ЖАҢАША КӨЗҚАРАСТАҒЫ «ЖАЙЫҚ-САРАЙШЫҚ»

Жаңалықтар

 

Бұл экспедицияның құрамына Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығы, Ресей Федерациясы Ғылым Академиясы дала институты, Астрахан мемлекеттік университеті мен Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының (Мәскеу қаласы) ғалым-мамандары енген. Экспедицияның мақсаты – Батыс Қазақстан және Атырау облысы аумағы арқылы өтетін Жайық өзені бойында болған ортағасырлық қалалардың орнын іздеп тауып, зерттеу.

 Жобаны қаржыландыру Орал және Атырау қалалары әкімдіктеріне жүктелген. Және бір мәлім болғаны, Атырау бағытына қарайғы сапарында жорықшылар біздің облысымыздың аумағындағы Сарайшық және облыс орталығына таяу орналасқан Ақтөбе-Лаэти қалаларының орнына аялдаса, кері бағыттағы жолда олар Батыс Қазақстан облысының аумағындағы Чапай-Жаңақала-Қазталовка-Жалпақтал (қазіргі Қарасу)-Жайық-Орал маршруттарымен жүрмекші. Бұл сапарда оралдықтардың жанына Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова жетекшілік ететін атыраулық ғалым-зерттеушілер тобы ермекші.

Мұның бәрі баспасөз мәслихатының барысында баяндалып, хабарланды. Батысқазақстандықтарды бастап келген Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Қадырғалиұлы, осындағы тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, Ресей Ғылым Академиясы Орал бөлімшесі дала институтының директоры, академик Александр Чибилев және басқалары бұларды егжей-тегжейлі,  тарқата әңгімеледі. Экспедицияның өзге де мүшелері әңгімеге араласып,  тұтастай алғанда, «Жайық-Сарайшық» ғылыми экспедициясының ең басты мақсаты ортағасырлық шаһарлар тарихын тереңдей зерттей отырып, рухани, ұлттық құндылықтарымызды көптің ортақ қазынасына айналдыруға атсалысу екендігін тағы бір мәрте пысықтай түсті.

Соңынан олар журналистер тарапынан туындаған сауалдарға салиқалы жауаптар қайтарды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған