Жарнама
Жаңалықтар

ЖАЙЫҚ БОЙЫНДАҒЫ ЖАСАМПАЗ ІСТЕР

Аудан бойынша өткен жылы бюджетке түскен кірістер мен төлемдер 1 млрд. 137,4 млн. теңге болып, жоспар 112 пайызға орындалды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Жергілікті бюджетке 644,3 млн. теңге түсіп, жоспар 107 пайызға жетті.  Бюджеттің шығыс бөлігі 6 млрд. 378,6 млн. теңге құрап, толықтай орындалысы қамтамасыз етілді.

Ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,4 млрд. теңгеге жетіп, сала бойынша нақты көлем индексі 110,4 пайыз болып отыр. Былтыр негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 9,6 млрд. теңге болып, алдыңғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 71,4 пайызға артты. Өткен жылы тұрғындар өз күштерімен 8,9 мың шаршы метр көлемінде 66 тұрғын үй салып алды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2014 жылы 9 млрд. 569 млн. теңге құрап, 2013 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда  2,6 есеге артқан.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша тоғыз  нысанға 418,2 млн. теңге қаражат бөлінді, осы уақыт ішінде бес білім нысаны, үш мәдениет үйі және Индербор кентіндегі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 28,1 млн. теңге қаржы бөлініп, үш елді мекенде ұзындығы 6, 5 шақырымдық жазғы су құбырлары ауыстырылып, алты елді мекеннің 37 көшесіне 287 жарық шамдары және бір елді мекеннің саябағына ойын алаңы орнатылды.

Іске қосылған жобалардың ішінен «Алға-1» шаруа қожалығының сүт өнімдерін өндіру кешені жобасын  атап өтуге болады. Жобаны жүзеге асыруға «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында «Атырау ӘКК» арқылы 10 жылға 6 пайызбен 110 млн. теңге несие алу арқылы қол жеткізілді. Серіктестік алған несиесіне 142  жылқы мен 76  түйе сатып алып, өсіруде және қымыз, шұбат құюға қажетті қондырғыларды іске қосты.

Жүзеге асырылған тағы бір жоба – Индербор кентіндегі «Алға» ЖШС-нің ет-сүт павильоны  тауар өндірушілерінің өз өнімдерін делдалсыз өткізуге мүмкіндік берді.

 Жарыссөзге алғашқы болып шыққан облыстық мәслихаттың депутаты, Атырау мұнай және газ институтының ректоры Д.Құлжанов өз сайлаушыларының өтініші бойынша Жарсуат ауылында аудандық спорт мектебінің филиалы үшін орын бөлуге ықпал етуді сұрады. Ардагер Қ.Қапиздің жазғы су құбырын тарту, Индердегі ауыл шаруашылығы техникалары бар көп салалы колледжге егін шаруашылығымен айналысу үшін жер бөліп, көкөніс, бақша дақылдарын өсіру мүмкіндігін қарастыру, Бөдене ауылынан ардагер-ұстаз М.Есқазиеваның ауылда балабақша мен мәдениет үйін салу жөніндегі ұсыныстарына байланысты облыс басшысы осы мәселеге орай тиісті жобаларды дайындау жайы қарастырылатындығын жеткізді.

Аудандағы эколог-инспектор М.Мұқановтың көтерген мәселелері де көпшіліктің көкейіндегі ойды қозғады. Қазір Индердегі қоқыс полигонында 150 мың тоннадай тұрмыстық қалдықтар жинақталып қалды. Соны қоршап, заңдастыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдап, өңдейтін арнайы орын ашу, құны 1,7 млрд. теңге тұратын  Индердегі орталық кәріздік су желісінің төрт жылдан бері салынып,  бітпей жатқан  құрылысын тездетіп аяқтау, бұрынғы борат кені өндірілген №99 шахтаны тиісті ведомстволық министрлік арқылы заңды жолмен консервациялау, қауіпсіздік шараларын алу және біраз жылдардан бері адамдардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізіп келе жатқан тұзды көлдің маңынан шипажай салу мәселелерін көтерді. Ал, Көктем орта мектебінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты О.Ділмұхашева біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Аққала, Гребенщик орта мектептері үшін жаңа ғимарат салу қажеттігін қозғады. Облыс басшысы бұл ауылдарда жаңа мектептер құрылысын салу жобалары аяқталып, мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүріп жатқандығын, Аққалада биылдан бастап жаңа мектеп құрылысы басталатындығын айтты.

Жиналыста қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алдымен жұртшылықты жаңа жылмен құттықтап, өткен жылғы есеп беру жиынында тұрғындар атынан айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталды. Басқосуда қозғалған мәселелердің аяқсыз қалмайтындығын, қаржы көздерінің табылуына байланысты кезең-кезеңімен  шешілетіндігін мәлімдеді.

Аймақ басшысы аудан көлемінде атқарылуға тиісті шаруалар мен нақты міндеттерді белгілеп берді.

Аудан әкімінің жылдық есебін талқылауға арналған жиналысқа Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бағдат  Әбілмәжінұлы Қарасаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сағындық Лұқпанов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысып отырды. 

 

Аймақ басшысының тапсырмалары:

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, шаруаларды қолдау бағытындағы жұмыстарды күшейту, бордақылау алаңын және жылыжай шаруашылығын құру қажет. 

Ауданда индустрияландыру картасы шеңберінде жасалатын жұмысты жандандыру, ауыл кәсіпкерлері арасында түсінік, насихат шараларын өрістету.

Денсаулық сақтау саласында кадрлар жетіспеушілігіне байланысты жұмысты жандандыру.

Білім беру сапасын жетілдіру, оқушылардың білім деңгейін көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру шараларын алу.

Жекеменшік балабақша ашу ісін қолға алып, биыл осындай екі балабақша ашуды жүзеге асыру.

Мақсатсыз пайдаланып отырған жер телімдерін қайта қарап, түгендеу жүргізу арқылы мемлекет иелігіне алу.

Жер қойнауында орналасқан пайдалы қазбаларды игеруді кәсіпкерлерге ұсыну, жаңа жоғары технологиялық өндірістерді іздеу жұмыстарын жандандыру.

Энергия үнемдеу саясатын іске асыруға арналған кешенді жоспардың орындалуын қамтамасыз ету.

Терможаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуді қажет ететін көпқабатты тұрғын үйлердің құжаттарын дайындау және аяқтау.

 

Бақытжан ЖҰМАТ, Сүйеу ХАЛЫҚОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button