Жалпыға бірдей декларациялау: кімге және қашан тапсыру керек?
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 42-ші қадамында Қазақстан Республикасының азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшуі көзделген.
Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Аида Жантөринаның айтуынша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғаның басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары; жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсыруы қажет. Бұлар декларацияны тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімде ұсынады.
Декларация биылғы жыл үшін «бастапқы» түрде 31.12.2023 жылғы жағдаймен жасалады. Үшінші кезеңнің декларантарына мыналар жатады: заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары; жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары; 2023 жылы жұмысқа қабылданған және 2024 жылғы 1 қаңтарына салық төлеуші болып табылатын мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттің сектордың қызметкерлері және олардың жұбайлары.
«Кіріс» декларациясында нені көрсету керек?
Декларацияда шетелдегі мынадай активтерді: жылжымайтын мүлік, жер учаскелерін; көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелерді; әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзетін кемелер, «өзен-теңіз» суларында жүзетін кемелерді; Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін; шетел банкіндегі банктік шоттарындағы барлық банктік салымдары бойынша жиынтық сомасы 1000 АЕК (3 450 000) асатын ақшаны көрсету керек.
-Сондай-ақ декларацияда еліміздегі немесе шетелдегі мынадай мәліметтерді көрсету керек: тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдарын; цифрлық активтерді; инвестициялық алтынды; зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілерін; 10 000 АЕК-ке дейін (34 500 000), оның ішінде банк ұяшықтарындағы қолма-қол ақшаны; жеке тұлғаның нотариалды куәландырылған қарыз шарттарын. Бұған қосымша, декларация тапсырушының қалауынша құны 1000 АЕК (3 450 000) асатын кез келген мүлікті (мысалы, мәдени құндылықтарды, қымбат заттарды, антиквариатты, биологиялық активтерді) көрсетуіне болады. Бірақ мұндай мүліктер тәуелсіз бағалаушы арқылы 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімде бағаланған болуы қажет, — деп түсіндірді маман.
Бұдан бөлек, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электрондық түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz — «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz порталының көмегімен) арқылы ұсынуына болады. Сондай-ақ оны «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» мобильді қосымшалары арқылы да жүзеге асыруға болатынын декларация тапсырушылардың қаперіне береміз.
Дәулетқали АРУЕВ