Жаңа үкімет халық үнін естуі керек
Елімізде жуырда Үкімет жаңадан жасақталды. Соған сәйкес Премьер-Министр де ауысты, бұл лауазымға мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, білікті ұйымдастырушы әрі менеджер Олжас Бектенов тағайындалды. Шыны керек, ешкім оны дәл осы лауазымға келеді деп те ойлаған жоқ. Бұған дейін жемқорларды желкелеп келген ол енді экономикаға басымдық беріп, барлық құрылымдар сөзден гөрі нәтижелі іске көшуі керектігін атап айтты. Енді қалың бұқараның жаңа Үкіметтен ел үшін оңтайлы жаңалықтар күтетіні де рас. Соған байланысты біз көптің көкейіндегі ең маңызды деген сауалдарды «Мінбер» алаңына шығарған едік.
- Бүгінде жаңа Үкіметтің алдында тұрған басты мәселе – республика бюджетін реттеу. Ендеше жаңа құрам нақты қандай міндеттерге ден қоюы тиіс?
- Ел экономикасы үшін кез келген инвестиция маңызды. Ал Қазақстанда инвестиция тартуда кемшін тұстар көп. Бұл олқылықты шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
Абдолла ИДРЕСОВ,
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы:
Бюджеттік алымдар тоқтатылса…
– Қазақстан егемендік алғаннан бері елдің бюджеттік жағдайын қалыптастырып, оны реттеумен айналысып келеді. Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын бұрынғы жүйенің ескіріп, қолданысқа сай келмей жататыны әрине, ақиқат. Соны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заманға сай бюджеттік жүйені өзгертіп, Салық Кодексін жедел жаңартуды тапсырды. Оны іске асыру үшін Парламентте арнайы топтар құрылып, жұмысын бастап кетті. Бұл орайда Атырау облысына қатысты бірнеше мәселе бар, ең негізгі проблемалар қатаң ескерілсе деймін.
Облыстан сайланған республика Парламенті Мәжілісінің депутаттары мұнай-газ өнеркәсібінен түсетін экологиялық айыппұлдардың жергілікті жердің бюджетіне түспей, Ұлттық қорға кетіп жатқанын сан мәрте айтып келеді. Жергілікті бюджеттен түсетін алымдарды реттеу де қажет етіп тұр. Өңірлердегі шешілмей жатқан проблемаларға сәйкес Бюджеттік Кодекстің өзгертетін тұстары көп. Мәселен, ауыл әкімдерінің бюджетін өздері басқару мәселесі де жаңа құжатта орын алуы тиіс. Өйткені, қазір әкімді халық сайлағанымен, олардың қолында бюджетті толық өздері басқаратындай құзырет жоқ. Мұның салдары ауыл әкімдерінің беделін түсіріп, халықтың мемлекетке деген сенімін төмендетіп жатыр. Сондықтан ең әуелі осындай мәселелер Кодекс арқылы реттелуі қажет.
Инвесторлық орталықтар қажет
– Инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан жасалатын қолдауды күшейту керек. Инвесторларға жағдай жасау үшін облыстарда арнайы инвесторлық орталық, кеңес беру орындары ашылғаны жөн. Өңірлердегі қаржы салатын салаларды дөп баса отырып, оны халыққа жете түсіндіріп, көрсететін анықтамалықтар мен цифрлық платформалар болғаны дұрыс.
Атырау өңірінде мұнай химиясы саласында арнайы экономикалық аймақтың құрылғанына бірнеше жылдың жүзі өтсе де, әлі іске қосылған жоқ. Әрине, шағын индустриялық аймақтарды көбейту де қажет. Бүгінде мемлекет тарапынан газ-химия саласына баса ден қойылып жатыр. Полипропилен, полиэтилен, бутадиен шығаратын арнайы аймақтар керек. Оны өндіретін инвесторларға сол жерлерде жеңілдіктер қарастыру артық етпейді.
Шетелдік инвесторлардан бөлек, жергілікті жерде өнім өндіріп отырған ірі кәсіпкерлерге де жеңілдіктер қарастырылуы шарт. Айта кеткен жөн, барлық деңгейдегі инвесторға көрсетілетін қолдаулардың әрқайсысында ашықтық болғаны жөн.
