Жайық және Қиғаш өзендерін суландыру және гидрологиялық режимін ұлғайту жұмыстарының ІІ кезеңі жүріп жатыр
Бұл туралы Атырау облысының әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев «Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы» тақырыбында өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
2017-2021 жылдар аралығында облыс аумағындағы Қиғаш өзенінен 126 шақырым және Жайық өзенінен 43 шақырым сулылығын арттыру және гидрологиялық режимін ұлғайту жұмыстарының 1 кезеңі жүзеге асты. Бүгінде аталған жұмыстың ІІ кезеңі басталды.
-Жобаның ІІ кезеңі бойынша 2022-2024 жылдары жалпы ұзындығы 51,5 шақырым құрайтын Жайық өзенінің Зарослый, Приморский каналдары және Үш өзек пен Алты өзектің түбін тереңдету жұмыстары жасалады. Жобаның жалпы құны 6,5 млрд. теңге. Мердігер мекеме «Павлодар өзен порты» АҚ, — деді Қ.Нұртаев.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Жайық және Қиғаш өзендерінің теңізге құяр сағаларын түп тереңдету жұмыстарына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы үкіметтік резервтен қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда екенін жеткізді.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдары жобаның ІІІ кезеңі басталады. Онда Қиғаш өзенінің 144,5 шақырым түп тереңдету жұмыстары жүргізіледі.