ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ МЕРЕКЕСІ

«Дүниежүзілік саяси картаға көз жүгіртсек, тұңғыш басшылары дамудың өзіндік сара жолын қалыптастырып берген елдер мықты мемлекетке айналып отыр. Мәселен, АҚШ-тың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтон әлемнің төрт бұрышынан ағылған, тілі бөлек, түрі бөлек, діні бөлек, ділі бөлек, бір-бірінен бөлінуге, алауыз болып алысуға сұранып тұрған құрама ұлттарды әлемдік держава деңгейіне жеткізер жолға салып берді» деген облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да аз уақыт ішінде Қазақстанды дүниежүзілік қауымдастық мойындаған мемлекетке айналдырғанын атап өтті. «Мемлекетіміз әлемнің 140-тан астам елімен дипломатиялық, одан да көп елімен экономикалық байланыс орнатты. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық, Еуропа ұйымы декларациясының қабылдануы, әлемдік тәртіпті жетілдірудегі «G-Global» бастамасы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаттағы орнының тым жоғарыда екендігін айқындап берді» деген облыс басшысы Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік саладағы табысты жетістіктеріне тоқталды.

«Бұрындары Қазақстанның халқын көрші ұлттың атымен атап, КСРО-ның түсімен түстейтін. Қазір әлемнің қай еліне барсақ та, Қазақстан деген ел бар екендігін, қазақ деген ұлт бар екендігін танып білді. Азаматтарымыз қалаған еліне саяхаттап, әлемді аралап жүр», –  деп атап өтті облыс басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, тәуелсіздік жылдары Атырау облысы да үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде өңірімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 1,4 трлн. теңгеге бағаланған 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.«Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету – ортақ мүддеміз» деді облыс басшысы.

Одан әрі облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына зор үлесін қосқан бір топ азаматта екінші дәрежелі «Даңқ» ордені, «Парасат» ордені екінші дәрежелі «Достық» ордені, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Бірлік алтын медалін» және Құрмет грамотасын табыстады. Марапатталғандардың ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер мен мәдениет саласының қызметкерлері болды. Сондай-ақ, бірнеше мемлекеттік қызметкерге және мәслихат депутаттарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Мерекелік салтанат одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз