ҚОБЫЗ ҮНІ АЙМАҚТЫ ӘСЕМ САЗҒА БӨЛЕДІ
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тарихқа үңілсек, қазақ халқы қобыз аспабын сан жылдар бойы қастерлеп, оның үніне тәнті болып, киелі санаған. Қобыз аспабының ХІХ ғасырда кеңінен дамып, сол кезең аспаптың «алтын ғасырына» айналды. Дәл осы кезеңде атақты күйші Ықылас Дүкен де өмір сүрді. Оның өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қалдырған аманаты бүгінгі күнге жетіп отыр.
Конкурсқа қатысушылардың өнерін сынаған қазылар құрамында белгілі өнер иелері болды. Атап айтсақ, күйші, композитор, республикалық конкурстардың және халықаралық фольклорлық фестивальдардың лауреаты, «Елдің Ықыласы» әндер жинағының және қобыз музыкасы жөніндегі ғылыми жұмыстардың авторы Ақнар Шәріпбаева қазылар алқасының төрайымы болды. Ол Ықылас Дүкеннің тікелей ұрпағы болып келеді. Қазақ музыкасын насихаттау мақсатында Лондонда оның орындауындағы Қорқыт пен Ықыластың туындылары CD дискіге жазылған болатын.
Шығармашылық байқаудың ашылу салтанатында сөз алған облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Алма Андарбаева қатысушыларды таныстырып, мұндай конкурсты тек облыстық деңгейде емес, республикалық көлемде ұйымдастырса да артық етпейтінін атап өтті.
— Алғашқы рет ұйымдастырылып отырғандықтан, біз үшін бұл конкурстың мәні өте зор. Бұл байқаудың басты мақсаты – керемет музыкалық аспапты дамыту, үздік қобызшыларды анықтау, жастарды өнерге баулу, — деді ол.
Байқау екі бөлімнен тұрды. Алғашқы кезеңнің талабы бойынша өнерпаздар Ықыластың бір күйін орындауы тиіс болса, екінші бөлімде өз қалауына сай бір шығарманы ұсыну талабы қойылды. Байқауға 15-тен 35 жас аралығына дейінгі 20 өнерпаз қатысты. Айта кетсек, музыка мектептерінің ұстаздары да қатысып, белсенділік танытты. Солардың қатарында Атырау селолық музыкалық мектебінің қобыз сыныбының оқытушысы Гүлназ Қазиева да болды.
Конкурс қорытындысымен Бас жүлдені Надира Тасымова иеленді. Ал, І орынды қазылар алқасы Ақмарал Наурызова мен Арайлым Кисароваға бөліп берді. ІІ орын Ақжарқын Орынғалиева мен Құралай Пазыловаға тиесілі болса, ІІІ орынды үш қобызшы еншіледі. Олар – Эльмира Төлеуіш, Самал Қуанқалиева және Айғаным Ихсан. Айғаным бұл байқаудағы ең жас қобызшы болды. Ол жеңімпаз болмаса да, бұл конкурс оған кәсіби музыкант болуға, консерваторияда оқуын жалғастыруға үлкен септігін тигізгендігін жеткізді.
Жастығына қарамастан Айғаным көптеген конкурстардың жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Өткен жылы ол А.Жұбанов атындағы республикалық конкурстың лауреаты атанса, 2011 жылы республикалық Дельфийлік ойындардың дипломанты болды. Сондай-ақ, өткен жылы халықаралық «Бозторғай» конкурсында алдына жан салмаған Айғаным жүлделі І орын иеленді. Айғанымның пікірінше, алғаш рет өткен облыстық қобызшылар конкурсы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өнер шыңына жетелеуге үлкен үлес қосты.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.