
ЖАЙЫҚ ТАРЛАНДАРЫ КІМДЕР? (+ФОТОРЕПОРТАЖ)
Atr.kz/18 наурыз, 2019 жыл. Жастарымыздың сүйікті демалыс орнына айналған «Ретро парк» саябағында Көрісу мерекесіне орай «Жайық тарландары» атауымен ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті.

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.




Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған жарыста биылғы жылы 18-29 жас аралығындағы өрендер қазақша күрес, бұқа тартыс, кір тасын көтеру тәрізді спорт түрлерінен өзара бәсекеге түсті. Күннің суықтығына қарамастан шараны тамашалауға молынан жиналған көрермен сонымен бірге Астана қаласының қолөнер шеберлерінің ұсынған жәрмеңкесі мен сурет көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, көпшілік алдына облысымызға белгілі бірқатар өнерпаздар шығып, өз өнерлерін ортаға салды.
Жігері жалындаған жастар алдымен 24 келі салмағы бар кір тасын көтеруден сайысқа түсіп, білегіндегі бұла күшіне сенген 23 қатысушы арасынан Бақтыбек Бектемісовке тең келер ешкім болмады. Ол зіл қара темірді өз басынан 76 рет асыра көтеріп қатысушылардың алды болды. Ал, кір тасын 64 мәрте көтерген Ерсейіт Біралин екінші атанса, үшінші орын Нұркен Сәрсембайұлына берілді (59 рет).







Одан соң, боз кілем үстінде қазақша күрестен бақ сынайтын 16 палуан жеребе суырып қарсыластарын анықтады. Жиналған жұртшылықтың делебесін қоздырған бұл тартысқа толы белдесулерде Дулат Бәгеновтің жұлдызы жоғары болды. Ол ақтық сында Абылай Амандықпен күресуі керек еді. Алайда жартылай финалдық сайыста жарақат алған қарсыласы белдесуден бас тартты. Үшінші орын үшін болған бәсекеде Айбек Ахметов пен Наурызбек Майлашев күресіп, ұпай саны бойынша Айбек жеңімпаз деп танылды.



Қызықты өткен «Бұқа тартыс» сайысына 19 жігіт қатысып, бұл сында Мейірбек Қашеновтің мерейі үстем болды. Ол ақтық күш сынасуда Жасұлан Елемесовтен сәл басымдау болды. Ал, үшінші орын Әбдірахман Аменовқа бұйырды.









Жарыс соңында Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Серік Қадыров барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен медальдар, қаржылай сыйлық сертификаттарын табыстады.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ.
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.



