Жайық бойын жайлаған ауылдар. Оларды қандай мәселелер толғандырып отыр?
Кеше Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысының өңірге сапары Жайық өзенінің Бұқар бетіндегі Алға ауылдық округінен басталды. Мұндағы ең басты мәселе — өзен ағынының қаттылығынан арна жыл сайын құлап, ауылға қауіп туғызып отыр.
— Ауылымыз Жайық өзенінің айналма тұсында орналасқандықтан мұнда ағыс өте қатты. Бұрынғы жылдары су ауылға алты-жеті метр ғана жақындаса, биыл қырық метрге жетті. Ауылды судан қорғау бекетіне 30 метрдей аралық қана бар. Егер 1993 жылдардағыдай су қатты көтерілсе, бөгетті су алып кету қаупі туындайды, — деп Алға ауылдық округі әкімі Сахи Оңдағани алаңдаушылық білдірді. Ал, өзен жағалауындағы бөгеттердің жағдайымен танысқан облыс басшысы бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Алғадағы тоқсан балаға негізделген «Қарлығаш» балабақшасы сонау сексенінші жылдары салынған. Облыс әкімінің келесі маңдай тірегені осындағы Алға орта мектебі болды. Алдыңғы оқу жылының қорытындысында 50-ден астам оқу озатын шығарған педагогикалық ұжымның биылғы жеткен жетістіктері мен табыстары аз болмапты. Десек те, жыл санап ғимараттың ескіріп, оқушылар санының артуына байланысты мұнда да кейбір қиындықтардың туындап отырғандығы жасырын емес.
Қазіргі таңда ауылда тоқсан бала кезекте тұр. Облыс орталығына жақын ауыл болғандықтан, демографиялық өсімнің жоғары екендігін баса айтқан ауыл әкімі жаңадан тағы бір балабақша салу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, 1972 жылы салынған Алға орта мектебінде екі ауысымда оқу жүйесін сақтау мақсатында бастауыш мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген тілегін білдірді. Алға жанұялық-дәрігерлік емханасы – ауылда соңғы жылдары бой көтерген ғимараттардың бірі. Мектептен кейін осында ат басын бұрған аймақ басшысы емдеу мекемесінің де жай-күйін көзімен көріп, жақсылықтарына куә болды. Осыдан үш жыл бұрын салынған емхана ғимаратымен де танысқан аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілгеніне сын айтып, бірқатар ескерту берді. Бұдан кейін облыс әкімі Есбол селолық округіне келіп, мұндағы Еңбекшіл, Ортақшыл және Есбол ауылдарында болып, әлеуметтік нысандардың жағдайына қанықты.
— Үш жүзге жуық тұрғыны бар Еңбекшіл ауылында тоғыз жылдық негізгі мектеп апаттық жағдайда тұр. Ауылда медициналық пункт пен балабақша жоқ. Сондықтан, балабақша жасындағы елуге жуық баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамти алмай отырмыз. Осыған орай, облыс әкімінен типтік жобада мектеп, балабақша және медициналық пункт салып беруді өтіндік. Аймақ басшысы көмектесетінін айтып, ауыл тұрғындарын қуантып тастады, — дейді Есбол ауылдық округінің әкімі Мереке Әділғалиев. Ауыл клубының негізі 1967 жылы қаланған. Содан бері мәдениет үйіне бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жасалынбаған еді. Тек тоқсаныншы жылдары ғана қабырғаға гипспен безендіріліп сурет салынған. Ағымдағы жылдың мамыр айында «Атамекен» экспедициясы аясында аталмыш ауылға барғанымызда мәдени нысанға күрделі жөндеу жұмыстары басталып жатқан еді. Енді осы жолы облыс басшысы атқарылып жатқан істерді көріп, оң бағасын берді.
