мұғалімдердің басым көпшілігі жаңа талаптарға бейімделді. Ұзақ жылдар бойы жасалған материалдық-техникалық база жаңа жағдайда жұмыс істеудің негізіне айналды. Дегенмен кәсіби техникалық мамандарды даярлау ісі мемлекет алдындағы аса өткір мәселелердің бірі болып қала бермек. 1920 жылдардың бас кезінде алғашқы қадам жасалып, Қазақ автономиялық республикасының үкіметі кәсіптік-техникалық білім берудің бас комитетін құрды. Нәтижелі жұмыстардың арқасында кәсіптік оқу орындарының саны 30-ға жетіп, оларда 2000 жас оқыды. 

1919 жылы наурызда өткен РКП(Б) VIIІ съезі шешіміне сай жұмыс күшін ұтымды пайдалану, 17 жастан жоғары жасөспірімдерді кәсіптік-техникалық білім алу ісіне ФЗУ-лар (фабрично-заводское ученичество) ашу міндеті қойылды. Бұл шешім мұнайлы аудан үшін өте қажет еді. 1920 жылғы 1 маусымдағы Жайық-Каспий мұнай қоғамының Гурьев кеңсесі мәліметі бойынша мұнай кәсіпшіліктерінде 575 қазақ жұмысшы, қызметші және көмекші мамандар болған. Ал олардың 7-8%-ы кілтші, майшы, бұрғышы көмекшісі болса, қалғаны қара жұмыстарды ғана атқарды. Оларды техника тіліне үйретуде ФЗУ-лар ашу өте маңызды еді. 1921 жылы өткен РКП(Б) Х съезінде жергілікті халық өкілдерінен маман жұмысшы кадрларын дайындау мақсатында ұлттық тілде кәсіптік-техникалық бағыттағы курстар мен орта мектептер ашу ісі кезек күттірмес шара ретінде көрсетілді. Сол жылы өткен РКП(Б) облыстық бірінші конференциясы жұмысшы табын қалыптастырудың негізі – техникалық сауатсыздықты жою деп белгіледі. 

Оқу орны қалай құрылды?

Жайық-Ембі мұнайлы ауданында кәсіптік-техникалық бағыттағы оқу орны – ФЗУ 1924 жылы 13 қаңтарда Гурьевте «Ембімұнай» тресі базасында ұйымдастырылды. Оның директоры болып трест заңгері Карл Тушовский тағайындалды. Ильич атын иеленген ФЗУ-ға М.Г.Юдин, Е.Д.Котельников, В.П.Яковлев сияқты мықты мамандар жіберілді. 1925 жылы 3 қыркүйекте «Ембімұнай» тресінде кәсіптік- техникалық білім мәселесіне арналған арнайы техникалық кеңес өтті. Мұнда Гурьевтегі ФЗУ-дың мәселесі сөз болды. 

Кәсіпшіліктерді басқарушы Р.Р.Новосельцев ФЗУ оқушыларының білімі өте төмен екенін, бірінші оқу жылы қиын болғанын, қазір түзеліп келе жатқанын баяндаса, трест басқарушысының орынбасары С.И.Кузнецов кәсіптік-техникалық курстар ересек жұмысшыларды қайта даярлау үшін керек екенін атап өтті. Материалдық-техникалық базасын ұстап тұру үшін қаржы мәселесіне байланысты оқу орны басшылығы мен мұнай кәсіпшіліктерін басқарушы атынан Мәскеуге, «Ембімұнай» тресті кеңсесіне 1926 жылы 22 маусымда арнайы хат жолданды. 

Хатқа берілген қосымшада ФЗУ-да 5 оқу тобы бар екені, оқу пәндеріне қосымша техникалық бағытта сызу, механика, мұнай және металл техникасының пәндері жүргізілетіні айтылған. Бір ауысымда 110 оқушы, ал екі ауысымда 220 бала оқыту мүмкіндігі бар деп көрсетілген. 1925 жылы қыркүйекте Доссор кәсіпшілігінде ФЗУ ашылды. Алғашқы кезде екі топқа 43 оқушы алынды. Сабақ таңғы 7-ден күндізгі 11-ге дейін 4 сағатқа созылды. 

