Қаңғыбас жандарға қамқорлық керек пе?

йййi Жаңалықтар

«Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы» мемлекеттік мекемесі 2000–2005 жылдар аралығында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бағынысында, кейін қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне қарасты қызмет атқаруда.

йййi

Қазіргі уақытта «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығы басшылыққа алынып, соның негізінде орталыққа қабылданған қызмет алушыларға психологиялық, құқықтық кеңес беру және әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді.

Орталық №1 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесіне қарасты №4 жылжымалы кітапхана филиалымен бірлесе жұмыс істеп, үш ай сайын кітап қоры жаңартылып отырады. Жұмысқа қабілетті азаматтар қалалық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, еңбек етуде.

Атауы айтып тұрғандай, үйсіз-күйсіз, өмір сүру үшін жұмысы да, қаражаты да жоқ жандардың уақытша тұруларына арналған бұл мекеме 50 адамға арналған. Оның 30 орын әлеуметтік бейімделу орталығына, 20 орын түнде болу бөлімшесіне арналған. Атамыш орталықтың негізгі міндеті – әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, психологиялық, еңбек, экономикалық, мәдени, құқықтық көмектер көрсету. қажетті керек-жарақтың барлығы тегін беріледі.

Бүгінгі күні орталықты 19 адам паналауда. Оның алтауы – әйел. Мұндағылар – тағдыр тәлкегіне түсіп, барар жері, басар тауы қалмаған, қарыны тойып тамақ ішпейтін, күл-қоқыстың арасында, үйлердің жертөлесінде бейшара күй кешкен жандар. Мемлекет тарапынан оларға көмек көрсетіліп, қамқорлық жасалып отыр.

Олардың тағдырлары да әрқилы. Бірі ішімдіктің кесірінен отбасынан айырылса, енді бірінің іздеушісі жоқ. Қысқасы, біздің санамызға БОМЖ деген атаумен сіңіп қалған кезбелер мен қаңғыбастар. Бір өкініштісі сол, орталықтан  пана тапқандардың дені – өзіміздің қаракөздер.

Биылғы жылы орталыққа – 62, түнде болу бөлімшесіне 90 адам қабылданды. Ал, әлеуметтік патрульмен 26 адам, тұрмыстық зорлық- зомбылыққа ұшыраған елуге жуық әйел қабылданып, қызметімізді көрсеттік. Орталық жанынан бес жыл бұрын «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі» құрылып, жұмыс жасауда. Мұндағы 20 төсектік орынға осы санатқа жатқызылғандар орналасады. Орталықта жатын, демалыс, ас үй, ем қабылдау және жуынатын бөлмелер талапқа сай жабдықталған.

Мекемеде арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж, белгілі тұрағы жоқ адамдарды анықтау және оларды уақытша болу ұйымына жеткізу қызметін жүзеге асыратын ұтқыр патруль қызметі жұмыс істейді. Көшеден әкелінген үйсіз-күйсіз жандарға түсінік жұмыстары жүргізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетіледі.

Өміржан ЖҰМАНИЯЗОВ,

«Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік  бейімделу орталығы» мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз