«ЖАҚСЫ ӨМІР ЖАҚСЫ ОҚУДАН БАСТАЛАДЫ»
– Жаңа оқу жылының басталуы – өте айрықша сәт. Әрбір жанұяның ең үлкен міндеті – отбасындағы ұл-қызға жақсы тәрбие, білім беру. Осындай үлкен мақсаттар жаңа оқу жылынан, мектеп табалдырығынан басталады. Бүгінгі сабақты Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы тақырыбында бастағалы отырсыздар. Қазақ-түрік лицейлері – Қазақстанның алғаш егемендік алған жылдары пайда болып, өскелең ұрпаққа, еліміздің экономикасының дамуына ерекше үлес қосып отырған оқу орны. Облыс орталықтарындағы қазақ-түрік лицейі түлектерінің білімі көп жағдайда жоғары болып келеді. Сондықтан, осында оқып жатқан, әсіресе, биыл оқуға қабылданған жетінші сынып оқушылары, Сіздер, лицейді мақтан етулеріңіз керек. Бұл оқу орнынан шәкірттер қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қатар, түрік тілін еркін меңгереді. Жақсы өмір жақсы оқудан басталады. Кезінде мен де он бір жылдық мектепті медальмен бітіріп, институтқа бірден оқуға түскен едім. Жұмыс барысында мамандығымды да жақсы меңгердім. Сондықтан, бәріңізді жақсы оқуға шақырамын, – деген Бақтықожа Салахатдинұлы өз лебізін өмірлік тәжірибесімен сабақтастыра жалғады. — Елбасы сонау тоқсаныншы жылдардың басында елдегі экономикалық қиыншылықтарға қарамай, еліміздің жақсы оқыған ұл-қыздарын шетелдерге жіберіп, «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Соның арқасында қазір көптеген дамып келе жатқан елдерге қарағанда көш ілгеріміз. Азғантай уақытта ел экономикасына оңды ықпал жасайтын мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты. Сол кезде өздеріңіз секілді мектепті жақсы оқып, өз мамандықтарын жетік меңгерген азаматтар қазір үлкен қызметтерді атқарып жүр. Лицейдің білім деңгейін атқарушы органдарда жұмыс жасағандықтан көріп келе жатырмын. Оның ішінде менің жанұяма да тікелей қатысы бар. Кіші ұлым Айбек Ізмұхамбетов әуелі Алматы, кейін Астана қаласында қазақ-түрік лицейінің 9-сыныбын, 10-11 сыныпты Ұлыбритания елінде оқып бітірді. Кейін университет тәмамдап, бір жыл Лондонда жұмыс жасады. Қазір магистратураға оқуға түсті. Міне, бұл – лицей өмірінен бір ғана мысал.
Оқушының өмірге деген дұрыс көзқарасы қалыптасатын ортасы осы лицей болмақ. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында мұнай саласында шетелмен бірлескен мекемені құрып, басқарған едім. «Қазақ-түрік мұнай» деген мекеменің жұмыс жасап келе жатқанына 21 жыл болды. Жұмыс барысында бірнеше тілді еркін меңгере алдым. Соның ішінде түрік тілінде еркін сөйлейтінімді мақтан етемін.
Аймақ басшысы, сондай-ақ, еліміздегі өскелең ұрпақтың білімді, тәрбиелі болуы үшін елімізде барлық жағдай жасалғандығына тоқталды. Білім саласына бөлінген қаржы жылдан-жылға өсіп келеді. Атырау облысында да толайым табыстар көп. Соңғы екі жылдың ішінде 60 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, биыл отыз мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, жиһаздары жаңартылды. Үш ауысымды мектептер түгелімен жойылды.
– Біз өткен оқу жылында республика бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізе білдік. Бірақ, облыстағы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл көңіл толтырарлықтай болмады, — деген лицей директоры Исмайл Эльма жаңа оқу жылынан бастап оқушылар мен мұғалімдер үлкен жігермен оқуға кірісетініне тоқталды.
– Өткен оқу жылында лицейді бітірген 47 түлектің 30-ы еліміздегі белгілі оқу орындарының студенті атанса, қалған 17 оқушы шетелдерде оқуын жалғастыруға мүмкіндік алды.
Шара барысында оқушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы негізгі міндеттерді кезекпен-кезек мәнерлеп оқып берді. Оқу озаты, лицейдің 11-сынып оқушысы Әлішер Салимов оқушылар атынан сөз алып, білім мен тәрбиеде алда көріну үшін көп ізденіп, жетістіктерге жететініне серт берді. Сондай-ақ, оның Білім күнімен тұспа-тұс келген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының туған күніне орай жүрекжарды лебізін жеткізіп, гүл шоқтарын табыстау сәті де аса тартымды шықты. Ата-аналар атынан Асылбек Қасымов жиналғандарды Білім күні мерекесімен құттықтады.
Бұдан соң алғашқы қоңырау үні естілді. Лицейдің 2014-2015 оқу жылының алғашқы қоңырау соғу рәсімі 1966 жылы Махамбет селосы, бұрынғы Фурманов мектебін үздік оқып, «Алтын белгі» иегері атанған, техника ғылымдарының докторы, «Құрмет», «Барыс» ордендерінің иегері, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовке жолданды.
Оқушылар «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбындағы сынып сағаттарына қатысты. Салтанатты рәсімнен соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен бірге мерекелік шараның өзге де қонақтары лицей ішін аралап көріп, оқу орнының қолтаңба кітапшасына жүрекжарды тілектерін жазып қалдырды.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.