
Жаңа ортаны жатырқаған бала…
Мектепке дайындық – алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бала мен оның ата-анасы үшін аса маңызды кезең. Бұл киім-кешек пен оқу құралдарын әзірлеу ғана емес, ең алдымен баланың сабақ оқуға, жаңа ортаға бейімделуіне психологиялық әрі зияткерлік тұрғыдан дайын болуын талап етеді.
Үзіліс кезінде үйге қашып кететін…
1-сыныпқа баланы дайындау – ата-ана үшін үлкен жауапкершілік. Алайда көп жағдайда дайындық материалдық қажеттілікпен ғана шектеліп жатады. Киімін алып, сөмкесін сайлап, дәптер-қаламын түгендеген әке-шеше «енді бәрі дайын» деп ойлайды. Шын мәнінде бала ең алдымен білім алуға, оқуға, үйренуге барады емес пе? Бұл – жаңа өмір, жаңа орта, жаңа талап. Мұны ұмытпаған жөн.
Кейбір ата-аналар «бара сала үйреніп кетеді», «бәрі мектепте үйретіледі» деп баланың оқу дағдыларына, мінез-құлқына, тіпті қарым-қатынас жасау қабілетіне жеткілікті мән бермейді. Дегенмен баланың мектепке бейімделу жолында туындайтын қиындықтар дәл осы даярлықтың жеткіліксіздігінен басталады. Білімге емес, қоршаған ортаға бейімделуге кететін уақыт бұл баланың алғашқы оқу кезеңін тежейді. Бұл – жас өскіннің өзіне де, мұғалімге де, тіпті ата-анаға да салмақ түсіретін кезеңі.
Өзіміздің балалық шағымызға көз жүгіртсек, алғаш мектепке барған кезіміз әлі есімізде. Ұстаздың алдында сымдай түзеліп отыру, «үндеме» деген қатаң ескертуге бағыну, партада ұзақ отыру – бәрі де жаңалық еді. Екі-үш ай бойы бой үйретіп, мектептің тәртібіне, оқу мазмұнына біртіндеп икемделетінбіз. Көптеген сыныптастарымыз алғашында қалам ұстауды білмейтін, кейбірі үзіліс кезінде үйге қашып кететін. Олардың арасында оқу дағдысы кеш қалыптасып, мектепке бейімделе алмай, бір сыныпты екі жыл қатарынан оқығандар да кездесетін. Мұның бәрі мектепке дейін баланың қажетті дайындықтан өтпегенінен болса керек.
Бүгінгі білім беру саласында оң өзгерістер бар. «Қазір бала мектепке барардан бұрын-ақ оқуға қызығушылық танытып, зейіні дамып, білімге деген ынтасы оянып баруы тиіс» деген ұстаным алға шықты. Талап та, қоғам да өзгерді. Оқушының тек білім алуы емес, сонымен бірге мінез-құлқы, қарым-қатынасы, өзін-өзі ұстауы да мектеп табалдырығын аттамай тұрып қалыптасуы қажет.
Осы орайда мектепке дейінгі даярлықты жүйелеуге бағытталған жаңа жобалар іске қосылып жатыр. Соның бірі – «Балақайлар мектебі». Бұл бастама баланың мектепке бейімделуін жеңілдетіп қана қоймай, болашақ оқушы мен ұстаз арасындағы алғашқы сенім көпірін орнатуға бағытталған.
Ата-аналарға үлкен көмек
Қысқармерзімді бағдарлама жазғы демалыс кезінде бірінші сынып алдында балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру үшін ұйымдастырылған. Бұл бастама елімізде осымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бағдарлама еліміздің мектепке дейінгі және бастауыш білім беру стандарттарына сәйкес әзірленген. Оның басты мақсаты – баланың білім жолындағы алғашқы белесін жеңіл әрі сәтті бастауына жағдай жасау. Яғни балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастық үзілмей, бала жаңа ортаға тез бейімделеді.
Мұнда балалар әріп танып, санауды үйреніп қана қоймайды. Ең бастысы, олар өз ойларын еркін жеткізіп, өзгелермен қарым-қатынас жасауға, ұжымда жұмыс істеуге, тәртіпке бағынуға үйренеді. Бұл – болашақ оқушыға ең қажетті дағдылар. Бала өзін еркін ұстай алса, ойын ашық айтып, айналасындағылармен түсініссе, оның мектеп өміріне бой үйретуі әлдеқайда жеңіл болмақ.
