Жаңа жоба: «Қолөнер – зор өнер»
Қолөнер – ұлттың жаны, тарихы мен дәстүрінің айнасы. Облыста қазақ халқының бай қолөнер мәдениетін жаңғыртып, келешек ұрпаққа аманат етуге бағытталған жоба жүзеге асып жатыр.
«Қазақия» қоғамдық қоры биылдан бастап іске асырып жатқан «Қол өнер – зор өнер» жобасының ашылу салтанатын ұйымдастырып, қолөнершілердің шеберлік сыныбын өткізді.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы шілде айында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының грантын жариялаған болатын. Қоғамдық қор конкурсқа жоба әзірлеп, грант ұтып алған. Грант аясындағы жоба қыркүйек-қараша айларында өтеді. Сонымен қатар, бірнеше шеберлік сыныбы ұйымдастырылады.
Жоба жетекшісі Жанар Төрениязқызы қазір Құрманғазы, Мақат, Махамбет, Қызылқоға аудандары белсенділік танытып жатқандығын айтты.
– Біздің мақсатымыз – балаларды қолөнердің түрлерімен таныстырып, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін дамыту, шығармашылық қабілеттерін ашу және өзін-өзі көрсету мүмкіндіктерін арттыру. Қазақстанда балалардың шамамен 70 пайызы гаджеттерді күн сайын пайдаланады. 10-15 жас аралығындағы балалардың 35 пайызы күніне 4 сағаттан артық уақытын экран алдында өткізеді. Бұл олардың физикалық тұрғыдан денсаулығына кері әсері етеді. Балалардың 30 пайызында көздің шаршауы мен көру қабілетінің төмендеуі байқалады. 20 пайызы омыртқа мен мойынның ауруларына шағымданады, қозғалыс белсенділігінің азаюы салдарынан балалардың 15 пайызы семіздікке, 25 пайызы ұйқысыздыққа шағымданады. Мектеп оқушыларының 20 пайызында назар аударуының төмендеуі, күйзеліс пен алаңдаушылық кездеседі. Осылайша олардың тікелей қарым-қатынасының азайып, жеке дағдыларының дамуы тежеледі. Көптеген мектеп пен балалар үйлерінде шығармашылыққа арналған ресурстар мен материалдар жетіспегендіктен, жас буынның өнер мен қолөнерге қызығушылығы төмен. Мұғалімдер мен ата-аналар шығармашылық қабілеттерді дамытуға жеткілікті уақыт пен көңіл бөлмеуі мүмкін, бұл балалардың өзін-өзі көрсету мүмкіндіктерін шектейді, — деп алаңдаушылық білдірді Жанар Төрениязқызы.
Көрмеге қалалық және аудандық мектептерден 10-15 жас аралығындағы 120-ға жуық бала шығармашылық қабілетін арттыру үшін қатысуда.
Жобаның үйлестірушісі Нелли Төлегенованың айтуынша, 30 үздік нәтиже көрсеткен оқушы қарашада өтетін қорытынды іс-шараға қатысады.
Оқушылар көрме аясында майлы бояумен жұмыс жасап, киімге сурет салу, жүннен бұйым, әшекей бұйымдарын жасау мен ою-өрнек ойып үйренеді.
– Әрбір шеберлік сынып 3 сағат өтеді. Қатысқан балалар шеберлердің қолдауымен түрлі бұйым жасау әдістерімен танысады. Барлық дағдыны толық меңгеріп, өздері де бұйым жасайды. Ең жақсы жұмыстарды анықтап, облыстық көрмеге шығарылатын жұмыстарды іріктеу үшін шеберлерден құрылған комиссия қатысады. Таңдалған 30 жұмыстың ішінен республикалық байқауларға жіберілетін 5 жұмыс анықталады. 30 қарашада облыстық Ш.Сариев атындағы өнер музейінде қатысушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылады, — деді Н.Төлегенова.
Сондай-ақ, үздік деп танылған 5 жұмыс «Шексіз шығармашылық», «Қазақстан – менің алтын бесігім» секілді республикалық байқауларға қатысады.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Cуреттерді түсірген автор