Мектеп кеңесінің алғашқы мәжілісі

1925 жылы 25 қарашада Доссорда Томский атындағы ФЗУ мектеп кеңесінің бірінші мәжілісі өтті. Оған «Ембімұнай» тресінен А.М.Фадеев, К.И.Сергеев, аудандық комитеттен А.В.Бородин, оқушылар Садков, Буянов қатысты. Мәжілісте оқу орнының материалдық-техникалық базасы мәселесі қаралды. Сондай-ақ оқушыларды кәсіпке баулу бағытында шеберханаларды кеңейту, оларды тікелей өндіріс басында ұйымдастыру мәселесі де көтерілді. Ембімұнай тресті ФЗУ-ға Бескин – мұнай ісі мұғалімі, Айвазов – қоғамдық пәндер мұғалімі, Яковлев – зоология мен ботаника пәні мұғалімі және Котельников – орыс тілінен, Смирнов – механика және технологиядан, Шитов – химия пәнінен мамандар жіберді. ФЗУ-да оқу мерзімі 3 жыл болып белгіленді. Оқу корпусында 2 оқу бөлмесі, 1 бөлмеде 6 оқушылық жатақхана болды. Оқу күнінің ұзақтығы 8 сағат болып белгіленді. ФЗУ директоры Борис Ананьев жазбаларында «оқушылар Досмұхамбетов, Исенов шеберханада жақсы еңбек етті» деп көрсетілген. 

Мақсат – жергілікті ұлт өкілдерін көбейту

1926 жылы 11 қарашада ФЗУ жанындағы курсты 16 оқушы құрылыс, пеш мамандығы бойынша бітірген. 1927 жылы 16 маусымда ФЗУ-дың негізгі курсында 14 оқушы техника мамандығын, 5 оқушы құрылыс мамандығын тәмамдады. 1927 жылы мұнайлы ауданда тұрақты жұмысшылардың орташа саны 1640-қа жетті. Олар Доссор, Мақатта мұнай өндірумен қатар Бекбике, Сағыз, Ескене, Байшонас, т.б. кәсіпшіліктерінде бұрғылау жұмыстарында болатын. Жұмысшылар ішінде мамандығы барлар 488, яғни 25,7% болды. Оның ішінде қазақтардың үлес салмағы мүлдем аз еді. Сондықтан да мамандығы бар жұмысшылар ішінде жергілікті ұлт өкілдерін көбейту мақсатында Доссор ФЗО-сында 1927 жылдан бастап жоспарлы жұмыстар басталды. Жастардан маман дайындауда басты назар қазақтарға аударылуы тиіс делінді. 

Осы жылы ФЗО шәкірттерінің ішінде 17 қазақ баласы болса, ал өндірісте барлығы 33 қазақ жасөспірім еңбек еткен. ФЗО-лар 1927 оқу жылында 570 оқушы, оның ішінде 236 қазақ

қабылдаған. Оқу жылы 3 жыл болғандықтан, алғашқы мамандық алған шәкірттер өндіріске тек 1927 жылы жолдама алған. Жеті жыл ішінде  1924-1931) 81 жасөспірім, оның ішінде 21 қазақ баласы бұрғышы, темір ұстасы, металл өңдеуші, ағаш шебері, т.б. мұнай кәсіпшілігіне қажетті мамандықтарды меңгерген. Әрине, осынша жылдың ішінде небәрі 81 жұмысшы дайындау мүлдем жеткіліксіз еді. Әсіресе, ФЗО-да оқу қазақ жастары үшін қиын болды. Себебі бүкіл оқу жоспары орыс тілінде еді.

