Жайық жағасынан 160 тонна қоқыс шығарылды
Атырау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында іс-шаралар жалғасуда. Аталған акция аясында өлкенің табиғатқа жанашыр тұрғындары сенбілікке шығып, Жайық жағалауына санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындарды отансүйгіштікке, өз қаласы үшін жауапкершілікке баулу, экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жұмыстарға атыраулықтар белсене жұмылды.
Төтенше жағдай режимі кезінде Жайықтың жағалауына 5 миллионға жуық қап төселді. Су деңгейі төмендегесін өзен жағасын санитарлық тазалау қажеттілігі туындады.
Сенбілік аясында жастар мен қоғамдық белсенділер жағалаудан 160 тонна топырақ салынған қапты шығарды.
«Жасыл ел» жастар қозғалысының ұйымдастырушысы Заманбек Құрақбайдың айтуынша, тазалық жұмыстары әлі де жалғасады.
–Табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде «Жасыл ел» жастар қозғалысының аясында 1000 жас жұмыспен қамтылды. Әр адам экологиялық мәдениетті сақтауды өзінен бастауы керек. Осы тұрғыда санитарлық тазалыққа жұмылып жатқан тұрғынның қарасы көп, — деді З.Құрақбай.
Экологиялық акцияға қатысушылар бірнеше учаскеге бөлініп, әрқайсысына жауапты үйлестіруші белгіленді. Түрлі ойын мен квесттер ұйымдастырылып, сенбілік мерекелік сипат алды.
Айта кету керек, акция басталғалы облыста 200 гектар аумақ тазаланып, 723 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ұйымдастырушылар тұрғындарды тазалық жұмыстарына тарту бағытында бірнеше жоба жоспарлап отыр.