Ата-аналар үшін де бұл бағдарлама үлкен көмек. Себебі, қазіргі таңда балабақшаға бара алмай жүрген көптеген бала бар. Солар үшін «Балақайлар мектебі» – білімге алғашқы қадам жасауға таптырмайтын мүмкіндік. Бұл бастама мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті арттырып, барлық балаға тең мүмкіндік береді.
Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамованың айтуынша, жаздың алғашқы екі айында бұл бағдарламаға 25 мыңға жуық бала қатысқан. Оқыту бір айға созылады, сабақтар күн сайын 30 минуттан өтеді. Әр сабақтың арасында 10 минуттық үзіліс қарастырылған. Балаларға бастауыш сыныптың тәжірибелі мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері дәріс береді. Сабақ мазмұны баланың зейінін, тілін, шығармашылығын, эмоциялық тұрақтылығын дамытуға бағытталған. Сонымен бірге мектепке деген оң көзқарас қалыптастыруға да ерекше назар аударылады.
Алдағы тамыз айында тағы 5 мыңнан астам дайындық тобы ашылып, қосымша 65 мың бала осы бағдарламаға қатысады деп жоспарланып отыр. Осылайша, 2025 жылғы жаз маусымында барлығы 90 мыңға жуық бүлдіршін қысқа мерзімді мектепалды даярлық курстарымен қамтылмақ.
Игі бастама жалғасуда
– Өткен жылы «Балақайлар мектебі» бағдарламасы аясында сабақтарды тәжірибелі де білімді бастауыш сынып мұғалімдері жүргізді. Нәтижесі өте жақсы болды. Балалар «Менің отбасым», «Мен және менің достарым» секілді тақырыптарды меңгеріп, күнделікті өмірдегі құбылыстарды танып, еркін сөйлеуге дағдыланды. Бұл – бала үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар фигураларды тану, тура және кері санау, қарапайым есептер шығару секілді математика негіздері де ойын арқылы үйретілді. Сабақ пен ойын шебер үйлескендіктен, балалардың қызығушылығы жоғары болды,-дейді бағдарламаның оң нәтижесін ерекше атап өткен Құрманғазы ауданындағы Ә.Сәрсенбаев атындағы орта мектептің директоры Жастілек Мырзағалиев.
Оның айтуынша, бағдарлама танымдық немесе зияткерлік тұрғыда ғана емес, ұлттық құндылықтарды баланың бойына сіңіруді де мақсат етеді. Балалар төрт түлік малдың атауын үйреніп, үлкенді сыйлау, сәлемдесу, әдеп сақтау сияқты қазақы тәрбие негіздерін меңгереді. Бұл – бүгінгі заман баласына аса қажет тағылым. Мектеппен танысу, оқу құралдарымен жұмыс істеу, өлең жаттау секілді жұмыстар да бағдарлама аясында қамтылып, баланың мектепке деген қызығушылығын оятады. Сабақ барысында қолданылатын түрлі әдістемелер мен ойын элементтері балаға білімді жеңіл әрі қызықты жолмен меңгеруге жол ашады.
«Балақайлар мектебі»
«Балақайлар мектебі» бағдарламасына ата-аналардың қызығушылығы жоғары. Бұл баланың мектепке дайын болуының маңызын терең түсіне бастағанының айғағы болса керек. Бастауыш сынып мұғалімі Бақытгүл Батырбаева даярлық курстарының пайдасы туралы сөз қозғай отырып, бұл жобаның маңызын нақты мысалдармен жеткізді.
– «Балақайлар мектебіндегі» сабақтар таңертеңгі 09:30-да басталып, 12:00-де аяқталады. Өткен жылы бір күнде төрт сабақ өткіздік. Бұл – балаларды жалықтырып алмау үшін арнайы құрылған кесте. Жас өрендер мектеп атмосферасына біртіндеп бой үйретіп, мұғалім мен партаға, сыныптың тәртібі мен құрылымына бейімделеді. Әр күнге шағын, бірақ қызықты бағдарлама жасалған. Сауат ашу, математика, қоршаған ортамен танысу, жабыстыру, мүсіндеу сияқты сабақтардың бастапқы негіздері оқытылады. Міндетті түрде сергіту сәттері ұйымдастырылады. Балалармен ойын түрінде жұмыс істеу олардың белсенділігін арттырып, оқуға деген ынтасын оятады. Қазіргі балалардың көбі қалам ұстауды, сурет салуды жақсы меңгерген,-дейді тәжірибелі ұстаз.
Мұғалім айтқандай, балалардың оқу дағдылары әртүрлі. Бірі мектепке дейін оқып-жазуды меңгеріп келсе, енді бірі үшін бұл – мүлде жаңа әлем. Дегенмен бәрінің де ортақ бір қасиеті бар – олар оқуға құштар. Балдырғандардың көзіндегі қызығушылық пен ықыласты көргенде, болашаққа сеніммен қарауға болады.