Тәжірибе уақытпен бірге келеді

Мұнай кәсіпшілігінде маман дайындаудың кеңірек дамыған жолы жеке-жеке оқыту, не болмаса тәжірибелі жұмысшыға бекіту, сол арқылы маман жұмысшының мамандығын игеру еді. 1928 жылдың 1 шілдесінен 1929 жылдың 1 қаңтарына дейін осындай оқумен өндіріс пен кеңседе 67 адам, оның ішінде 17 қазақ оқыған. Мамандық бойынша олар былайша бөлінеді: Темір ұстасы-өңдеуші – 37, қазағы – 7; құрылысшы – 9, қазағы – 5; электротехника мамандығы – 12, қазағы – 3; кеңсе қызметі – 9, қазағы – 2. Бұлайша оқыту Доссор, Мақат сияқты ірі өндіріс орындарында ғана дамыды. 1928-29 жылдар аралығындағы 6 ай ішінде Доссор, Мақат кәсіпшіліктеріндегі 63 жас жеткіншек сынаққа түсіп, оның 61-і жоғары разрядқа ұсынылған.

1928-29 жылы Жайық-Ембі ауданында 3 кешкі кәсіптік-техникалық курстар болған еді. Оларда барлығы 163 адам оқыса, оның 78-і жас, 8-і жасөспірім болатын. Сол жылы 17-19 наурызда Жайық-Ембі ауданының жұмысшы жастарының ІІІ конференциясы өтті. Мұнда өндірістегі 22 жасқа дейінгі жастардың бір жыл ішінде 253-тен 380-ге өскендігі атап өтіліп, әлі де қазақ жастарының өндіріске тартылмай отырғандығы баяндалады. Оған дәлел – тіркелген 380 жас жұмысшысының ішінде 126-сының қазақ болуы. ФЗУ, техникалық курстар есебінен 1925-1927 жылдары маман кадр құрамы бірталай өзгерді. 

Іс тетігін кадр шешеді

1930 жылдары ұлттық мамандарды дайындаудағы оң өзгерістер кеңес үкіметінің «іс тетігін кадрлар шешеді» деген партиялық ұранына байланысты басталды. 1930 жылы алғашқы мұнай техникумы, қазақ жастары үшін инженер кадрларын даярлайтын қазақтың кен-металлургия институты ашылды. Мұнайшы қазақ инженерлерін дайындауда алғашқы талпыныс – мұнайшы-жұмысшы факультеті дүниеге келді. Талантты қазақ жастары Мәскеу, Ленинград, Баку мұнай институттарына, өнеркәсіп академияларына жіберілді. Дегенмен маман дайындаудағы алғашқы оңды қадамдар 1920 жылдары жасалғаны  тарихи  шындық. 

Мемлекет  басшысының 2025  жылды арнайы  «Жұмысшы  мамандықтары  жылы»  деп  жариялаудың  өзінің  тарихи  мәні  бар. Себебі бүгінгі күннің міндеттерін әрқашан жаңа тәсілмен шешу жеткіліксіз. Бұл бағытта отандық жұмысшы  мамандар дайындаудың мол тәжірибесі мен тағылымдық сабақтарын пайдалану өте  өзекті болары  анық.

Лесқали  БЕРДІҒОЖИН,Х.Досмұхамедов  атындағы  Атырау  университетінің  профессоры,тарих  ғылымдарының  докторы

Айгүл  РАМАЗАНОВА, облыстық  тарихи-өлкетану  музейінің  бөлім  меңгерушісі

1930 жылы алғашқы мұнай техникумы, қазақ жастары үшін инженер кадрларын даярлайтын қазақтың кен-металлургия институты ашылды. Мұнайшы қазақ инженерлерін дайындауда алғашқы талпыныс – мұнайшы-жұмысшы факультеті дүниеге келді. Талантты қазақ жастары Мәскеу, Ленинград, Баку мұнай институттарына, өнеркәсіп академияларына жіберілді. Дегенмен маман дайындаудағы алғашқы оңды қадамдар 1920 жылдары жасалғаны  тарихи  шындық.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button