Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

«Жан сырымды шерттім…» немесе Атырау гимнінің қалай шыққаны жөнінде

Каспий маңы ойпатындағы елді мекендердің ішінде Атырау қаласының мән-маңызы ерекше.

Әу баста Алтын Орда дәуіріндегі Лаэти тұрағынан басталған бұл қоныста Ноғай ордасы кезінде балықшылардың шағын ғана «Үйшік» атты мекені болған деседі. Патшалық Ресей казак-орыстардың иелігіне берген тұста, Жайық қалашығы, Төменгі Жайық қалашығы Гурьев аталып кетті. Тіпті, Кеңес Одағы тұсында аз уақыт «Чапаев қаласы» деп те аталған. 1991 жылы сол кездегі қала басшысы Нұрпейіс Мақашевтің бастамасымен қалалық кеңестің 4 қазандағы шешіміне сәйкес, қала атауы «Атырау» деп өзгертілді. Бұл шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы 1992 жылғы 21 ақпан күні арнайы қаулымен заңдастырған болатын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жер-жерде жер-су аттары байырғы атауларын ала бастады. 1993 жылы бұрын «Гурьев» атанған Атырау қаласы өзінің ежелгі атын алды. 1996 жылы сол кездегі қала әкімі Жалғас Тікенбаев мәдениет қызметкерлеріне «Қала күні» қарсаңында халыққа тарту етер жаңа туынды шығаруды тапсырады. Ертеректен белгілі «Көрінген сонадайдан Гурьевім, Көрмедім Гурьевтей жер биігін» деген халық әні жергілікті жұрттың құлағына Гурьев атымен сіңісті боп кеткен еді. Сондықтан, Атырауға өз әні керек болды. Мұны әкімшілік те жақсы ұғынып, «Атырау қаласының гимні жазылуы керек» десті. Музыкасын жазу атыраулық композитор Болат Қохамановқа тапсырылған. Әуені дайын, енді мәтін жазатын кім? Сол кездегі қалалық мәдениет бөлімінің басшысы, белгілі әнші Ақмарал Машимова екеуі қатты ойланады. Сөйтіп, екеуі мені Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің жатақханасына іздеп келгенде, қатты таңғалдым.

– Төрт күннен кейін тойланатын «Қала күні» мерекесінде бұл ән орындалуы керек. Бір күн ғана уақытың бар, — десті екеуі қосарланып.

Қысқасы, сол түнді ұйқысыз өткіздім. Қиналдым. Өйткені, әнге сөз жазу оңай емес, бұрын-соңды тәжірибем болған жоқ. Әннің өз поэзиясы бар. Оның үстіне бұл ән – жай ән емес, Атырау туралы. Жүгі ауыр сын болды мен үшін. Білемін, Болат Қохамановтың стилі өзгеше. Сегіз буынмен басталып, бес буынға ұласып, одан алты-жеті буынға, он екі буынға түсіп кетеді. Буын симайды, буында мағына-ойды айту керек, ұйқасы тағы бар, бәрі де қинады. Жүрек те қысылды, ұйқы да қысты. Әйтеуір, таң ата жазылды-ау…

Енді «халық қалай қабылдайды?» деген қобалжу бар көңілде. Себебі, бір-екі рет айт ы л ы п ұ м ы т ы л ат ы н , көңілден тез өшіп қалатын әндер болады. Туынды тудырудың қиындығы да осында ғой. Жүрекке жету үшін жүректен шығу керек. Атырау – туған өлкем, өте жақсы көремін. Ең алғаш: Аңсап келіп алыстан, Жан сырымды шертем. Толқыныңмен жарысқан, Мен де бір еркең!.. — деген жолдар жазылды.

Сосын ойладым, «мынау біртүрлі емес пе?! Жайықтан алыстап, мен қайда барамын?! Әй, бірақ мен алысқа кетпесем де, басқалардың да жүрегіндегі сағынышпен ұласып жатқан жоқ па» деп қоямын өзіммен өзім сөйлескендей. Енді ойласам, осы жолдар менің дәл қазіргі көңіл-күйімнің қылын ш е р т е т і н д е й . « Е л д е н а л ы стап кететінімді өзім сезіне алмасам да, өлеңім сезгендей болған екен-ау» деп ойға кетемін кейде. Бұл да бір қызық естелік қой мен үшін…

kohamanov1

Ән алғаш рет «Қала күні» мерекесінде сол кездегі жас әнші Іңкәр Ерғалиеваның орындауында халыққа тарады. Іңкәр әнді ерекше махаббатпен, есіміне сай толқыныспен орындап шықты. Халық бір тыңдағаннан-ақ әнді жылы қабылдап, қосыла шырқап кетті. Осы ән үшін сол кездегі қала әкімі Жалғас Мұсаұлы Тікенбаев композитор Болат Қохаманов екеумізге «Жыл адамы – 1996», «Жылдың үздік ақыны», «Жылдың үздік композиторы» аталымдарын берді. 2009 жылы бұл әнді атыраулық «Дарын» ер балалар хоры (жетекшісі, мәдениет қайраткері Алтын Жұматина) Италияда өткен Халықаралық конкурста орындап, Гран-при алып келді. Айтпақшы, осыдан үш жыл бұрын қызық оқиға болды…

