
Жамансорда 110 орындық мектеп-интернаттың құрылысы басталды
Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында мектеп-интернаттың іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары, облыс прокуроры, облыс әкімінің орынбасары, мемлекеттік орган өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Нысан — Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қайтарылған активтер есебінен халық игілігіне бағытталған жобалардың бірі. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев екі блоктан тұратын жаңа ғимаратта 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернат қарастырылғанын атап өтті.
Қайтарылған қаражатты ел игілігіне жұмсау – Мемлекет басшысының айқын ұстанымы. Бұл жоба шалғай ауыл балалары үшін сапалы білім мен қолайлы жағдайдың кепілі болмақ. Біз үшін әр бала маңызды, – деді Қ.Нұртаев.
Қазір Жамансорда тек 50 орындық бастауыш мектеп жұмыс істейді, ал өзге оқушылар көршілес елді мекендердегі интернаттарда білім алуға мәжбүр. Жаңа мектеп-интернат ауылдағы балалардың білім алуына тең мүмкіндік жасап, олардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді.
1 маусым — Балаларды қорғау күніне орай заңсыз иемденген активтерді қайтару есебінен жүзеге асырылып жатқан ең бірінші нысан, яғни, Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 110 орындық мектеп-интернаттың құрылысы басталды. Ауыл балалары болашақта ел экономикасының қарқынды дамуына үлес қосатын, батыр, отанын сүйетін азамат болып тәрбиеленсін деген ниеттеміз, – деп атап өтті Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов.
Жамансор ауылының тұрғыны Бағдабай Амановтың айтуынша, жаңа мектептің салынуы ауыл халқы үшін үлкен қуанышты жаңалық болды.
Бұрын баламызды интернатқа жіберу үшін алыстағы ауылға таситын едік. Енді өз ауылымызда заманауи мектеп-интернат салынатынын естігелі қуанышымызда шек жоқ. Бұл біздің көптен күткен арманымыз еді, – деді зейнеткер.
ҚР Конституциясының 30 жылдығы мен Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында қолға алынған жоба заман талабына сай толық жабдықталып, ауыл балаларына сапалы білім алуға және жайлы ортада тәрбиеленуге барлық мүмкіндік жасамақ. Жауапты өкілдердің мәліметінше, мектеп-интернат құрылысы қараша айында аяқталып, халық игілігіне беріледі.