Мысалы, биыл мектеп табалдырығын аттайтын 7 жасар Гүлсім мен 6 жасар Сұлтан оқу бағдарламасына ерекше ықыласпен қатысуға дайындалып жүр. Гүлсім әріптер үйренуге талпынысын байқатып, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін білетінін мақтанышпен айтады. Ал Сұлтан болса сандарды жақсы көретінін жеткізіп, математик болғысы келетінін жасырмайды. Әр бала – өз алдына бір әлем. Олардың көзіндегі жарқыл мен жүзіндегі бал-бұл жанған күлкі – білімге құштарлықтың айқын көрінісі.
Баланың мектепке деген көзқарасы оның алғашқы қадамынан-ақ қалыптасады. Егер сол алғашқы сәт сәтті басталса, баланың болашағына сеніммен қарауға болады. «Балақай мектебі» секілді бағдарламалар баланы да, ата-ананы да үлкен өмірге дайындайтын маңызды баспалдақ. Балалар әр таңды қуанышпен қарсы алып, сабаққа ерекше құлшыныспен барса, одан асқан ғажап бар ма?!
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сіз не дейсіз?
Гүлдана ӘБІЛҚАЙЫРОВА, Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
Бірлескен жұмыс нәтижелі
Бүгінде ата-аналардың барлығы дерлік курсқа қатысты жақсы пікірлерін айтып, лебіздерін жеткізіп жатады. Кейбір ата-аналар балаларын алғаш мектепке жетектеп әкеліп, 100-ге дейін санауды және 42 әріпті білетінін айтып, сол жеткілікті деп ойлайды. Өзім баланың жан-жақты дамуы үшін осымен тоқтап қалмаған жөн деп есептеймін. Мұндай дағдыларды білсе де, бала еркін сөйлеп, шығармашылық тұрғыда қалыптаспаған болуы мүмкін.
Сондықтан би билеу, ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау секілді қабілеттерінің болуы, оның білім алуға деген құштарлығын айшықтап тұрады. Ой-өрісі дамыған бала жаңа нәрсені үйренуге бейім келеді. Білім беру жүйесінің сапалы болуында ата-ана, бала, мектеп бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Ата-ананың талап-тілегін мұғалім де, мұғалімнің әр ұсыныс, пікірін ата-ана да дұрыс қабылдауы тиіс.
Атырау қаласы
Сіз не дейсіз?
Гүлназ ТӨЛЕГЕНОВА, көп балалы ана:
Сабаққа сеніммен қадам басты
Үлкен балаларымыз мектеп табалдырығын алғаш аттағанда қатты қобалжығанымыз есімде. Үйде өзімізше әріп танытып, санауды үйреткенімізбен, мектепке толық дайын ба, жоқ па соны білмей, іштей уайымдайтынбыз. Жаңа орта, жаңа мұғалім, тәртіпке бейімделу секілді дүниелер баланың да, ата-ананың да жүйкесіне салмақ салатыны анық. Әсіресе, алғашқы айларда жас өрендердің бірдеңеге зауқы болмай, сабаққа барғысы келмей жүргенін байқайтынмын. Ал өткен жылы кенжем мектепке барар алдында «Балақай мектебі» бағдарламасына қатысып шықты. Айырмашылық жер мен көктей болды. Кенже балам сабаққа сенімді қадам басты.
Құрманғазы ауданы
Былтыр өңірдегі білім беру ұйымдарында «Балақайлар мектебі» бағдарламасы аясында 200 топ ашылып, 3 879 бала қамтылған болатын. Бұл – мектепке алғаш қадам басқалы тұрған мыңдаған бүлдіршіннің біліммен алғашқы таныстығы осы жоба арқылы басталды деген сөз. Биыл да бұл игі бастама жалғасын тауып отыр. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 37 мектепке дейінгі ұйым «Балақайлар мектебі» аясында жұмысын бастап, 609 баланың дамуы мен бейімделуіне нақты жағдай жасады.
Жоспар бойынша облыс көлемінде 158 мектеп осы бағдарлама аясында жұмыс жүргізіп, тамыз айында 1000-нан аса баланы қамту көзделуде. Әрбір топта 20-25 баладан қабылданып, оқу аптасына бес күн жүргізіледі. Сабақтар күн сайын төрт-бес пәннен өтеді. Бұл – баланың жас ерекшелігі мен зейінін ескере отырып дайындалған тиімді кесте.