«Жайлы мектеп» құрылысы неге мардымсыз?
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Атырау қаласы, «Жұлдыз-2» шағынауданында «Samruk-Kazynа Construction» АҚ-ның «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа мектеп құрылысының барысымен танысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Былтыр тапсырылуға тиісті нысан құрылысы мердігер компаниялардың салғырттығынан әлі күнге аяқталмаған.
«Samruk-Kazynа Construction» АҚ өкілдері құрылыс барысында кедергі келтірген бірнеше себептерді атап өтті.
– Тапсырыс берушілер мен мердігерлер барлық проблемалық мәселелерді тез арада шешіп, жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауы керек деп есептеймін. Атырау қаласына бұл мектептер қажет. Жұма күні Құлсары қаласындағы мектеп құрылысының барысын көруді жоспарлап отырмын, — деді Д.Тұрғанов.
Айта кету керек, бүгінде жайлы 3 мектеп тапсырылып, 6-ының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өз тілшіміз