АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ: Тағамның 29 түрі бақылауға алынбақ

image 13 03 20 04 24 1 Жаңалықтар

Atr.kz/16 наурыз, 2020 жыл. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қай өнімдер импортталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік негізгі азық-түлік тауарларының 29 түрі бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бұл тізбені шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топ – қамтамасыз етілуі 100 және одан да көп пайызды құрайтын азық-түлік тауарлары (тауық жұмыртқасы, күріш, қой еті, картоп, ұн, макарон және т.б.). Отандық өндірушілердің өндіріс көлемі жеткілікті болғандықтан, бұларға басымдық берілмейді», – деді министр Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, екінші топ – қамтамасыз етілуі 90 және одан асатын пайызды құрайтын өнім түрлері. Бұлар – маусымға тәуелді болатын көкөніс өнімдері (қызанақ, қияр, қырыққабат, сәбіз, басты пияз, бұрыш), сиыр еті, шошқа еті, жылқы еті, қышқыл сүт өнімдері, сары май және күнбағыс майы. Көрсетілген өнімдерді жеткілікті көлемде өндіреміз, сонымен бірге аз көлемде импорт та бар.

«Үшінші топ – қамтамасыз етілуі 80 пайыздан төмен өнім түрлері. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, балық, алма мен қант. Бұл тауарлық позициялар бойынша импорт жыл сайын 580,7 млн долларды немесе 220 млрд теңгені құрайды. Олар экзотикалық тауарлар емес. Бұлар өз елімізде өндірілетін және 2024 жылға қарай өз-өзімізді қамтамасыз ету деңгейіне жеткізуге болатын тауарлар. Аталған міндеттер сала алдына қойылды, сондай-ақ Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасында да көрініс тапты», – деді Сапархан Омаров.

Осы орайда ол министрлік сүт, құс етін, алма мен қант өндіру көлемін ұлғайтуды көздейтін салалық бағдарламалар әзірлегенін еске салды.

Амандық АБДОЛ

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-my%d2%a3%d2%93a-zhuy%d2%9b-adam/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз