Жайық апат алдында: салдары қандай болмақ?
Atr.kz/18 тамыз, 2019 жыл. ATPress.kz сайты редакциясының түсіру тобы Жайықтың бойымен «Ақ Жайықты аялайық!» экологиялық экспедициясына шықты. Экспедицияның мақсаты – Жайықтың бойындағы экологиялық ахуалмен танысу, жергілікті тұрғындармен, қоғам өкілдерімен, экологтармен тілдесу. Түпкі тірелер жер – осы өзен бастау алатын Ресейдің Башқұртстан Республикасындағы Учали ауданының Вознесенка селосы.
Трансшекаралық Жайық өзеніне экологиялық апат қаупі төніп тұрғаны, оның салдары туралы талай рет айтылған еді. Бірінші тоқтаған жеріміз – Индер ауданының орталығы Индербордың өзінде-ақ түсіру тобының осыған көзі жетті.
Индер. Кезінде жергілікті кен орнында шығарылатын борат тонналап баржамен Жайық өзені арқылы Атырауға жіберілген болатын. Қазір өзеннің тайызданғаны сондай, кейбір жерлерде ортасына дейін жаяу кешіп баруға болады. Ендеше, кеме қозғалысы туралы әңгіме болуы мүмкін емес.
Айтпақшы, өткелге қатысты бір аңыз еске түседі. Соған сенсек, XIV-XV ғасырларда өмір сүрген ақын және ойшыл Асан-Қайғы Жайық арқылы тастан өткел салып, халық оны Таскешу деп атап кеткен екен. 2010 жылы шамамен осы тұста көпір салынды. Сол көпірдің үстінен қарағанда кезінде суы мол өзеннің тартылып қалғаны айқын көрінеді. Үлкен аралдар пайда болып, олар өзенді бірнеше уақ арналарға бөліп тастаған. Солардың біреуін біз қиналмай, бір қолмен жүзіп өттік.
– Асан Қайғы өткел салғанда өзеннің арнасы кең болған. Бұрын өзен тасығанда су басатын жерлерге енді жетпей жатыр. Биыл су мүлдем тасыған жоқ. Көптеген аралдар пайда болды. Ұзамай Жайықты жаяу кешіп өтетін шығармыз,-деген Индербор кентінің тұрғыны Бақберген Сахиповтың пікірінше, проблеманы су қоймасынан су беруді ұлғайту арқылы шешу қажет.
Индер гидробекеті тұсында бірнеше жыл бойы судың деңгейі өлшеніп келеді. Осындағы қадалардан кезінде Жайықтың суының деңгейі қаншаға дейін көтерілгенін байқауға болатын еді.
– Бұл проблеманы Ресей мен Қазақстан үкіметаралық деңгейде шешуі қажет екені анық. Су қоймасынан су беруді үйлестіру жөніндегі комиссияның отырыстары оны шеше алмайды. Жайықты сақтап қалмасақ, бұл әлемдік деңгейдегі апат болады,-дейді Қазақстанның еңбегі сіңген геологы Хасан Камашев.
Бұдан соң Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық ауданының Чапаев селосына бас тіредік. Бұл селоға 1919 жылғы қазан айында Азамат соғысының атақты батыры Василий Чапаевтың аты осы жерде Жайықтың суына батып қаза тапқан соң берілген. Алайда, содан бері өзеннің арнасы талай өзгеріп, қазір атақты комдив қаза тапқан тұстан мүлдем басқа жермен ағады. Осы жөнінде хабардар еткен Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Дәулетжан Жақсыбаев соңғы рет мол су 1994 жылы болғанына тоқталды. Содан бері жөнді су тасуы болмапты. Оның айтуынша, бұрын бекіре тұқымдас балықтар уылдырық шашу үшін Ақжайық ауданына дейін келетін. Қазір балық түгілі, Жайықтың өзін сақтап қалу мұң болып отыр.
– Мұғалжардан бастау алатын Жем өзені Атырауға жетпей кеуіп қалады. Жайық та соның тағдырын қайталауы мүмкін,-деп уайымдайды Д.Жақсыбаев.
Жергілікті ақын Сағынтай Бисенғалиевтің айтуынша, өзеннің тартылуы салдарынан тоғайлар мен жайылым мен шабындықтар құрып барады. Мұның экологиялық салдарынан бөлек, ауыл шаруашылығына келтірер нұқсаны мол. Себебі, жергілікті жерде жайылым да, шабындық та мал шаруашылығын дамытуда маңызды роль атқарады.
Осыдан үш жыл бұрын ATPress.kz сайты өзен түбін тереңдетумен қатар, жайылма алқабын суландыру қажеттігі туралы мәселе көтерген еді. Сол кезде, тәжірибелі инженер-гидротехник Мәскеубай Шортабаев проблеманы шешу жөнінде өз ұсыныстарын айтқан болатын.
Қалай десек те, Жайықтың т а й ы з д а н у ы қ а т е р л і экологиялық, экономикалық, әлеуметтік проблемаларды туындататыны анық. Ал, оның салдары қандай болмақ? Мұны қазір ешкім болжай алмас.
Қаршыға КӨШЕКОВ
(жалғасы бар)