Бақтыбек ТАУБАЕВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
Салық жүйесі қайта қаралса…
– Қандай деңгейде болса да, бюджет қарапайым халыққа ашық әрі түсінікті болуы керек. Оның кіріс-шығыс жағы мен тапшылығы заң баптары бойынша анық көрсетілгені жөн. Бұл шарт ақиқатқа, әділдікке көз жеткізуге негіз. Сонымен қатар, бүгінде бюджеттік түсімдерді арттырамыз деп жаңа Салық Кодексі әзірленіп жатқанымен, мұны қабылдамас бұрын талаптарын әлі де зерделей түскен жөн. Ең алдымен салық салу жүйесін реттеп, жетілдіру керек. Көлеңкелі экономиканы азайтудың мәні зор. Салықты көтеру қазынаны толтырғанымен, бұл кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Мұндай жағдай елде көлеңкелі бизнесті одан әрі күшейтіп жіберуі әбден мүмкін.
Сондықтан, Президент айтқандай, салық жүйесін түбегейлі реттеу жаңа Үкіметтің күн тәртібіндегі басты мәселесіне айналуы тиіс.
Мұнай – сарқылмайтын байлық емес
– Инвестиция негізінен қайтарым мүмкіндігі мол салаларға тартылады. Ал ауыл шаруашылығы, соның ішінде жайылымды суландыру, су қоймаларын салу, өнім өңдеу, жерасты суын барлау, жайылымдарды геоботаникалық зерттеу, агрохимия, органикалық өнім өндіру, осы сала мамандарын дайындау секілді бағыттарға инвестиция тарту мүлде жоқ. Бұған дейін «мұнай – ел экономикасының драйвері» деп атап келдік. Бірақ бұл сарқылмайтын байлық емес. Сондықтан, енді ауыл шаруашылығы ғана ел экономикасының күретамыры болатынын дұрыс ұғынуымыз керек.
Ендеше, мұнайға ғана тәуелді болып, шетелдік инвесторларды тарта беруді ойламай, жергілікті жерден егін, мал шаруашылығын дамыту арқылы жаңа кәсіпорындар құрып, жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Әйтпесе елде ауыл шаруашылығының даму қарқыны болмайды да, «баяғы жартас – бір жартастың» кебін киеміз.
Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА,
саяси ғылымдар кандидаты,
«Орталық Азиялық демократияны дамыту» қорының бас директоры:
Ашықтық – маңызды ұстаным
– Республикада Премьер-Министр жаңарғанымен, министрлердің тең жартысынан астамы өзгерген жоқ. Демек осыған дейінгі оларға жүктелген міндеттер де сол күйінде қалды деген сөз. Ал, бюджетке тоқталсақ, бұл жұмыс барлық ведомствоға тікелей қатысты. Біздегі бюджеттің басты мәселесі – оның ашық болмауы, тіпті халық одан мүлде хабарсыз.
Бюджеттегі ең олқы тұстың бірі – бухгалтерлік есеп-қисап жүргізу. Министрлікте әлдеқандай бір жұмыс орындала қалса, қаптаған құжат толтыру, орындау, оны тапсыру қажет. Құзырлы органдар осылайша бюджет ашықтығын қамтып отырмыз деп ойлайды, шындығында бұл миллиардтаған қаржыны жұмсап, оның орнына бір том бухгалтерлік құжатты ұсынады. Бұл әрине, дұрыс емес. Cондықтан әрбір министрлік бухгалтерлік жүйені қайта қарап, дұрыс жолға қоюы тиіс. Енді осы мәселені жаңа Үкімет басшысы тың идеялармен іске асырады деп ойлаймын.
Оның алдағы уақытта елдегі әлеуметтік-экономикалық блокты қалай ұйымдастыратынын дөп басып айта алмаймыз. Егер Олжас Бектеновтің негізгі мамандығы заңгер екенін, бұрын қаржыға қатысты лауазымдарды атқарғанын ескерсек, «елдегі күрделі экономикалық мәселелер сол күйі қалып қоймай ма?» деген де ой туады. Бірақ ақыры тағайындалғаннан кейін ол барлық министрліктің жұмысын дұрыс ұйымдастырып, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы мәселелерді шешсе игі.
