Жаңа мемориал – ұлт тұтастығының көрінісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жаңа Қазақстан құру идеясы туралы айтып, қасіретті қаңтар оқиғаларынан сабақ алуымыз қажеттігін атады. Рас, бұл оқиға бірлігімізге, тұтастығымызға сызат түсу қаупін тудырды. Қаншама шаңырақты қайғыға душар етті. Алайда, уақыт көші тоқтамасы анық. Осынау қаралы күн өткен тарихқа айналды.
Бүгін ел Президентінің қатысуымен қаңтар оқиғаларының құрбандарына арналған мемориалдың ашылуы Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңа дәуірге қадам басқанын айғақтай түсті. Бұл бастама егемендік пен ынтымақтастық сияқты құндылықтардың мызғымастығы туралы ата-бабаларымыздың өсиеттеріне адал бола отырып, үлкен сынақтардың ең қиын кезеңінен өткен халықтың заманауи тарихының жаңа бетін бейнелейді.
Үш бөліктен тұратын мемориалдың әр бөлімі елдің даму, қалыптасу кезеңдерін бейнелеуімен де маңызын еселей түседі. Тарих куә, адамзат басынан талай кезеңдерді өткерді, даму жолын артта қалдырды. Қиындықтармен күресіп, кедергілерді жеңді. Қара – қорқыныш, хаос, сұр – күрес, қалыптасу, ақ – әл-ауқат, жарқын болашақ ұғымдары арқылы үлкен өмірлік мәнді ұғынырады.
Қалалық әкімдік ғимараты қиратылып, қан төгіс қақтығыс болған жерде қайғы-қасірет пен үміт, жақсылықты бейнелейтін ескерткіш орнатылғаны – ұлт тұтастығының шынайы көрінісі.
Лесқали Бердіғожин,
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау Университетінің прфессоры,
тарих ғылымдарының докторы