Атырауда Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы-музыкалық колледжінде кездесуім өтіп жатты. Кеш ортасында жүргізуші Ақназкен маған: – Маржан Ершу! Сіз – бақытты ақынсыз! — дегенде, селк еттім. Сосын видеоны экраннан көрсеткенде, өзімді бақытты сезінгенім, қатты толқығаным рас. Ақназкеннің айтуынша, колледж студенттері мен ұстаздары Италияға гастрольдік сапармен барыпты. Керемет концерттер өтіп, қайтар кезде елді сағынып, «Атырау-арман» әнін ұстаздар мен студенттер махаббатпен сахнада шырқапты. Кездесуде көрсетілген сол бейнекөрініс еді. Қанша жыл өтсе де, әнге деген халық ықыласының суымай келе жатқанына бұл да бір дәлел емес пе?!

1999 жылы Иманғали Тасмағамбетов Атырауға әкім болып келгенде, бүкіл ел қуанды. Аз ғана уақытта Атыраудың рухын көтеріп кетті. Құрылыстар қызып, жұмыс күні-түні жүріп жатты. Нағыз Атыраудың дәулеті мен сәулеті қатар өркендеген шақ қой. Сарайшық кешені, Бейбарыс, Құрманғазы, Динаға керемет ескерткіштер қойылды. Музейлер жаңарып, ісі жанданып, бұған дейін мұндай мекеменің бар-жоғын білмейтін жұрт енді музейге симай жатты. Жаңа мешіт бой көтерді. Әуелі халық тілегі бойынша «Иман» деген атпен ашылды. Дәл сол шақта менің «Атырау» деген өлеңім «Атырау» газетіне жарияланды. Онда: Көңілі көктем, жүрегі таза, жаны игі, Алланың үйі – мешітті асқақ таниды. Иман деп оны атағанменен бүгінде, Халықтың өзі қосар-ау ертең «ғалиды», — деген жолдар бар еді. Осының ықпалы болды ма, әлде елдің ықыласы ма, білмеймін, көп кешікпей мешітті «Иманғали» деп атау жөніндегі ұсынысқа ешкім қарсы болған жоқ. Айтпақшы, Болат екеуміздің

«Атырау-арман» атты әніміз Иманғали ағамызға қатты ұнапты. Әннің бағы жанған тұс сол уақыттар еді. Облыстық телевидение бұл әнге клип түсіріп, күн сайын эфирден бірнеше рет беріп жатты. …Бұдан соң «Атырау-арман» әніне ықыластана назар салған қаланың бұрынғы әкімі Әлимұхаммед Құттұмұратұлы болатын. Бүгінгі жаңарған Атырау – сәулеті де, дәулеті де бар қала. Елдегі маңызды алып қалалардың бірі Атырау – қызу құрылыстың, қаптаған шұғыл істердің қаласы. Патриоттық дегеніміз – ең алдымен, рух, сүйіспеншілік, тәрбие. Өз қалаңа, өзіңнің топырағыңа деген сүйіспеншіліктен басталған сезім Отанға деген махаббатқа ұласпай ма?!

«Патриоттық шығармашылықтан басталады» демекші, атыраулықтардың сүйікті әніне айналып кеткен туындымызды, «Атыраудың кішкентай жұлдыздарының шамын жағамын» дегені шығар, Ә.Құттұмұратұлы «Дарын» ер балалар хорының орындауында клип түсіртіп, халыққа таратты. Хордың орындауындағы әсем ән тағы бір қырынан жарқырап көрінді. Шаһар басшысы өзінің Атырауға деген құрметін осылайша көрсеткен еді… Ел жылы қабылдап, «Атырау қаласының гимні» атап кеткен атақты әнге биыл 25 жыл толмақшы. «Ажар тозғанмен, ән тозбайды» деген әдемі сөз бар, демек жақсы ән – жанның азығы. Әуезді әннің бір өзі – бір дүние ғой. Белгілі композитор Болат Қохаманов екеуміздің бұл әніміз сүйікті қаламыз – Атырауға қойған ескерткішіміз десем, артық болмас. Жайнай бер, жарқырай бер, Атырау!

Маржан ЕРШУ, ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты,

Нұр-Сұлтан қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button