Одан кейінгі ең маңызды талап – елдегі әлеуметтік мәселелерді, білім, денсаулық саласын назарда ұстау. Себебі соңғы кезде Үкіметке жолданған наразылықтардың басым бөлігі осы салаларға байланысты екенін ескеру керек. Сондай-ақ жаңа Үкіметке шетелдегі капиталды Қазақстанға қайтару ісі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту талабы да қатаң қойылды. Бірінші кезекте осы жұмыстар жолға қойылмаса, бұл құрылымның да саяси жолы қысқа болмақ.
Әділетті келісім мақсатқа жеткізер
– Әрине, шет елден инвестиция тарту – мемлекет үшін ұтымды қаржылық ресурс. Бұл істе елдің саяси климаты да тұрақты болуы тиіс. Өйткені қаржысын белгілі бір салаға құйғысы келіп тұрған инвестор біраз нәрсеге тәуекел етеді. Олар үшін елдің саяси-әлеуметтік тұрақтылығы, әскери қақтығыстардан тысқары болғаны жөн. Оның үстіне екіжақты жасалған келісім-шарттың бұзылмауы және өзгермеуі шарт. Инвестор өзі салған қаржысын бақылап отырады. Яғни қаржының жұмсалуы ашық болуы қажет. Осы үш қағида толық сақталғанда ғана шетелдік инвесторлар елге келеді. Инвесторлар, әсіресе халықаралық беделі жоғары, бірнеше елде жұмыс жасап жатқан компаниялар қарқынды экономикасы, халықаралық қоғамдастықта лайықты орны бар, уәдесіне берік, шетелдіктерге тиісті жағдай жасай алатын, қаржының қайтарым беретініне кепілдік беретін мемлекеттерге ғана инвестиция салады. Егер мұның бірде-бірі оның көңілінен шықпаса, елге келмейді. Әрине, мұндай жағдайда ешқандай танымалдығы жоқ, ісін жаңа бастап жүрген компаниялар кіруі мүмкін.
Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту үшін тежеуші факторларды жойып, қолайлы жағдай жасайтын бағыттарды дамытуға ұмтылыс жоқ. Негізгі жағдайлардың бірі – ережені жетілдіру, себебі инвесторлар тұрақсыз ереже туралы айтып, көбінесе бастапқы жасалған келісім-шартты есепке алады. Қазақстан жағы басты талапты өздері қояды да, соңында өз талаптарына өздері қарсы шығып, халықаралық сотқа дейін барады, ақыры соттан да жеңіліп тынады. Мұның барлығы инвестормен арадағы келісімнің әділетті болмағанын көрсетеді.
Мәселен, қазір елге жылу- электр орталығын салуға үш бірдей ресейлік компания келгелі жатыр. Ал «олар қалай таңдалды, не ұсынды, қанша мерзімге келді?» деген сұрақтарға жауап жоқ. Яғни олар – «бір көзден» ғана таңдалып келгендер. Осындай таңдаумен келетін инвесторларға тыйым салу керек, не қаржының көлемін азайтқан жөн. Егер ірі кен немесе өндіріс орындарына қаржы салынса міндетті түрде ашық тендер өтуі тиіс. Қазір Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мұнай-газ саласында жоғары, өйткені қаржыны тез қайтару мүмкіндігі жылдам. Сол себепті шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың біздегі осы салаларға қаржы құюға құлшынысы өте жоғары.
Инвестиция тартуда халықтың саны да роль ойнайды. Өкініштісі сол, бізде бұл көрсеткіш аз болғандықтан басқа салаға, мәселен ауыл шаруашылығына инвестиция салу олар үшін тиімді емес. Өйткені, халық саны аз, нарық шағын, ірі табыс табу мүмкіндігі шектеулі. Айталық, Қытай халқының саны миллиардтан асады, олардың сатып алу жағдайы жоғары. Сондықтан инвестор тартамыз десек қолданыстағы заңнаманы барынша жеңілдетіп, шетелдіктерді қызықтыратындай жағдай туғызу қажет.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Коллажды жасаған Дәурен Қуаныш