
Жалғызбасты зейнеткерді көршісі тонап кеткен
Atr.kz/1 қыркүйек, 2020 жыл. Атырауда 67 жастағы жалғызбасты зейнеткерді тонаған көршісі ұсталды.
«Түн ішінде көршім пәтеріме баса-көктеп кіріп келіп, қылғындырды. Ақша, банк картасын, телефонымды талап етті. Өзі жұмыс істемейді, ішімдік ішкенді жақсы көретін жігіт. Өміріме төнген қауіптен қатты қорықтым. Мобильді телефонымды, банк картасын беріп құтылдым», — дейді полицияға арызданған Авангард-2 ықшамауданындағы көп қабатты үйде тұратын 67 жастағы зейнеткер.
Көршісінен зәбір көрген зейнеткер есін жиып, өз-өзіне келген соң көршілері арқылы полицияға қоңырау шалған. Тәртіп сақшылары жәбірленушіден тонаушы туралы мәліметті алып, жан-жақты іздестіруге кіріскен.
«Полиция жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, 29 жастағы күдіктіні ұстады. Одан айғақ заттар алынып, зейнеткерге қайтарылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр» -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
«ҚазАқпарат»