Жайсыз отбасылар үшін арнайы жоба жүзеге асады
Қазақстанда жайсыз отбасылардан шыққан балаларды қолдауға бағытталған «Әлеуметтік патронат» жобасы іске қосылады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалар құқығын қорғау бойынша комитет төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан Атырауда өткен Білім беру саласындағы қауіпсіз ортаны қалыптастыру тақырыбындағы тамыз кеңесінде айтты.
«Өкінішке қарай, ата-аналардың едәуір бөлігі, ең алдымен, өмір сүру, қаржы табу мәселесімен шұғылданып, балаларымен қарым-қатынас жасауға жеткілікті уақыт бөлмейді. Мамандар отбасылардағы қолайсыз психологиялық климатқа, қарым-қатынастың тұрақсыздығына, отбасылық мақсаттардың бағдарсыздығына алаңдаушылық танытуда. Осының әсерінен тұрмысы қолайсыз отбасылар пайда болады. Бүгінде Ішкі істер органдарының есебінде 6 мыңға жуық осындай жанұя тұр. Сол себепті биыл тұрмысы қолайсыз отбасылардан шыққан балаларды әлеуметтік қызметтермен жан-жақты сүйемелдеу үшін «Әлеуметтік патронат» жобасы енгізіледі», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалар құқығын қорғау бойынша комитет төрағасының орынбасары Батырхан Жолдас.
Сонымен қатар ол жаңа оқу жылынан бастап әрбір жалпы орта білім беру ұйымының базасында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмыс бастайтынын айтты. Орталықтың қызметі – ата-аналарға балалармен қарым-қатынастың озық үлгілерін үйрету арқылы балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын және психологиялық саламаттығын қамтамасыз ету болмақ.
Нұргүл Насыр