Жанұя жарастығы — шаңырақ шаттығы
Атырауда шаңырақ шаттығы мен өнегелі тәрбиені ұлықтайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Биыл аудандық, қалалық деңгейдегі байқауда 32 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Олардың ішінен оқ бойы оза шыққан 16 үздік отбасы іріктелді. Салтанат сарайында ұйымдастырылған марапаттау шарасына осынау жанұя мүшелері қатысып, мерекелі сәттің куәсі болды.
Еңбекте, спортта, өнерде, шығармашылық пен ғылымда жетістікке жетіп, байқаудың жеңімпазы атанған отбасыларды облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева құттықтады.
– Елбасының тапсырмасы негізінде қолға алынған бұл байқау бес жылдан бері ұйымдастырылуда. Отбасы құндылықтарын дәріптеп, оны насихаттауда мұндай шараның мәні мен маңызы зор. Мерейлі отбасыларды көпшілікке ұлықтау, кейінгі ұрпаққа үлгі ету – басты мақсат. Сондықтан, мәртебесі зор бұл үрдіс алдағы уақытта да дәстүрлі жалғасын табады, — деді Айгүл Теміртасқызы.
Байқауда бақ сынап, белсенділік танытқан бірқатар отбасы мүшелері облыс әкімі атынан Алғыс хатпен марапатталды. Ал, үшінші орынға Құрманғазы ауданынан еңбек жолын мәдени саладан бастап, кейін осы қызметтің нағыз майталманына айналған Әуез Ізжановтың шаңырағы ие болды. Сондай-ақ, осындай дәрежедегі құрмет исатайлық, білім беру саласында өзіндік қолтаңбасы бар, қоғамға үзбестен 50 жыл еңбек етіп, белсенді, қызмет атқарған Әнуарбек Зайдуллин мен бір ұл мен төрт қыз өсіріп, өндіріс саласынан қол үзбей қызмет етіп келе жатқан Мақат ауданынан келген Жеңісбек Базарғалиевтің жанұяларына көрсетілді.
Конкурсқа қатысқан Жылыой ауданының Құрметті азаматы Нұрдәулет Ақназаровтың отбасы сайыстың екінші тұғырынан көрінді. Бүгінгі күні тоғыз баласынан 18 немере, сегіз жиен, екі шөбере сүйіп отырған қызылқоғалық Саламат Таяшев пен махамбеттік еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Нәсіпқали Нұрғалиевтің отбасылары да екінші орынға лайық деп танылды.
Адамгершілік құндылықтар мен ұлттық тәрбиені насихаттайтын шарада жүлделі бірінші орын екі отбасыға бұйырды. Олардың бірі – 45 жыл бойы журналистика саласында талмай еңбек етіп, бүгінде зейнет жасында болса да әлі де қызметтен қол үзбеген Кәрім Бақриденов отбасы. Кәрім аға – қазір 70 жаста. Атырау қаласында тұрады. Құрметті зейнет демалысында болғанымен, аудармашы, тіл маманы болып әлі де еңбек етуде. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, радио саласындағы 35 жылдық еңбегі үшін «Қазақ радиосының ардагері» төсбелгісімен марапатталған Қазақстанның батыс аймағындағы бірден-бір азамат.
Жұбайы Майра Жекебаева еңбек жолын облыстық «Атырау» (бұрынғы «Коммунистік еңбек») газетінде тілші болып бастаған. Олардың отау тіккеніне биыл – 45 жыл.
– Өмірге бес бала әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Бәрін де оқытып, тоқыттық. Тіршіліктің қиындығын да, қуанышын да бірге көрдік. Бүгінде балаларды аяқтандырып, 14 немере сүйіп, қызықтарына бөленіп отырған бақытты ата-әжеміз. Жас отбасыларға айтарым, баланы ерте жастан жақсылыққа, еңбекке тәрбиелеу керек. Нәтижесінде үлкендері кішілеріне қарайлап, қамқор болады, — деді Майра апай бізбен әңгімесінде.
Екінші жеңімпаз – Индер ауданынан қатысқан Тасқариндер отбасы. Отағасы Сүндет Тасқарин – Ұлы Отан соғысының ардагері, Есбол аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық кеңестің жауапты хатшысы, бөлім меңгерушісі, аудандық шикізат дайындау кеңсесінің директоры секілді бірқатар басшылық қызметтер атқарды. 1986 жылдан бері зейнет жасында. «Индер ауданының Құрметті азаматы» атанған оның кеудесінде бүгінде «Құрмет белгісі», «Еңбектегі ерлігі үшін», орден, медальмен бірге сегіз төсбелгі жарқырайды.
Отанасы Шәйда Бекмұханова өткен жылы дүниеден өтті. Білім, мәдениет, байланыс торабы салаларында қызмет етті. Отбасында бес баладан жеті немере, 17 жиен мен алты шөбере, 12 жиеншар тәрбиелеп өсірген отбасының ұрпақтары сахна төрінен орын алып, бұл жетістіктері ұрпақ сабақтастығында зор мәртебе екендігін айтты.
Жеңімпаз атанған Бақриденов Кәрім мен Тасқарин Сүндеттің отбасылары Астана қаласында өтетін республикалық дәрежедегі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында өңірдің мәртебесін қорғайды.
Кәрім БАҚРИДЕНҰЛЫ, жеңімпаз:
Отан – отбасынан басталады
– «Мерейлі отбасының» жеңіс тұғырынан көріну – біз үшін үлкен мерей. Мұндай отбасыларды ұлығылау – Елбасының алға қойған басты мақсаты. Әр жанұяда ұлттық құндылықтарымыз берік сақталып, ынтымақ пен бірлікке ерекше назар аударылса, Отанымыздың да іргесі берік болары сөзсіз. Сондықтан, әрбір ата-ана өз ұрпақтарының тәрбиесіне бесіктен бастап ерекше мән берсе деймін.
Талғат ТАСҚАРИН, жеңімпаз отбасының ұлы:
Тәрбие – талбесіктен
– Әкеміз Сүндет Тасқарин 92 жаста. Байқауға ол кісіден тараған ұрпақтары келіп отырмыз. Әке мен анадан көрген тәрбиені бүгінде біз жалғап, немере, шөбере, жиен көрген мәуелі бәйтерекке айналдық. Әулетте әрқашан ынтымақ пен бірлігіміз бекем. Осының нәтижесінде байқауда алдыңғы саптан көрінгенімізге ризамыз.
Алтыншаш Құрмашева