Жаңа медиа – уақыт талабы
Жаһанда жаңа медиа серпін алғалы дәстүрлі журналистиканың тілшілер қауымы да трендтен қалмауды көздейді. Осы орайда «Заманауи» қоғамдық қоры Атырауда «Жаңа медиа: контент жасаудан – монетизацияға дейін» деген тақырыппен семинар-тренинг ұйымдастырды.
Медиатренер, журналист, «Тілші» медиа жобаларының авторы Асқар Ақтілеу спикерлік еткен шараға тілшілер қауымы, өңірдің белсенді жастары, азаматтық қоғам өкілдері, контент жасаушылар қатысты.
–Жалпы, газет-журналға қарағанда сайтта жұмыс істеу оңайырақ. Менің сайтымның тұрақты аудиториясы қалыптасқан, оқырман саны әлі де өседі. Журналистің тәуелсіз болғанын қолдаймын. Қазір Ақтөбе қаласында жобалар жүргізіп, кәсіпкерлер үшін алаң құрып, осы кездесулерге спикерлер шақырып, іс-шаралар барысында өзімнің сайтым мен әлеуметтік желілердегі парақшаларыма контент жасаймын , — деген спикер қызметін монетизациялағанын айтты.
Семинар-тренингте қазіргі журналистикадағы тенденциялар мен трендтер, ақпарат алу жолдары, т.б. тақырыптар қозғалды. Асқар Ақтілеу контент жасаушылардың мақсатты аудиторияны қалай анықтау керектігі туралы, мәтін құрылымы мен маркетинг формулалары, контентті желіге бейімдеу, форматтар, т.б. фишкалармен бөлісті. Медиатренердің айтуынша, шешім журналистикасы – проблемалар мен қиындықтар туралы сипаттап қана қоймай, олардың нақты әрі пайдалы шешімін беретін әлемдік БАҚ-тың жаңа тренді.
Жоба аясында ақпараттық науқан (эдвокаси) жүргізудің қыр-сыры айтылды. Таяуда қабылданған «Масс-медиа туралы» заң, журналистердің құқықтары мен міндеттері, медиа құру және тіркеу, қызметті монетизациялау жолдары айтылды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА