Жарнама
Жаңалықтар

Жаңа жыл – жақсылықтың жаршысы

«Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Осы жарқын мереке өзіңді шаттыққа бөлесін! Әрдайым жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтыл! Білімпаз, озат әрі зерек болып, жақындарыңды қуанта бер! Арманың асқақ, қиялың ұшқыр болсын! Саған зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін!».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқавтың балаларға                 арнаған құттықтау хатынан

Атыраудағы Салтанат сарайында өткен Президент шыршасы жылдағыдан да ерекше ұйымдастырылды. Иә, Жаңа жылдық кеш тойланған ғимаратқа кіргенімізде ертегі әлеміне енгендей болғанымыз шын. Ал балалардың күлкісі үлкен залды одан әрі мерекелік күйге енгізгендей еді.

dad8a233 9519 4011 b7aa 8199faef6b4f

Облыс бойынша өткен мерекелік шараға дарынды оқушылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім, мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан 300 бала қатысты.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов Мемлекет басшысының атынан балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ  әр балаға Президенттің атынан дайындалған 120 мың теңгенің сертификатын және тәтті сыйлықтарды салтанатты жағдайда табыс етті. 

– Қымбатты балалар, әр адамның асыға күтетін екі мерекесі бар. Біріншісі – туған күні болса, екіншісі – Жаңа жыл мерекесі. Жаңа жыл – жақсылықтың жаршысы. Сендер тәуелсіз елде өсіп келе жатқан нағыз бақытты ұрпақсыңдар. Еліміздің болашағын сеніп тапсыратын үкілі үміті өздерің боласыңдар. Сол үшін мемлекет барлық мүмкіндікті жасауда. Сендердің сапалы білім алып, мықты маман атануларыңыз үшін өңірде жаңа мектептер ашылып жатыр. Сондықтан, әрқашан оқуда озат, спортта, өнерде алда көрінулеріңе тілекшімін. Армандарың орындалсын, — деген облыс әкімі жылы лебізін білдірді.

Ерекше безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балалар ертегі мен мультфильм кейіпкерлері – Қыран, Қарлығаш, Қошқар, Пумба, Тимонды қошеметпен қарсы алып, ортада көңілді би билеп, театрландырылған көріністі тамашалады. Сондай-ақ жасыл шыршаның шырағын жаққан Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен балалар Ұлу жылын шығарып салып, 2025 жылдың символы – Жыланды мәз-мәйрам болып қарсы алды.

Мерекелік кеште үш бәйтерек – Сәкен Сейфуллин, Ильяс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің өсиет сөздері әр оқушыға ерекше серпін берді. Ұлы тұлғалар балаларға ақ тілегін жаудырып, «Бабалар салған жолмен жаңа дәуірге қадам жасай беріңіздер!» деп Қазақ елінің  болашағы зор екеніне сенім артты. Бұл да шараның маңызын арттыра түскендей болды.

Осы күннен ұмытылмас әсер алғанын айтқан Гаухар Нұрлан облыс әкімінің қолынан жаңажылдық сыйлық алғандардың бірі. Ол – республикалық олимпиаданың жүлдегері, №3 Білім-инновация лицейінің VIII сынып оқушысы.

– Бүгін осындай кең көлемде ұйымдастырылған әдемі кештің арнайы қонағы ретінде қатысып отырмын. Ерекше атмосферада шат-шадыман көңіл-күйде тойлап жатырмыз. Енді халықаралық білім бәйгелерінде Қазақстанның атын асқақтатып, абыройын оздырып, елімнің адал қызмет етер ұланы болғым келеді. Сол мақсатқа жетеріме сенемін, — деді жүлдегер оқушы.

11feaad0 fde4 499f 851d 92654b024871

Жаңажылдық шара аясында қала маңындағы және шалғай елді мекендердегі мектептердің директорларына балаларды тасымалдау үшін 21 автобустың кілті табысталды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button