Қашан да әлеуметтік саланың қамын алдымен күйттеп, ахуалын жақсарта түсуді көздеп жүретін аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы бұдан кейін де Ортақшылдағы «Балақай» балабақшасында, «Самал» мәдениет үйінде және жанұялық-дәрігерлік емханада болып, олардың әрқайсысының жағдайымен жете танысып, қызметкерлерімен кездесті. Осыған дейін ауылға тақтайдай тегіс кірмежол төселіп, табиғи газ бен таза ауыз су, жазғы су жүйелері жүргізілсе, басталған жұмыстардың алға қарай да жалғасатындығына, әсіресе, халыққа қызмет көрсететін, елге ең бірінші кезекте керекті әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салынатындығын қаперледі. Көршілес Индер ауданымен шекаралас орналасқан Ақжайық ауылдық округінде болғанында да облыс әкімі Нұрлан Ноғаев соңғы жылдары типтік үлгіде салынып, игілікке берілген «Бақжайық» мәдениет үйінде, «Арай» балабақшасында және ауылдық жанұялық-дәрігерлік емханасында болып, бұлардың барлығында қазіргі уақыт талабына сай серпіліс нышаны барын байқап, оң бағасын берді. Атырау өңірінде алғашқылардың бірі болып негізі қаланған білім ордасы – Қызылүй орта мектебінде де болған облыс басшысы сонау 1881 жылы Ақжайық топырағының Есбол сайында қызыл тастан бой көтерген білім ордасының бүгінде атауын өзгертпей, заманға сай қызметін атқарып келе жатқанына көз жеткізді.
Түстен кейін Жайықтың Самар бетіне бағыт алған аймақ басшысы Ақтоғай ауылдық округіне аялдады. Мұнда да, алдымен, «Жас дәурен» бөбекжайында болып, жақында ғана ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған мекеменің бөлмелерін аралап көрді. Балалардың ойын алаңқайлары мен өзге де шаруашылық нысандарын ретке келтіріп жүрген қызметкерлермен кездесті. Қаладағы өркениет қадамдарының ауылда да өркен жайғандығына қаныққан облыс басшысы жергілікті жердегі жағдайды жақсартып, әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешу үшін қолдау көрсетуге әзір екендігін айтты. Ауылдық клуб жанынан көркемөнерпаздардың қатысуымен бірнеше үйірмелер жұмыс жасайды. Десек те, орнының ескілігі ескеріліп, көп кешікпей жаңа мәдениет ошағын жоспарланғандығы да осы жерде жария етілді. Жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп қойылған жаңа нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары басталатын мезгілдің де алыс еместігін аңғардық. Бұған да аймақ басшысы ризашылығын білдіріп, оң бастамаға сәттілік тіледі.
Жайық өзені арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Құрылысы 2014 жылдың қаңтар айында басталған осынау маңызды стратегиялық нысанның жобалық құны 9,4 млрд.теңгені құрайды. Мердігер және жобалаушы мекемелер өкілдерінің мәлімдеуінше, жобаны жүзеге асыру басталғаннан бері жоспарланған жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржының тең жартысы игерілген. Тек кірмежолдар құрылысы бойынша жалпы көлемі 1,7 млрд.теңгенің, ал, көпір құрылысы бойынша 2,9 млрд.теңгенің жұмыстары атқарылған. Осылайша, игерілген қаражат 4,6 млрд.теңгені құрап отыр. Нысан құрылысы 2017 жылдың соңында толықтай аяқталады деп күтілуде. Іс басында жүрген басшы-мамандардың айтуынша, негізінен мұнда әрбір учаскедегі жұмыстың сапасына, адамдардың жауапкершілігіне баса назар аударылады. Сенімді әрі қауіпсіз болуы үшін құрылыс-монтаж жұмыстарына да жоғары сапалы әрі қандай сынаққа да төзімді материалдар пайдаланылады. Мұны мұқият тыңдаған облыс әкімі құрылысшылардың қалай дегенде де асығыстыққа салынбай, ешқандай ағаттық жібермей, тапсырылған істі тиянақты атқарып шығатындықтарына сенімділігін білдірді.
Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы күні ұзағына Жайықтың бойын жағалай орналасқан ауылдардағы еселенген еңбектің, мәнді де сәнді тұрмыстың куәсі болды. Сондай-ақ, ауылдың өзекті мәселелерімен де қанықты. Ал, бүгін аймақ басшысы бастаған топ Жайық өзенінің оң жақ бетіндегі ауылдар — Береке, Алмалы, Талдыкөл, Бейбарыс, Сарайшық, Жалғансай мен аудан орталығында болады және аудан активін өткізеді деп жоспарлануда. (Облыс басшысының сапары жөнінде толық ақпаратты газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).
Дәулетқали АРУЕВ, Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген: Айнұр САТАЕВА Махамбет ауданы.