«Жалақысы жоғары жұмыс бар ма?»
«Өңірімізде жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Бүгінде қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі жұмыссыз азаматтар мен борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін» өткізді.
- - Бұл акция жыл сайын екі рет ұйымдастырылып отырады. Алдыңғы жылға қарағанда биыл берілген мамандықтар тізімі едәуір көбірек. Алдағы уақытта жұмыссыз жастарға да бірқатар жобалар ұйымдастырылады. Бұндай жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады,- дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік жағынан қорғалатын топтармен жұмыс секторының меңгерушісі Гүлнәр Тұрашева.
Аталған жәрмеңкеге 19 мекемеден яғни, «АМӨЗ», «Спецавтобаза», «Болашақ-Атырау», «Сичим СпА», «FSSA», «ЕМГ Строй Сервис-Атырау», «Заман-Энерго» секілді тағы да басқа компаниялардан жүргізуші, жүк тасушы, есепші, аудармашы, медбике, еден жуушы, тоқ жөндеу мамандары, тігінші сияқты мамандықтардан 9223 бос жұмыс орындары ұсынылды.
Жұмыс бойынша мекемеге биылдыққа 3490 адам хабарласқан, оның 1002-сі жұмысқа орналастырылған. Жалпы жұмыссыздық бойынша ресми тіркелген адамдардың саны былтыр 6171 болса, биыл 5003-ті құрады. Алдыңғы жылға қарағанда жұмыссыздық деңгейі төмендеген.
Былтырғы жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» бастау алды. Аталған жоба арқылы осы жылға кәсіптік даярлау немесе қайта даярлау, біліктілігін арттыруға, кәсіпкерліктің негізінде оқытуға – 425 адам, әлеуметтік жұмыс орнына – 48 адам, жастар тәжірибесіне – 300 түлек, қоғамдық жұмысқа – 480 адамды тарту жоспарланған.
Мүмкіндігі шектеулі жандарда қараусыз қалмады. Қалалық жұмыспен қамту орталығы 116 мүгедек жұмыссыз азаматтардың өтініштерін қабылдап, лайықты жұмыс орындарын ұсынып отыр. Олардың 80-і ақылы қоғамдық жұмысқа жіберіліп, 9 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Белінен шыққан балаға қаржылай көмек беру әр ата-ананың парызы. Облыс бойынша баласына алимент төлейтін 8500 борышкер әке бар. Олардың 3600-і жұмыссыз. Осы орайда жәрмеңкеге екі қолға бір күрек іздеген 300-ге жуық борышкер қатысты.
- - Жұмыспен қамту жәрмеңкесі аясында орталыққа жұмыссыз 1000-ға жуық адам құжаттарын өткізді. Мекемелердің бос жұмыс орындарына берілген сұраныстарына сәйкес 450 жұмыссыз адамның түйіндемелері дерекқорына берілді. Жолданған түйіндемелер қаралып, нақты шешім шығатын болады,- дейді Гүлнәр Оразбайқызы.
Нұрсұлтан НҰРСЕЙТ