Жаңғыруға жетелейтін жол
Тамара АМАН-ТУРЛИНА, облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы: Тәуелсіздік алғаннан бері Елбасының көптеген бастамалары сәтті жүзеге асып, елімізде қаншама оң өзгерістер болды. Егемен ел ретінде іргемізді бекітіп, шекарамызды шегендеп, халқымызды төрткүл дүниеге танытып, шаңырағымызды биікке көтерген, ынтымағы жарасқан,саяси тұрақтылық пен қоғамдық бірлікті қалыптастырған тілегі де, жүрегі де бір ұлттардың сәулетті де дәулетті Отанына айналдық.
Еліміздің тарихына көз жүгіртсек, ХХ ғасырда қазақ тілі латын алфавитінің негізінде жасалған жазу үлгісін қолданды. Менің әкем, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз Өтеген Баймұхановтың да көптеген қолжазбалары латынша жазылған. Ол кейбір құжат-тарға қол қойғанда да латын қарпін пайдаланатын.
Енді міне, бүгін асыл даналарымыз қалдырған жәдігерлерді жаңаша оқып, өзімізге қайтаруға зор мүмкіндік туғалы тұр. Мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген мәдени, ғылыми мұраларымыз латын әліпбиінде жазылғаны да мәлім. Зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың латын тілінде жазылған еңбектері оқылмай, игерілмей жатқаны ешкімге де жасырын емес. Ал, егер латынға көшсек, даналарымыздың бай мұраларымен, інжу-маржандарымызбен кеңінен танысуға, зерт- теуге даңғыл жол ашылар еді.
Қазақстанда латын алфавитіне көшу мәселесі тәуелсіздік жылдарынан бастау алады. Еліміз үшін қиын кезеңде ғалымдарымызға «тіл мәселесін асықпай, халықпен кеңесіп шешерміз, оның да өз уақыты келер» деп, Президентіміз экономикалық реформаны қолға ал-ғанына тарих куә.
Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және Қазақстан халқы Ассамблеясының ХII сессиясында бұл мәселеге қайта оралып, ғалымдардың, филологтардың келтірген дәлелдері мен дәйектеріне қолдау білдірді. Ал, 2012 жылы «Қазақстан-2050» стратегиясында латын әліпбиіне көшу жаңғырудың басты тетігі екенін айтып, осыған байла-нысты Үкіметке тапсырмалар берді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында 2025 жылдан бастап жазуды латын графикасына ауыстыру бойынша жұмысқа кірісуді тапсырып, «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, өскелең ұрпақтың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын.
Латын алфавитіне көшу – еліміздін алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта жан-жақты дамуымызға үлкен септігін тигізіп, жеңісі мен жемісін әкелері сөзсіз. Бүгін әлемдік медицина, фармация салаларының атаулары, көліктердің нөмір-лері түгелдей латын графикасымен берілсе, халықаралық спорт жарыстары мен олимпиадалық ойындар, спортшылардың есімдері мен ойын нәтижелері де латын графикасында екендігін көріп отырмыз.
Әліпби ауыстыру – өз тілімізді түлетіп қоғам сұранысына сай ету, тілдің қолдану аясын кеңейту, арттыру, осы заманғы ғылыми-техникалық процеске икемді тіл ету. Сондықтан, ана тілімізді әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосатын жақсылыққа үн қосып, қолдау білдіру – біздің еншімізде.
Бұл – әдеби, рухани дүние-мізді қайта түлетуге, рухани жаңғыруға бастайтын жол. Бас-ты мақсат – ұлтымыздың дамуын және рухын көтеру. Осынау игі бастамамыз Мәңгілік елдің өшпейтін, өлмейтін тілінің іргетасын бекітуге бастайтын құтты жол болсын!