Жарнама
Жаңалықтар

Облыс әкімінің кубогі «Боранқұлға» бұйырды

Атырау қаласында Көңілді тапқырлар қозғалысы аясында «Атырау облысы әкімінің кубогі» республикалық «Жайдарман» фестивалі өтті. Кеш бойы күлкі мен шаттыққа бөленген көрермендер Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ең үздік командалардың өнеріне тәнті болды.

Аталған кубок бәсекесіне он команда қатысып, әзілмен көмкерілген өзекті мәселелерді көтерді. Қатысушылар қатарында республикалық жоғары лиганың чемпионы атанған «Боранқұл», «Индер», «Не хабар», «Энерго», және «Европолис» секілді тәжірибелі командалар бар. Іс-шараның өтуіне облыстық ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетіп, көрермендерге қуаныш сыйлауға үлес қосты. Бұл фестивальде әр топ туған жерінің тілегі мен тыныс-тіршілігін, маңызды мәселелерін әзіл арқылы жеткізіп, шынайы достықтың үлгісін көрсетті.

Фестивальде Маңғыстау облысының «Боранқұл» құрамасы бірінші орынды жеңіп алды. Бұл команда 2020 жылы республикалық Жоғары лиганың чемпионы атанған болатын. Команда капитаны Нұрбол Сағидуллин үшін бұл жеңістің маңызы ерекше болды: «Мен жайдарманға алғаш қадамды Атырау қаласында бастағанмын. Өзің туған сахнада жеңіске жету арманым еді, міне, бүгін сол арман орындалды», – деп, өз қуанышымен бөлісті.

Алматыдан келген «Энерго» командасы екінші орынды иеленсе, Батыс Қазақстанның «Европолис» құрамасы үшінші орынды еншіледі. Жеңімпаз командалаоға ақшалар сертификаттар табыс етілді.

Іс-шара барысында Энерго мен Эверест топтарының ойыншысы Бақытжан Қахар Атырау халқының Жайдарманды сағынып, қуана қарсы алғанын ерекше атап өтті: «Батыс өңірінде алғаш рет өнер көрсетіп тұрмыз. Жайдарманның тек ойын ғана емес, шынайы достық алаңы екенін көрсету үшін осында келдік. Атыраулық көрермен бізді өте жылы қарсы алды», — деді ол.

Фестиваль кешіне жиналған көрермендер қазақы қалжыңға, ұтымды ой мен тапқыр әзілге қанықты. Әзіл-қалжыңмен астарлап айтылған маңызды тақырыптар көрерменнің жүрегіне жол тауып, әзіл мерекесі шынайы достықтың, бірліктің, ұлттық мәдениеттің салтанат құрған алаңы болды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button