
Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?
Балықшы шағынауданында орналасқан Ә.Жангелдин атындағы 620 орындық орта мектеп пен 588 оқушыға арналған Ш.Уәлиханов атындағы №9 орта білім беретін оқу ордасында және 200 бүлдіршінге арналған №27 «Ақбота» балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Ә. Жангелдин атындағы мектептегі жұмыстар 85% аяқталды, жоспарға сәйкес 25 тамызға дейін толық тәмамдалмақ. Мұнда 50 адам мен 4 техника жұмысқа тартылған. Ал орта білім беретін №9 оқу ордасындағы жөндеу жұмыстарының басталғанына он бес күн болды. Нысанды тапсыру уақыты – желтоқсан айы. Онда 30-ға жуық адам мен екі техника жұмыс істеуде. Қос мектептің де есік-терезелері, сыртқы қасбеті, шатыры ауыстырылып, қабырға-едендері жөнделуде. Сондай-ақ инфрақұрылымы да алмастырылып, толықтай көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
№27 балабақшаның сыртқы қасбеті мен инфрақұрылымы толығымен ауыстырылады. Балабақша аумағында 20-ға жуық адам еңбек етуде. Жоспарға сәйкес бұл жұмыстар 19 тамызда аяқталады.
Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, оқу ордаларына күрделі жөндеу өткізудегі мақсат – балалардың қауіпсіз, таза, заманауи жерде білім алуын қамтамасыз ету.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жаңғыртылады. Күрделі жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет арқылы жүзеге асуда. Жөндеудегі мектептің оқушылары облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің шешімімен, ата-аналардың келісімімен жақын маңдағы оқу ордаларына ауыстырылды. Атап айтсақ, Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп оқушылары №6 М.Мөңкеұлы атындағы жалпы білім беретін мектепке ауысса, №9 мектептің бастауыш сынып білім алушылары №3 мектеп-гимназияға, жоғарғы сынып шәкірттері №21 Ж.Жабаев атындағы орта мектепте білім алады, — деді А.Дүйсекенова.
Сондай-ақ Атырау қаласындағы барлық мектепте кезекті жөндеу жүруде. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары мәресіне жете келді.
Былтыр қалада төрт білім ордасы – Ю.Гагарин атындағы №4, Ө.Атамбаев атындағы №8, А.Байтұрсынов атындағы №23 орта мектептер және Дамбы ауылдық округіндегі жалпы білім беретін «Амангелді» орта мектебі күрделі жөндеуден өткен болатын.